Жаныс саудың – тәні сау

Уақыты: 02.03.2024
Оқылды: 8296
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ
 «Ауру – астан, дау – қарындастан» деген қазақ даналығы әліге құнын жойған жоқ. Осы мәтелге бола асынан тиыла қоймаса да, оның астарын ұғып, салауатты өмір салтын ұстана білген қазақ көп. Қымызын қырық ауруға ем деп қасиетті сусынға теліп, шұбатын құнарлы дәм деп құныға тартқан қазақтың бүгінгі қаптаған аурудан басы аулақ та, бауыры бүтін болыпты.  Ол ол ма, «Сиыр еті таң ағарып атқанша, қойдың еті ертеңгі күн батқанша, жылқы еті төсек салып жатқанша», – деген  сөзді де қазекеңнен асырып айтқан ел жоқ. Демек, қазақтың қазақы емі көшпелі дала ғұрпы мен салмағы саф алтындай салтында жатса керек.

Бала кезде балағы көк сауыт мұзға, өңірі ақ қырау аязбен көмкерілмеген ауыл тентегі болушы ма еді? Құдай біледі, сол «боқмұрындардың» көбі тұмау дейтін айтарға аты жеңіл, тұрғызбасқа салмағы ауыр сырқаттан тұмақтай ұшатын. Оны әке-шешеміз, «суық тиді!» деп ашуына аяушылық сезімін араластырып бір айтса, «осы баланың өңіріне тас қадап қоялық дегем, әне, енді «көз тиді» деп екіге жарылған ойды екі түйетін. Осы бір ортақ сезімді, ортақ кезеңді бастан кешкен, оқырман сізге оның емін айтып жатудың өзі артық емес пе?! Бәрі де көңілде сайрап тұр. Қойдың майы десең-ақ, бар қазаққа ортақ рецепт өзді-өзінен жамырап сала берсе тиісті.

Ал көбіне көңілді күпті етіп, тәнге нық бекіп алатын, күндеп емес, апталап «қусаң» шықпайтын, әлгіндей емге әлсіреген әлпет те танытпайтын күрделі аурулар ше? Міне, әңгіме осыған сайғанда қазақы емнің қауқары байқалып, қасиетті тұсы санамалап, саралап айтуға жетелейді бізді. Мәселен, баба жұрттан бүгінге мағлұм болған «жалбызды жерде жан қалады» деген сөзді алайықшы, бұл ретте «ол рас» деп ойындағысын үстеп айтатын қазақтың қатары еш сиремесі анық. Асқазан ауырса да, жүрек айнып, өт жолы нашарласа да,  тіпті басы ауырып, балтыры сыздаса да осы жалбыздың иіп берген құдіреті дерттен, сырқат-күйіктерден айықтырады ғой, шіркін!

Бас демекші, осы бастың ауыруы көбіне асқазандағы сіңбеген тамақ қалдықтары әсерінен болатынын қазақ білген. Сосын да қымыз сіміріп, жалбыз ішкен. Сөйтсе тағы дел-сал еткен бастың «дерті» демде айыққан. (Әрине, сақинасы ұстаған қазаққа бұл емнің қатысы аз-ақ). Бүгінгі асқазан мен бас ауруды жазатын дәрілердің  құрамында жалбыздың көптеп қолданылатыны, әне, содан.

Жалбыздың тағы бір қасиеті бар. Тіптен, аттай қалап айтуға тұратын. Ол үшін мына бір әңгімені тыңдауға тура келеді. Бұрын бір кедейдің жалғыз ұлы кешкі астан соң кенет сырқаттанып, көз жұмады. Күліп-ойнап отырып, атаусыз аурудан көз жұмған баланың қазасына қабырғасы қайысқан әке қайғыра-қайғыра оның неден кеткенін білгісі келеді. Сөйтеді де емші алдырып, баланың ішкі құрылысын ашып қарауға рұқсат береді. Емші ішек жолынан бір түйір ақ тас тәрізді затты алып шығып, әкесіне ұстатады. Ол оның не зат екенін біле алмаған соң жанына тағып жүретін пышағының сабына тағып алады. Күндердің күнінде қоңсыларымен бірге ат тағалап жатқан әлгі қария мінісінің аяғын жонған пышақты бастау басына тастай салып, өз әбігерімен қылқұйрығын тағалай береді.

