Тікелей байланыс

Уақыты: 11.06.2016
Оқылды: 2302
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Сырқаттанбау алдымен өзіңізге байланысты дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асқан МАРҚАБАЙҰЛЫ

Тән мен жанның амандығы алдымен адамның өмір сүру салтына байланысты.  Ағзаң арып-ашып қиналмас үшін ой  мен дене еңбегін алмастырып тұру керек.  Содан кейін зиянды әдеттерден аулақ жүрген дұрыс. Ол – темекі, ішімдік және  қосындысы белгісіз дү­дә­мал тағамдар. Деннің саулығы – кім-кімді де тол­ған­ды­рар тақырып.  Бүгінгі таңда кардиология, ми қан ай­налымының бұзылуы, онкология дертіне шал­дығу­шылар саны азаймай тұр. Халық арасында жамбас, тізе буын сырқатына шалдығушылар көп. Осыған байланысты  эн­доп­ротез отасын жасату жайы өзекті мәселеге айналған. Сырқаттанушылықтың көбею себебін ешкім дәл басып айта алмайды. Бірақ, алдын алу жолдары мен дертті меңдетпей ерте анықтау  шаралары  жандандырылуда. Кеселдің бетін  уақытында  қайтарса өршімейтіні анық.  Бүгінгі таңда денсаулық сақтаушылар  салауатты өмір салтын насихаттап, «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген тәмсілді көпшіліктің санасына сіңіру барысында жан-жақты жұмыс жасауда. Редакциямызға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асқан Байдувалиевті шақырдық. Мақсат – облыстың бас дәрігері мен оқырмандар арасына алтын көпір орнатып, тікелей тілдесуге мүмкіндік туғызу. Сұрақ пен сауал  лек-легімен түсті.  Әңгіменің  өрбу барысына мақаланы оқи отырып, қанығыңыздар.

Сызғанов атындағы ұлттық хирургия орталығында жүрегіме  аппарат қойған еді. Біраз уақыт жақсы болып жүрдім. Қазір қай­тадан денсаулығым сыр берді. Қол-аяғым ісіп кетеді. Сызғанов атын­дағы клиника мамандары кезінде  жүректі алмастыру керек екенін айтқан. Кейіннен жүрек бар, келіңіз алмастырамыз деп хабарласты. Бірақ, мен жүрегімді алмастыруға қорықтым. Аппа­раттан кейін жақсы болып кетер деп үміттендім. Енді имплантация жасату үшін кімге,  қайда бару керек?  Сызғановқа баруға шамам жоқ, ісініп тұрмын. Ентігіп жүре алмаймын. Не істесем болады?

Анар Бектемісова.

Талапты ауылы,

Көксу ауданы.

– Аудандағы кардиологқа барып, қаралу керек. Олар барлық зерттеу құжат­тарын облыстық кардиоорталыққа жібе­реді. Облыстағы дәрігерлер хал-жағдайды  қайтадан қадағалап, Сызғанов атындағы ұлттық орталығына сырқатқа көмек көр­сету жайлы өтініш жібереді. Сол бойынша медициналық көмек ала аласыз.

 

Еңбекшіқазақ ауданының Бай­ді­бек би ауылындағы орталық ауру­хананың жарақат бөлімі жа­былды.  Енді аурухана жабылады деген сыбыс бар. Сол  рас па?

– «Денсаулық»  бағдарламасы бойын­ша тұрғындардың орташа өмір сүру ұзақ­тығын 73 жасқа жеткізу үшін  сыр­қат­танушылыққа сараптама жасадық. Сонда адамдардың  мезгілінен бұрын қайтыс болуының бес себебі анықталды.  Бірінші – онкология, одан кейін инсульт, инфарк, қауіпті жарақат алу, бесіншісі – шарана кезінде  дүниеден өту. Сон­дықтан адам­дарға сапалы қызмет көр­сету қолға алы­нуда. Жабдығы жеткіліксіз, талапқа сай емес бөлімдерді жаптық.  Сіздердің  ау­ру­ха­нада жансақтау бөлімі жоқ. Жазым болып, жарақат алған адам көбінесе ауыр жағ­дайға тап болады. Оған  реани­ма­циялық көмек көрсетуге тура келеді.  Ал сіздердің ауруханада төтенше жағдайға тап болған адамға көмек көрсету мүмкін емес. Сон­дық­тан сыр­қаттанған адамды бірден аудандық ауруханаға жеткізу көзделуде.  Бәйдібек би ауылындағы жарақат бөлімінде 20 төсек болған. Сол жиырма орынның штаты орталық ауруханаға  берілді. Дәрігерлер де сол жерге жұмысқа орна­ластырылды.  Ал жарақат бөлімінің орнына күндізгі стационар ашылды. Сырқаттар ол жерге барып,  ем-домын ала алады. Жалпы республика бойынша талапқа сай емес  1000-нан аса амбу­ла­тория жабылды.  Мақсат – нәтижелі қыз­мет көрсету. Биыл күзге таман сіздердің ауылдарыңызға барамын.  Сол кезде тұрғындармен кез­десеміз. Жағдайды түсіндіріп, басқа да мә­селелерді ше­шеміз. Сіз де келіңіз. Көкейде жүрген ой­ларыңызды ортаға салыңыздар.

