Жаңа автокөліктермен толықты

Уақыты: 06.01.2024
Оқылды: 936
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп адамның аман-саулығын, саламатты өмір салтын ерекше қадірлеген. Дәрігерлер қауымы күндіз-түні уақытпен есептеспей еңбек етіп, халықтың денсаулығын сақтап қалу жолында бар күш-қуатын сарп етуде.

Ақ халатты абзал жандардың қызметіне қолдау көрсету мақсатында елімізде көптеген игілікті іс жүзеге асырылуда. Жақында ғана аудандық ауруханаға облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қолдауымен 5 бірдей жаңа «Жедел жәрдем» көлігі берілді.

Қуанышты сәтте аудан әкімі Марат Сағымбек алаңдағы сахна төріне көтеріліп, өңір тұрғындары мен медицина қызметкерлерін құттықтады. Ел игілігі үшін қызмет ететін көліктердің кілтін Көктал ауылдық ауруханасының меңгерушісі Элмира Ұшбаеваның, орталықтан шалғай шегара түбіндегі Басқұншы ауылдық округінің Алмалы ауылындағы дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Нұрай Тұрысбаеваның, Шолақай ауылдық дәрігерлік амбулаториясының өкілі Сәуле Сабырбайқызының, алыстағы Айдарлы ауылдық дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Салтанат Арынованың қолына салтанатты жағдайда тапсырды. Біреуі аудандық көпсалалы ауруханасына бұйырды. 

– Бүгін біздің аудандық аурухана «Жедел жәрдем» көліктерімен толықты. Бұл біз үшін үлкен жетістік және қуаныш. Сырқат адамға медициналық көмек көрсетуде «Жедел жәрдемнің» атқарар рөлі айрықша. Өйткені сырқаттың тез сауығып кетуі көбінесе оның алғашқы көмекті дер кезінде алуына байланысты. Алған автокөліктеріміз аудан халқының игілігіне, олардың денсаулығын қорғауға қыз-мет ете берсін. Осы орайда бізге қолдау көрсеткен облыс, аудан әкімдеріне алғысымызды білдіреміз, – деді аудандық аурухананың бас дәрігері Айдын Елікбаев.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Жаркент қаласы
Фото: https://www.instagram.com/p/C1Z9nnRigm7/