Міне, ғажап дерсіз, жалбыз арасына барып түскен сол пышаққа тағылған қатты түйіршік бұл сәтте еріп сала берген деседі. Сөйтсе, әлгі бала ешкінің етін (майын) жеп отырып  артынан бастаудан әкелген мұздай суды сіміргені, содан барып оның қатып қалғаны анықталады. Қазақтың жайлымдық тәртібі бойынша ешкі малының көбіне күзге ауа орта жайлауда (шөптің гүлі бітіп, сонысы қайтар шақта – Қ.Қ.) желінетінін ескерсек, суық сумен байланған майдың таудың бой тоңазытар салқын күнде ери қоймауы да заңды болса керек. Әйтеуір, осы жайдың аңыз емес, ақиқатқа саятын әңгіме екеніне үлкендер иландырудай иландыратын бізді. Содан бастап «жалбызды жерде жан қалады» деген мақал шыққан дейді.
Бұл әңгіме, бәлки, басқа нұсқада да айтылар. Кенішке айналған ел ішінде олай болуы да заңдылық-ты. Ал ең бастысы сол – оның емдік қасиетінің ел аузында ерекше сипатталуы еді. Әрине, бұл ретте жалбыз төңірегіндегі жалғыз сүрлеумен-ақ бір мақаланың қаңқасын түзіп, буынын бекітіп тастауға болар ма еді, кім біліпті. Алайда, қазақтың даладан жұққан даналығы, даралығы мұнымен бітсе, қанеки?

Мәселен, бір түлік төңірегіне топталған емшілік өнеріне аз-кем аял етіп көрелікші. Жылқы етінің әсіресе оның қазысының ер адам үшін, омыртқасы омырылғандай «белсіздікке» душар болған жан үшін пайдалы екенін, сонымен қоса, бұл мақсатта қылқұйрық сусыны қымыздың да рөлі зор екенін пайымдаған да біздің қазақ. Ал Қамбарата түлігі жалының да емдік тұсы көп екенін біреу білсе, біреу білмес (мұнда «жал біту» дегендегі жылқының жал майы меңзеліп тұр – автор.). Яғни оны суықтап қақсаған тізеге тартса, тізенің ауырғанын басатын қасиеті бар. Сірә, оның осы қасиетіне орай қастерледі ме әлде тәттілігіне сүйініп айтты ма, әйтеуір, қазақ оны  «қазы-қарта, жал-жая» деп төртеулетіп, төрге оздыруды қонаққа деген құрметтің үлкені деп білген. Ол туралы да ойдан ойды оздырып, майын тамызып та тамаша дүние айтуға болады. Тек, әуелгі біздің діттеген тақырып ол болмағасын сөз тізгінін ол ауаннан ептеп іркуге тура келетіні рас.

Майды айтпақшы, айтұяқтың майының емдік қасиеті туралы да тоқталған жөн. Бұрындары сынықшылар сүйек саларда я болмаса қисық біткен сүйекті қайта шағып, түзеп салу үшін де осы сұйық затты пайдаланады. Оның қасиеті сол, сүйекке де тез сіңіп, жібіте алады. Осы қасиетін пайымдаған ата-апаларымыз жылқының іш майынан қайнатып дайындалған майды аз мөлшерде шекер қосып, балаларға нан батырып жеуге кеңес берген. Ондағы мақсат та біреу-ақ. Жілік майы секілді бұл майдың да сүйек қауып, бала бойының тез өсуіне оң әсері болатындығы.

Оны айтамыз-ау, ауырып жатқан ханды еш емші жаза алмай, төрт тараптан атыраулап келіп ем ұсынған адал жандардың басы доптай домалай берген тұста, қарапайым бір қазақтың оның идеалық ауруға ұшырағанын біліп, ордасына келетіні бар ғой. Сонда әлгі жігіт әуелі өзіне емнің ақысы үшін орданың босағасына екі жүйрік тұлпар байлауын, сосын ханның нөкерсіз қалуын, сонымен қоса, мәртебелінің жазылып кетуі үшін ем барысында қанша тәні ауырса да ешкімді шақырмауы керектігін айтпай ма? Хан оған да көнетін сонда. Сөйтіп, ханды аузына ақ ит кіріп, көк ит шыққанша боқтап, арасында таяқтай беріп, ордадан ытқи қашпай ма әлгі «емші». Хан бұдан соң тұра алмай жатқан орнынан түтігіп тұрсын делік, әлгі байбақты белден-белді қоймай асырып қусын делік. Ақыры жете алмаған, жете алмағаны айып болып па, ат үстінде дені сауыққан хан оның «емін» сонда түсініп, атының басын ірккен дейді. Сөйтіпті де, артынан жеткен нөкерлеріне әлгі жігітті тауып, мол мөлшерде сый-сияапат ұсынуын тапсырыпты.

