ТАЛДЫҚОРҒАНҒА ГАЗ ТАРТЫЛДЫ, БІРАҚ ШЕШІЛМЕГЕН МӘСЕЛЕ ШАШ ЕТЕКТЕН

Уақыты: 02.12.2020
Оқылды: 1069
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Талдықорғанда табиғи газ құбырлары бірінен соң бірі қатып жатыр. Салдарынан халық тәуліктеп жылусыз, көгілдір отынсыз отыр.

Тіпті, тұрғындар шәугімге су қайнатып, құбырларды өздігінше жылытып әлек. Қазір Талдықорғанда көгілдір отын шығатын жерден қатты қысыммен су атқылап жатыр. Кемінде 500 мың теңгеге жуық қаражат беріп, газ орнатқан тұрғындар енді өмірлері үшін үрейленіп отыр.

- Кез келген уақытта қатып қалады. Күн жылыда да, күн суықта да. Қай уақытта қатып қалатынын өзің білмейсің. Шақырсаң келмейді. Звондасаң, аға, ыстық су құйыңыз дейді, сосын ыстық су құясың. Бір ай болды қостыртқаныма, ал қыстай қанша қақсап шығамын, бір Құдай біледі, - дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Айтақын Бұлғақов.

Көгілдір отынды беріп отырған «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамының Жетісу өңдірістік филиалы газдардың қатып жатқанын растады. Бірақ бұл компания біз құбырға емес, газға ғана жауаптымыз дейді. Ал соңғы қосылған абонименттер арасында газ құбырының қатуы сынды шағымдар көбейді деп отыр. «400-ге дейін қоңырау түседі. Көбіне Еркін және Өтенай жақтан. Мердігерлердің үйге қосқан құбырлары өте нашар», - дейді "ҚазТрансГазАймақ" акционерлік қоғамының Жетісу өндірістік филиалының директоры Равиль Исмаилов.

Ал Алматы облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы жіберілген кемшіліктерге қандай мердігер жауапты екені анықталып, тиісті шара қолданылатынын айтты.

- Нақты Талдықорған қаласын газдандыруға біз жоба бойынша 19,4 млрд.теңге қаражат жұмсадық. Мемлекеттен, бюджеттен. Іске қосу кешенінде 22 мердігер бар. 2016 жылдан бері бірталай мердігер болды, солардың бәріне дайындап жатырмыз. Тиісті шараларды қолданамыз, - деді Алматы облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Дамир Дәулетханұлы.

"ҚАЗАҚПАРАТ"