Жетісу облысында қызылшаға шалдыққан тұрғындар саны 593-ке жетті

Уақыты: 09.01.2024
Оқылды: 718
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Жетісу өңірінде қызылша ауруы бойынша тұрақтылық тенденциясы байқалады. Бұл  туралы  Үкімет  отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният атап өтті.

Бүгінде  облыста бұл сырқатқа шалдыққандар  саны 593 адам. Ауа-тамшыларымен  тарайтын жұқпалы жіті вирустың  ең  тиімді алдын алу жолы  –  ол вакцинация. Десе  де аталған дертті жұқтырған  өлке  тұрғындарының 80 пайыздан астамы бұрын қызылшаға қарсы екпе алмаған. Жетісу облысындағы инфекцияның эпидемиологиялық жағдайы туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Жетісу облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің  басшысы Чарапиев  Асхат  Сакенұлы  жеткізді. 

Жетісу облысында қызылшамен сырқаттану деңгейі әсіресе Талдықорған қаласы мен Алакөл және Панфилов аудандарында өршіп тұр. Осыған байланысты өлкедегі жұқпа деңгейін тұрақтандыру үшін бірқатар шаралар атқарылуда.

«Қосымша жаппай иммундау жұмыстары облыста 27 қарашадан бастап жүргізілуде. Атап айтсақ, 41034 адам (77,6%) қамтылды. Оның ішінде 6-10 айдағы  балалар - 3924, 2-4 жастағылар – 27893 және медициналық қызметкерлер 3577, 18 жасқа дейінгілер - 5640», - дейді Асхат Чарапиев.

Жалпы қосымша жаппай иммундау жұмыстары облыста жүргізіліп жатыр. Алайда  кейбір  тұрғындар қызылша ауруының өршіп тұрғанына қарамастан иммундаудан үзілді-кесілді бас тартуда. Баяндама соңында спикеріміз жұқпаға қарсы вакцина жайында:

«Аты аталған жұқпаға қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы комбинирленген үндістандық вакцина қолданылады. Шет елдік иммуннан қорқу еш негізсіз. Себебі ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған және Қазақстан Республикасында тіркелген. Құрамында тірі  әлсіздендірілген  вирустар  бар, қоздырғыш  ауру тудырмайтын және күшті иммунды жауап шақыратын бұндай тиімді препарат елімізде 2007 жылдан бері қолданылып келеді. Сондықтан аурудың алдын алу мақсатында екпе алуға шақырамыз», - деп сөзін қорытындылады.