"ДЕНСАУЛЫҚ ТІЛЕДІ": ҚЫРҒЫЗ ИМАМДАРЫ КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ ҚҰРБАН ШАЛДЫ

Уақыты: 10.03.2020
Оқылды: 1138
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Көрші қырғыз елінің астанасы - Бішкек қаласындағы Имам Сарахси мешітінің мүфтилері коронавирустың таралуын тоқтату үшін құрбандық шалды. Бұл туралы Қырғызстан мұсылмандар діни басқармасы хабарлады.

- Мүфти мұндай ғұрыпты аурудан тазару үшін өткізгенін айтты. Ол дұға оқып, халыққа денсаулық пен бірлік, мемлекетке бейбітшілік тіледі, - делінген Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының хабарламасында.

"Dalanews" сайтының хабарлауынша, аталмыш мешітте екі сиыр құрбан етіліп, оның еті мұқтаж жандарға таратылған. Құрбандық шалу рәсіміне мүфти, ақсақалдар мен жергілікті тұрғындар қатысты. Діни басқарманың хабарлауынша, мұндай ғұрып елдің басқа да өңірлерінде жасалады.

Айта кетейік, Тәжікстан астанасы Душанбеде 4 наурыздан бастап намаз оқитын орындар карантинге жабылды. Мұндай шешімге коронавирус эпидемиясы себеп болған. Ал 27 ақпаннан бастап Мекке мен Мәдина қалаларына қажылыққа бару уақытша тоқтатылды.

Әлемде COVID-19 коронавирусын жұқтырғандар саны өсіп, жүз мың адамнан асты. Бұл туралы "South China Morning Post" газеті хабарлады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"