 

Бізде эндокринолог дәрігер жоқ. Өзіңіз білесіз қазіргі таңда  гормондық сырқаттар көбейіп кетті. Қант диабетінің зардабын шегу­шілер де жетіп-артылады. Бізге эн­докринолог дәрігер жі­беруге кө­мек­тессеңіз.

    Перизат Айбизат.

Шелек ауылы, 

Еңбекшіқазақ ауданы.

– Иә, ауылдарда эндокринолог ма­ман­дар жетіспейді. Жас маман тарту  ба­ры­сындағы жұмыс жүйелі жүргізілуде. Бірақ, 7-8 жыл оқыған дәрігер жалақысы дұрыс, әлеуметтік жағдайын жасайтын орынға барғысы келеді. Жас маманды тұрғын үймен қамту жергілікті биліктің міндеті.  Бұл туралы Жақып Нұрдәулетовке айт­қанмын. Аудан әкіміне де құлағдар еттік. Себебі,  келетін кадрдың әлеуметтік жағдайын жасау ең алдымен ауданның бас дәрігері мен әкімінің құзырындағы мәселе. Алдағы жылдары дәрігерлерді бұрынғыдай  маман жетіспей жатқан жерге жолдамамен жі­беретін болады. Сонда денсаулық сақтау саласындағы тапшылық шешіледі. Қазір де  оқу орындарына барып, жастарды жұмысқа шақыру шараларын жүргізіп жатырмыз.

 

«Қызыл жарты ай қоғамы» ха­лық­аралық федерацияға қа­был­данды. Осыған орай  меди­цинаның қызмет көрсету  белгісін неге «Жар­ты айға» ауыс­тыр­май­мыз? Мәселе айға бата жа­сай­ды. «Жаңа айда жа­рыл­қа, ескі ай­да есірке» деп туған айдан жақ­сылық күтеді.  Қыз бала­ның есімін айға байланысты қояды. Сондықтан  «Жедел жәрдем» көлі­гі­нің сыр­тындағы кресті жарты айға ауыс­тырса дұрыс болар еді.

Өмірзақ, 

Талдықорған қаласының тұрғыны.

Өмірзақ, бұл сауалды біздің облыстық бас­қарма шешпейді. Қызыл крест  бүкіл әлем бойынша қабылданған белгі. Демек,  өтінішіңіз республика деңгейіндегі мәселе. Сауалыңызды халық қалаулыларына жол­да­ғаныңыз жөн.

 

Мен екінші типті  қант диабеті сырқатымен ауырамын. Аудандық аурухана  глюкометр бермейді. Өзім сатып аламын. Тез тау­сы­ла­тын­дық­тан  15 күн сайын  алып тұруға ту­ра келеді. Оның үстіне «Протрузия дис­ка» диагнозымен бар. Үшінші дә­режелі  мүгедектік алайын десем аурухана соған сай нәтиже шығарып бермей жүр.  Осыған көмектесуіңізді сұраймын.

Ұлтуар Есімова.

Бақтыбай ауылы,

Ескелді ауданы.

– Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің  2011 жылғы 4 қараша­дағы «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде амбу­ла­ториялық деңгейде белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар халықты дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз ету үшін дә­рі­лік заттардың және медициналық мақ­сат­тағы бұйымдардың және бейімделген емдік өнімдердің тізбесін бекіту туралы» N 786 бұй­рығына сәйкес, диспансерлік есепте тұ­ратын инсулинге тәуелді қант диабеті ауыр­лығының барлық сатысы және дәре­жесімен ауыратын нау­қас­тар қандағы глюкозаны анықтау үшін тест жолақтарымен тегін қамтамасыз етіледі.

