Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

КОРОНАВИРУС: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 5 МЫҢНАН АСТАМ ДӘРІГЕР ҮСТЕМАҚЫ АЛДЫ

Уақыты: 24.10.2020
Оқылды: 769
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облыстық мәслихатының кезекті 62-нші сессиясында депутаттар алдында есеп берген аймақ басшысы Амандық Баталов 6500-ге жуық дәрігер үстемақы мен сыйақы алғанын атап өтті.

Амандық Баталовтың айтуынша, облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Коронавируспен ауырғандар санының соңғы аптадағы өсу қарқыны - 0,1 пайыз.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, індетпен күреске жергілікті бюджеттен 13 млрд.теңге бөлінді, соның 8,1 млрд.теңгесі екінші толқынына дайындыққа қарастырылған. 3 компьютерлік томограф, 18 рентген аппараты, 150 өкпені жасанды желдету аппараты және басқа да медициналық құрал-жабдық сатып алынған. Сонымен қатар демеушілер көмегімен 31 өкпені желдететін аппарат, 510 оттегі концентраторы, 22 санитарлық автокөлік, 208,3 мың жеке қорғаныс құралдары алынды. 180 "Жедел жәрдем" көлігі, 12 жылжымалы медициналық кешен сатып алынды. "Жедел жәрдем" бригадасының саны 165-тен 205-ке жеткізілді.

Облыста  қуаты тәулігіне 4,5 мың зерттеу жасауға жететін 8 зертхана бар. Оларда барлығы 207 мың ПЦР-зерттеу жасалған.

- Кадр мәселесі де шешілуде. Медицина мамандарын С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетімен бірлесіп дайындау мақсатында 274 дәрігер оқытылды. Медицина мамандарының тұрғын үй мәселелерін шешу үшін биылғы жылы 756 млн.теңгеге 127 пәтер сатып алынды, жыл соңына дейін тағы 64 маманды баспанамен қамтамасыз етеміз. Келесі жылы медицина қызметкерлері үшін Талдықорғанда 60 пәтерлі тұрғын үй салынатын болады. Сол сияқты 5362 маман 4,7 млрд.теңге сомасында үстемақы алды, 1123 қызметкерге жергілікті бюджеттен жалпы сомасы 137 млн.теңге болатын сыйақы берілді. Індеттің екінші толқынына дайындық жұмыстары ерекше бақылауда, - деді А.Баталов.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"