ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНДА СУ ЖАҢА МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨЛІКТЕР ТАБЫС ЕТІЛДІ

Уақыты: 16.11.2022
Оқылды: 920
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қонаев қалалық ауруханасында аймақтағы бірқатар медициналық мекемеге санитарлық «Жедел жәрдем» көліктері табысталды. Салтанатты рәсімге Алматы облысының әкімі Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ қатысты.

Шарада Марат Елеусізұлы сөз сөйлеп, медицина саласы қызметкерлерін құттықтады. «Басты мақсат – халықтың медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру. Ел денсаулығын жақсарту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Сондықтан, ол алдыңғы қатардағы мәселе. Сонымен бірге, ел дамуына, экономикасына, әсіресе, әлеуметтік жағдайына ерекше ықпал етеді. Жергілікті бюджет есебінен «Hyundai H-350» және «JAC Sunray» маркалы 35 санитарлық «Жедел жәрдем» көлігі сатып алынды. Жаңа көліктер қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіліп, заман талабына сай шұғыл әрі сапалы қызмет көрсетуге дайын», – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі жаңа көліктердің медицина қызметкерлерінің жұмысына оң септігін тигізетінін, мұндай игілікті шаралардың алдағы уақытта да жалғасатынын, сала мамандарына барынша жағдай жасалатынын жеткізді.

Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбековтің айтуынша, аймақта 142 бригада медициналық көмек көрсетеді. Десе де, санитарлық автокөлік паркін толықтыру есебінен жедел және шұғыл медициналық жәрдем көрсететін бригаданы 8-ге, ал ауылдық елді мекендердегі медициналық мекемелердің қашықта орналасқанын ескере отырып, олардың санын 150-ге дейін жеткізу жоспарлануда. Бұл автопаркті жаңартуға және толықтыруға жол ашады.

Шара барысында «Жедел жәрдем» көліктері Қонаев қаласы мен Жамбыл, Балқаш, Кеген, Райымбек, Ұйғыр, Қарасай және Іле, Еңбекшіқазақ, Талғар аудандарына берілді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Қонаев қаласы,

Алматы облысы

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