Ұлтуар, екінші сұрағыңыз бойынша,  Ескелді аудандық ауруханасына тапсырма берілді, көрсеткіш болған жағдайда мүге­дектік тобын  анықтау үшін әлеуметтік медициналық сараптама комиссиясына жол­дама береді.

 

Облыстық білім басқармасының бас­шысы Ләззат Базарқұлованың об­лыстық денсаулық сақтау бас­қар­масына келісімшарт негізінде  мұға­лімдерді медициналық тексеруден тегін өткізуге ұсыныс жасағаны жайлы естіп едік. Бірақ, аудандық аурухана білім саласы мамандарын медициналық тексеруден тегін өт­кіз­бейтіндіктерін айтуда. Бәрі ақылы дейді. Екіжақты келісімшарт жа­сал­ғаны рас па?

Жанат Мұқашев,

Сарқан аудандық кәсіподақ ұйымының  төрағасы.

Облыстық денсаулық сақтау бас­қар­масына білім басқармасынан білім беру мекемелерінің педагог қызметкерлерін жыл  сайын тегін медициналық тексеруден өткізуге ықпал жасау туралы хат түскен.

Қазақстан Республикасының  2007 жылғы 27 шілдедегі № 319-III  «Білім туралы» Заңының 48-бабы 4 тармағына сәйкес,  мек­тепке дейінгі, орта  білім беру меке­ме­лерінің қызметкерлері, техникалық және кәсіптік  білім беру бағдарламаларын іске асыратын мекемелердің қызметкерлері жыл сайын Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы «Тегін кепіл­ден­дірілген медициналық  көмек  көрсету тіз­бесін бекіту» туралы №2136 қаулысында бекітілген тізбеге сәйкес, медициналық тексеруден тегін  өтуге болады. Тегін ке­пілдендірілген медициналық  көмек  көрсету тізбесіне кірмейтін медициналық қыз­меткерлерді жұмыс беруші мекеме төлеуге міндетті.

 

Дәрігерлер науқастанған бала­ма сырқатына байланысты біраз уақыт укол салғызып тұру керектігін айтты. Әр уколдың арасы 12 сағат­тан жақын болмауы тиіс. Таңғы се­гізде уколды Талдықорған қалалық ауруханасына апарып салғызамын.  Екінші уколды кешкі сегізде салуы тиіс. Бірақ, кезекші дәрігер кешкі уколды салудан бас тартады.  «Бір жағдай болса мені кінәлі етесіңдер. Салмаймын, басқа жаққа апа­рың­дар», – дейді.  Ол неге кәсіби мін­де­тінен  қашады? Осы жағдайды түсіндіріп беріңіздерші?

Оқырманымыз аты-жөнін айтудан бас тартты.

– Сіз учаскелік дәрігердің жол­дама­сымен балаңызды  күндізгі стационарда емдете аласыз.  Сонымен қатар, барлық емхана жылжымалы кезекпен сағат таңғы 08.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс жасайды. Ауруха­наларда стационарлық ем қабылдап жатқан науқастар мен қабылдау бөлімі арқылы медициналық көмекке жүгінген адамдарға дәрігерлік көмек  көрсетілуі тиіс. Көр­сетіл­меген жағдайда басшылыққа шағым түсіріп, талап етуге құқыңыз бар. Сенім телефоны күндіз-түні жұмыс жасайды. Медицинаның 8(7282) 41-12-12 Сall  орта­лы­ғына немесе 8(7282) 39-50-74 сенім теле­фо­нына хабар­ласу­ларыңызға болады.

 

Келінім толғатып, аудандық ауруханаға түсті.  Дәрігерлер дұрыс қарамай қойды. Тіпті босандыруды да ұмытып кеткендей мүлде көңіл бөлмеді. Сонан соң балам барып дә­рігерге ақша беріп еді, бірден жағ­дайын жасай бастады. Қарақ­тарым, бұл шындық. Ақша бермесең дұрыс емдемейтін жағдай біздің медицина саласын жаулап алғаны анық. Оны бәріміз білеміз. Керек болса сол дәрігердің де атын атап беремін. Шара қолданыңыздар. Әйтпесе, басқа  адамдарды да зарлата бе­ре­ді.

 Раушан Дүкенбаева.

Алмалы ауылы,

Панфилов ауданы.

