"ҚАЗАҚ ҰЛТЫНЫҢ САНЫН КӨБЕЙТЕЙІК": ОРЫС КЕЛІННІҢ АҚ ТІЛЕГІ

Уақыты: 01.05.2020
Оқылды: 1699
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Тағдыр табыстырып, тарих тоғыстырған өзге ұлт өкілдері ырысы тасып, ынтымағы жарасқан елімізде бейбіт те берекелі ғұмыр кешуде. Ағайын-туыс, көрші-қолаң, тіпті, құдандалы болып жатқандар да баршылық. Соның бірі – қазақтың қара домалақ баласына тұрмысқа шығып, Ыбырай әулетінің ырысын арттырып, инабатты келіні атанған орыс ұлтының қызы Найна Баженова.

Найна Кербұлақ ауданының Талдыбұлақ ауылында 2000 жылы дүниеге келіпті. Бала күнінен өте зерек, алғыр болып өскен бойжеткен мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене қатысыпты. Волейбол ойнағанды жаны сүйетін Найна Николайқызы өмірлік серігі Дидар Асылханұлымен сол ойынның үстінде танысады. Таныстық соңы ұлы сезімге ұласып, екі жас шаңырақ көтереді.

– Отбасы – шағын мемлекет. Отау құрғанымызға үш жыл болды. Қазақы отбасыға келін болып түскеніме қуанамын. Ата-енем де жақсы кісілер. Білмегенімнің барлығын енем ақылмен үйретіп келеді. Отбасында қазақтың салт-дәстүрін берік ұстануға барынша тырысамын. Бұл, ең бірінші, жұбайыма және оның туған-туысына деген сыйластығым мен құрметімді білдіреді деп ойлаймын. Келін түскен жерін бақытты етуге міндетті. Мұны анам үнемі айтып отырады. Қазақта «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деген жақсы тәмсіл бар. Сол үшін жақсы келін атанып, отбасымның берекесін арттыруға барынша тырысып жүрмін, – дейді жас келін.

Өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шыққан Найна алғашқы уақытта біраз қиналғанын да жасырмайды. Бірақ жас та болса көргені мен көкейіне түйгені мол келіншек отбасының берекесі мен бірлігін асыратын әйел адам екенін терең түсініп, әр жайтты ақылмен салмақтау керектігін жақсы біледі.

Дидар мен Найна қызғалдақтай құлпырған кішкентай ханшайымды тәрбиелеп отыр. Найнаның айтуынша, отбасында барлығы қазақ тілінде сөйлейді. Қызының тілі де қазақ тілінде шыққан. Бізді қуантқаны да осы болды.

– Жұбайым екеуміз де спортпен айналысқанды жақсы көреміз. Қазіргі таңда адамды жігерлендіретін түрлі кітапты оқып жүрмін. Болашақта өз қолымыздан баспана салып, көпке үлгі болатындай отбасы болсақ деп армандаймыз. Ағылшын тілін үйренуді де қолға алдық. Біз жас отбасы болғандықтан заман көшінен қалмауымыз керек. Осы тұрғыда бізді қолдайтын, ақыл-кеңесін айтып, түзу жол көрсететін жақындарымыздың барына қуанамын. Ең бастысы – еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Ал біз, келіндер, қазақ ұлтының санын көбейтіп, шаңырақта береке орнатып, елдің амандығын тілеуден шаршамайық дегім келеді, – дейді қазақтың инабатты келіні.

Иә, келінге артылған міндет пен жауапкершілік жүгі ауыр. Оны сезіне білген нәзік жан ғана шаңырақтың шаттығын еселей алады. Қазақтың қара шаңырағының берекесін арттырып, қуанышын еселеп отырған кейіпкерімізге бақыт тілейміз.

Еңлік БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Алматы облысы