Шөлмек мың күнде сынбас...

Уақыты: 02.06.2016
Оқылды: 2803
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

 Шөлмек мың күнде сынбас...

            –    Жұмыс істеуге шамам жоқ.  Жер қазып, тас қопарып жатпасам да  діңкем құриды да тұрады.  Біреу ұрып тастағандай  таңертең  төсектен әрең көтерілем.  Миым ақпарат қабылдамайды. Басым ауырып, төбем шымырлап кетеді. Кейде  шағын анықтама жазу үшін бір тәулік аздық етеді.  Мәтіннің соңына жеткенше алдыңғы сөйлемді ұмытып қалатын  күйге түстім, – деп шағымданды Айгүл қасындағы әріптесіне.  Әріптесі де дәл осындай жағдайды бастан өткеріп жүргендін айтты.  

Ағзаның мұндай  зорығуын, дәлірек айтсақ көтеремге шалдығуын   дәрігерлер  «Созылмалы шаршау» сырқаты деп атайды. Аты айтып тұрғандай, кесел ұзақ уақыт демалмай, күн мен түнді алмастырып жұмыс істегеннен және шамадан тыс артық күш жұмсағаннан туындайды. Сырқат негізінен кеңсе қызметкерлеріне тән.  Үнемі ой үстінде жүру – сананы сансыратады.  Адамды тән емес жан басқаратынын ұмытпаумыз керек.  Біз адамның өмір сүруі  тамақ пен ауаға байланысты деп ойлаймыз. Жоқ керісінше,  ас талғау мен  тыныстау  сана күшіне  бағынышты.

     Жүйке, яғни ми жасушаларының жұмысы – өмірдің қайнар бұлағы.  Жұмыстан қысқарып қалмайын деген үрей мен бастықтың  қоқан-лоқысына шексіз шыдамдылық таныту да жүйкенің күшін азайтады. Ал жүйкесі шаршаған адам еш қиындыққа, сынаққа шыдамайды.  Қазақтың: «Шөлмек мың күнде сынбайды, бір күнде сынады» деген мақалы осыған сай. Жақында ғаламторда адамзатты селт еткізер дәйек жарияланды. Онда Жапон елінің тұрғындары жұмыстан зорығып қайтыс болып жатқандығы жайлы дерек келтіріліпті.  Соған байланысты күншығыс елінде жұмыс сағатын азайту мәселесі қаралуда.  Медицина мамандары «Созылмалы шаршаудың» біздің тұрғындарға да қауіп туғызып тұрғанын айтып, дабыл қағуда.  

 Заман кеселі – адамдардың әртүрлі  қауіпті сырқатқа ерте шалдығуына да негіз болуда.  Шаршаудың салдарынан ағзада қан қысымының тұрақсыздығы жиілейді.  Қысымның күрт жоғарылап кетуінен қан тамырлары жарылып, салдарында адам инсульт алады.   Инсульт – кемтарлыққа бастайды. «Созылмалы шаршау»  нақтамасы   жастар арасында да жиі кездесуде. Оны денсаулық сақшылары телефон мен компьютерге тәуелділіктің кесірі деп тапқан. Тіпті, түнімен ұйқы көрмейтіндер де бар екен. Осының бәрі  адамның күш-қуатын сарқылтып, жанның тәнді басқара алмауына апарып соғуда. Жастар арасында өзіне-өзі қол жұмсау  аталмыш сырқаттың салдары. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, 100 мың адамға­ шаққанда әлемдегі ең көп суицидтік жағдай  бойынша бірінші орында – Латвия, екінші орында – Венгрия, үшінші орында Қазақстан. Кейбір  сайттар жастардың санасын улаумен шұғылданады. Кері қылықтарға бейімдейді. Тура жолдан тайдыратын уағыз айтып, шаршатады.

Невропатолог-дәрігер Айгүл Таугөзова жүйкенің жұқаруы ойдың салдары екенін ескертеді.  

  • Адамның тәні өте күрделі құрылғы.  Ал оны басқарушы ми. Ми – қозғаушы күш. Мысалы, қан тамырлары арқылы өкпе мен жүрекке жеткен қан бүкіл денеге, яғни жасушаларға тарайды. Ал ағзада бір мүше дұрыс жұмыс істемесе, қан құрамында жүйке күшін құрайтын элемент  аз деген сөз. Элемент  азая берсе жүйке жүйе ағзаны басқара алмай қалу қаупі туындайды. Өмір – жүйке күшіне тәуелді.  Сондықтан, миға салмақ салмау керек. Бүгінгі  қым-қуыт тірлікте адамдар жүйкеге көп  күш түсіреді.  Ісі оңалмаса, біреуге есесі кетсе жүйкені қамшылайды. Салдарынан ұйқысыздық,  тыз етпе мінез, шаптыға кетуге бейім келеді.  Өкіну,  қобалжу, өш алуға ұмтылу, ызалану, табысына көңілі толмау да миға салмақ түсіреді.  Кейбіреулер тынығудың жолы  сылқия арақ ішу деп түсінеді. Нашақорлық та көңіл сергітудің құралы болып басталып, ақыры ажал құштырып тынады.   Енді біреу қиялданғанда  өкпені темекінің көк түтініне толтырады.  Берекесіз өмір сүру мен әрнәрсеге күйгелектенудің кесірінен адам семіріп немесе қу сүйек болып арықтап кетуі мүмкін.  

