"АДАМ ҚАҚҚАН": ПРОКУРАТУРАНЫҢ КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІНЕ ҚАТЫСТЫ ІС ӘДІЛ ШЕШІЛЕ МЕ?

Уақыты: 03.09.2020
Оқылды: 1098
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қапшағайдағы жаяулар өтпесінде қалалық прокуратураның қызметкері 23 жастағы жігітті қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Бұл оқиға осыдан екі ай бұрын, дәлірек айтсақ, 6 шілде күні түнгі сағат 1-лер шамасында болған. Толыққанды ақпарат Tengrinews.kz сайтына шықты.

Прокуратура қызметкері қағып өлтірген 23 жастағы Владимир Власовтың отбасы енді кінәлі адам жазадан құтылып кетеді деп қорқып отыр.

Айыптау актісінде жүргізуші сақтандыру полисі негізінде Skoda Superb автокөлігін басқара отырып, жаяу жүргіншілер өтпесі маңында жылдамдығын төмендетпей, жол ережелеріне сәйкес жолдан өтіп бара жатқан адамды қағып кеткені көрсетілген. Апат салдарынан көптеген жарақат алған жігіт алты сағаттан кейін ауруханада қайтыс болған.

Жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен, бірақ бұл іс қоғамда қызу талқыланған, себебі, жол-көлік оқиғасының видеосы жарияланған.

- Сот отырысы басталғанға дейін біз іс материалдарымен танысқан кезде соқтығысу кезінде жылдамдыққа сараптама жүргізілмегенін білдік, дегенмен, біз сараптама жүргізу керек деп айттық. Істе апатқа кінәлі адамның сөзі ғана бар, ол сағатына 50 шақырым жылдамдықпен жүрдім дейді. Жол апатына кінәлі адам - қалалық прокуратураның жүргізушісі. Біз сот отырыстарына қатысушы Қапшағай қаласының прокуроры айыпталушының мүддесіне жұмыс істеп, бұл процесс әділ әрі ашық болмайды деп ойлаймыз, - дейді марқұмның отбасы жалдаған адвокат Рамиль Мұхамадиев.

Оның айтуынша, жол апатына кінәлі адам дереу анықталғанына қарамастан, ол 14 шілдеде ғана қамауға алынған. Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлімі ("Абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет") бойынша ашылды.

- Бізге оның 8 шілдеден 14-іне дейін ауруханада жатқаны айтылды. Бірақ 6-8 шілде аралығында ол ауруханада болмады ғой. Қамауға кеш алынғандықтан, наркологиялық сараптама жүргізілмеген. Айыпталушының туыстары марқұмның отбасымен татуласуға тырысып жатыр, бірақ олар мұны өте дөрекі түрде жасайды. "Міне, 1,5 миллионды алыңдар да, мұның бәрін доғарыңдар". Олар марқұмның ағасына өте жағымсыз нәрселер жазады, - дейді адвокат.

Қаза тапқан жігіттің анасы қазақстандықтарға бейнеүндеу жариялаған. Оның айтуынша, жол апатанына кінәлі адам жазадан құтылып кетуі мүмкін. "Барлық құқығымыз бұзылды, тергеу кезінде барлық өтінішіміз еленбейді, сотта судья бізге істі қараудың жеңілдетілген процедурасы бар - бар-жоғы 10 күн екенін айтады", - дейді видеода Елена Власова.

Алматы облысы прокуратурасының баспасөз қызметіндегілер бұл істің облыстық прокурордың бақылауында екенін мәлімдеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"