Бұл, тегі, ат үстінде жазылған мың сан қазақтың баяны болар бағзылық қиса ма еді, оны да тарих білер. Ал оның бізге айтары біреу десек, ер қанатының ат екені, тіпті, қазақ жанының ширыққанда ширатар емі күлік жалы екенін бүгін кімнің білгісі келер?! Адам санатына әне-міне қосылған сарауыз балапанын ашамайлап атқа қонжитқан қазақтың көздегені тек батырлықтың бастапқы баспалдағын салу ғана болды дейсіз бе, ол да бар дейсіз ғой. Ал оның түпкі мәні тәні сұлу, жаны сау ұрпақ өсіру екенін «темір тұлпарға» тақымы байланған бүгінгі менің құрдастарым білер ме еді, тәйірі?!

Ол енді басқа әңгіме делік те, қазақтың емі туралы тағы бір дәйекті алға тарталық. Мысалы, қазақ даласында қасиетті шөп танылған жусан туралы да ауыз толтырып айтуға болады. Тағы сол бала күніміз еске түседі осындайда. Көктемде иісі бұрқырап, жаз айларында толық пісіп үлгеретін бұл өсімдікті қай қазақтың тезек арқалап, отын терген анасы жұлмады дейсіз. Иісін аңқытып үй ішіне іліп қойған да сол абзал жандар ғой. Сонда деймін, осынау байтақ далада үйге аңқытарға жусаннан хош иісті, жұпарлы өсімдік қалмады дейсіз бе? Оны бүгінгідей түсінікпен туған жерге деген толағай сағыныш пен оттай ыстық махаббаттың символы деп уәж айтып, соған бола үйге тасыды десеңіз, осы арада оның да қисыны аздай сезіледі бізге. Адам табанының астында жатқан топырақты, ел аспай, жұрт жаңаламай мұнша сағынып, соның үшін оның бір түп жусанына дейін құшырлана иіскейді десе, бұл қисынсыз тұжырым емес пе? (Әрине, бір түп жусанның туған топырағынан шет кеткен адамның аңсайтыны, бұл қасиеттің тағы тек қазаққа ғана тән екені рас. Өйтпей көрсін: бала жастан бойына жусан иісі сіңіп өскесін).

Сонда  неден дейсіз ғой, оны қазақ бұрын болжап, ғұмырына ем етсе, бүгінгі ғылым жаңалық етіп ашты. Яғни, жусанның, анығы оның иісінің қатерлі дейтін барлық ауруға, соның ішінде «қатерлі ісікке» ем екенін бүгін өзге жұрт та білді... 

БІЗДЕН БІР КЕҢЕС

Қазақ баласына қай жастан бастап сүттіген (бақбақ) тістеп ойнауды үйреткенін әзірге білген ешкім жоқ. Тек, бір анығы – кешегі ұрпақтың дерлігі бұл ойынды ойнаудай-ақ ойнағаны. Үкілі шөптің «үкісін» ұшыру бір ойын да, ал оны сабағын тіліп, ерінге салып бырылдата «әуенге» басу    тағы бір басқа ойын емес пе. «Бақа, бақа –бақбақ» деп әндететін сосын. Мұны неге айтамыз? Себебі, бұл да қазақтың баласын емдей жүрудегі бір амалы болыпты. Қысқасы, сүттіген – ең таза глюкоза! Оны қазірде медицина ғалымдары дәлелдеген. Бүгінде сүттігенді кептіріп қайнатып ішуді қолға алған жұрт көп. Көл-көсір пайдасынан басқа зияны жоқ. Бұл өсімдікті сіз де күнделікті тұрмыста сынап көруіңізге болады. 

P.S. Қазақы ем төңірегіндегі сөз мұнымен тамам емес-ті. Қырық ауыруға ем қымыз, сексен ауруға ем құрқылтайдың ұясы, тоқсан ауруға ем ешкінің сүті, жиырма алты ауруға ем бал, жетпістен аса ауруға шипа сарымсақ... Бұндай тізімді таусып, талқылай-талдап айту үшін, оқырман, сізге айтар өтініш те біреу-ақ. Бізбен бірге болыңыз.

Қозыбай ҚҰРМАН