Ми дұрыс тапсырма бермесе  ауқаттану да, тыныстау да бұзылады. Тіпті адамның моторы саналатын  жүректің өзі жүйкеге салмақ түссе ырғағын бұзады. Содан барып, тахикардия, стенокардия кеселі пайда болады,– дейді дәрігер.

 Мақаланың басында «Созылмалы шаршау» кеселі негізінен кеңсе қызметкерлеріне тән деп айтып едік.  Бірақ, бұл сырқат дене еңбегімен шұғылданушыларда да кездесетініне тақырыпты зерттеу барысында көз жеткіздік. Ескелді аудандық  ауруханасында  «Созылмалы шаршау» сырқатына шалдыққан Қ. деген адаммен тілдесудің сәті түсті.

  • Таксиспін. Алматы мен Талдықорғанның арасында жолаушы тасымалдаумен шұғылдандым.  Оншақты жыл демалыссыз қатынадым.  Таңертең облыс орталығынан мегаполисті бетке аламын. Түстен кейін немесе түн ортасында ол жақтан бері қарай шығамын.  Содан бір-екі сағат көз шырымын алып, қайта  автобекетке келемін. Титықтап шаршадым. Бірақ, бала-шағаны асырау керек.  Ұлымды үйлендіргенде банктен несие алғанмын. Оны төлеу керек. Ауа райының қолайсыздығына да қарамай жолға шығамыз. Апатқа  ұшырап қала жаздаған кездерім болды. Рульде ұйықтап кетпейін деп темекіні дамылсыз шеге беремін. Тоқтаған жерде  тамақты аузы-мұрнымнан шыққанша күйсеймін. Демалысым – сыра ішу. Рухани надандықтың салдарынан салмағым 100 киледен асып кетті.  Отырып-тұруым күшке айналды. Жол жүргеннен әбден қажыдым.  Бара-бара машинадан түсе салып қаша жөнелетіндей күйге түстім. Сенесіз бе, үйге бір кірсем есіктің алдында тұрған көлігімді көргім келмей қалады. Қатты шаршағанда машинама қарағым да келмейді. Бір күні таң ата жүрегім атқылақтап ала жөнелді. Кірерге тесік таппадым. Көп  уақыт өтпей тоқтаусыз құстым. Аяқ-қолым дірілдеп қоя берді. «Жедел жәрдем» көлігі келіп, жағдайымды көрген соң,  тынықпай жүре бергеннің салдарынан жүйкемнің шаршағандығын айтты. Қан қысымым 70-ке дейін түсіп кетіпті.  Ауруханада жатқаныма он шақты күн болды. Тәбетім жоқ, тілім күрмеліп қалады, – дейді еңгезердей жігіт ағасы.

Дәрігерлердің айтуынша, Қ. ұзақ уақыт емделуі қажет.  Біраз уақытқа дейін көлікке жақындамағаны дұрыс. Бірақ, тәнінің сергіп, ағзада оттегінің дұрыс тасымалдануына мүмкіншілік жасап, уақытымен ұйықтаса барлығы орнына келеді екен.  Міне, бұл бір ғана мысал. Аталмыш сырқаттың соңы жүйке ауруына, тіпті  суицидке апарып соғуы да мүмкін.  Сондықтан  әр күніңе, әр ісіңе есеп беріп, шаманы сарқа пайдаланудан сақтанған дұрыс.                       «Созылмалы шаршауды» сырқатын емдеудің жолы – тәнді дамылдату.   Жаратқан берген ырыздықты місе тұтып, тоғышарланбау. Хакім Абайдың: « Егер ісім өнсін десең ретін тап» деген сөзін жадымызға түйейік. Сабыр мазасыздықтан арылтады. Ашығу да дерттен арылудың таптырмас жолы. Тән демалса  ағзадағы кем-кетікті өзі емдеп алады.   Рух пен тәннің саулығын астастыру арқылы жүйкеге  жойқын күш беруге болады.   

Сырқаттың алдын алу жолдары:
 

.           Жұмыста әр 5 минут сайын үзіліс жасау;

  • Дене және ақыл-ой күштерін алмастыру;
  • Істегіңіз келмейтін жұмысты, сізбен салыстырғанда қолы бос әріптестеріңізбен бөлісу;
  • Өз уақытыңызды дұрыс үйлестіруді үйрену;
  • Аптасына бір рет демалыс күнін жасау;
  • Таза ауада серуендеу;
  • Уақытында ұйықтау және дұрыс тамақтану.

 

Гүлжан Тұрсын