АЛОЭ ТҰНБАСЫН ІШКЕМ. АДАМ ҚАҚҚАН МАСАҢ ӘЙЕЛ ПОЛИЦИЯҒА ОСЫЛАЙ АҚТАЛДЫ

Уақыты: 12.12.2021
Оқылды: 2051
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Талғар ауданында жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен жаяу жүргіншіні қағып кеткен 58 жастағы әйел адам ұсталды. Жаяу жүргінші жасы 70-тен асқар қария еді. Ол оқиға орнында көз жұмған.

"Кешкі сағат 20.30 шамасында "Mitsubishi" маркалы автокөлігін тізгіндеген жүргізуші "Тұздыбастау - Белбұлақ" автожолымен шығыс бағытта қозғалып келе жатып, белгіленбеген жерден жолды кесіп өтпек болған 74 жастағы жүргіншіні қағып кеткен. Егде жастағы зардап шегуші оқиға орнында есін жимастан қаза тапты. Сараптама 58 жастағы әйелдің масаң күйде екенін көрсетті. Өзінің айтуынша, ол ішімдік ішпеген, тек ауырып жүргендіктен халық медицинасынан алоэ мен спирттен жасалған тұнбаны пайдаланған. Азаматша өкінішін білдіре отырып, тұнбаның мұндай жағдайға әкеліп соғатынын білмегенін жеткізді. Алайда бұл әйелді жауапкершіліктен босатпайды. Қазіргі таңда іс бойынша қажетті сараптамалар тағайындалып, автокөлік сот шешіміне дейін арнайы тұраққа қойылды", - делінген полиция хабарламасында.

Сараптамалық қорытындылар алынғаннан кейін бұлтартпау шарасын таңдау туралы мәселе шешілетін болады. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 3-бөлігі («Абайсызда адам өліміне әкеп соққан көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы») негізінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде, полицейлер азаматтарды жолдағы жауапкершілікті күшейтіп, масаң күйде, құрамында спирті бар медициналық өнімді пайдалану кезінде рөлге отырмауға шақырады. Ескерте кетейік, білместігіңіз сізді жауапкершіліктен босатпайды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"