– Раушан апа, ақпаратыңыз үшін алғыс білдіремін. Қазақстан Республикасының азаматтары мен оралмандарға  Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы «Тегін кепілдендірілген медициналық көмек  көрсету тізбесін бекіту» ту­ралы №2136 қаулысына сәйкес, ме­ди­ци­на­лық көмек ақысыз көрсетіледі.

Аудандық орталық аурухананың бас­шылығына осы өтініш бойынша қызметтік тексеру жүргізуге тапсырма берілді.

 

Мен Талғар ауданының тұр­ғы­нымын. Жақында Талдықорған қа­ла­сы­на қоныс аударайын деп жа­тыр­мын. Жаңадан ашылған қалалық көп­салалы ауруханаға көлік жүр­гі­зу­ші болып  немесе «Жедел жәрдемге» жұ­мысқа орналасқым келеді. Кө­мек­тес­сеңіздер екен.

Марлен Ыбырайымов.

Кеңдала ауылы. 

– Марлен, сізбен хабарласып, түйін­де­ме­ңізді алайық. Содан соң, орын болса қол­дан келген көмектен аянып қалмаспыз.

 

Мен  Текелі  Қарттар үйінің тұр­ғынымын.  Екінші топтағы мүге­дек­пін. Соңғы кезде көзімнің көруі на­шарлап кетті. Ота жасату керек сияқты. Қайда, қалай жасатса болады? Көмектессеңіздер.

Дәулет Айтмұханбетов.

– Дәулет, сіз жергілікті жеріңіз бойын­ша Текелі қалалық ауруханасының оф­таль­­молог-дәрігеріне қаралуыңыз керек. Дәрігердің қорытындысынан кейін ота жа­сауға көрсеткіш болған жағдайда,   Бірың­ғай ұлттық денсаулық жүйесі ұста­ны­мы бойынша қай жерде, қалай емделуді өзіңіз таңдауға толық құқығыңыз бар. Ау­руханаға жатқызу порталына Текелі қала­лық ауру­ха­насы қояды.

 

– Балқаш ауданында 30 мың халық тұрады.  Осынша тұрғыны бар ауданда  заманауи УЗИ ап­па­ра­ты жоқ. Бар, бірақ,  маман жоқ деп естиміз. УЗИ-ға түсу үшін бізді  Алматыға жібереді.  Шаһарға барып медициналық тек­се­ріс­тен өтіп қайту үшін кемінде 40-50 мың теңге қаржы кетеді. Осы жағы әсіресе жасы келген адамдарды қинауда. Ол жерде  тек кеңес беріп, ауданға қайтарады. Өзіміз сырқаттанып жүріп, табаннан тау­сы­ламыз. УЗИ аппаратын іске қо­сып берсеңіздер екен.

Бекен Шыбықбаев,

Ақдала ауылдық ардагерлер

кеңесінің төрағасы.

Балқаш ауданы.

– Рахмет, аға, сауалыңызға. Бұл жағдай­ды жақсы білеміз.  Бұл тек сіздерде ғана емес, облыс бойынша ақсап тұрған мәселе. Жақында бас дәрігерлерді жинап, мәселені шешу жолдарын қарастырамыз. Маман тапшылығы қиындық туғызып тұрғаны рас.  Биыл оқу бітірушілерді жұмысқа тарту ба­ры­сында келісімшарттар жүргізіп жатыр­мыз.  Мәселені оңды шешуге  тырысамыз. 

 

Менің саусағым қатты сыр­қы­рап ауырады. Кей кездері тү­німен көз ілмеймін. Невропатологқа кө­рі­ніп едім «Блокада» қою керек деді.  Иығымнан укол салды. Укол салған жер кей кездері  ота жасаған сияқ­ты тартып ауырады.  Менің білейін де­генім, «блокада» қанша уақытқа дейін әсер етеді? Күші кеткен соң саусақтарым қайтадан сырқырап жүрмей ме?

Гүлбаршын Жанатбекова,

Ақсу ауданының тұрғыны.

– Сіздің  тексеруден өткен қағаз­да­рыңызды көрмей ештеңе айта алмай тұр­мын.  Жалпы блокаданың күші 8-16 са­ғат­қа дейін жетеді. Егер сол уақыт өткенде  сырқатыңыз сыр бермесе  сізге ем жүрді де­ген сөз. Спортпен шұғылдануға ты­ры­сыңыз. Физиоем алып тұрыңыз.  Ауыратын сау­сақтарыңызды  тоңдырып алмауға  тырысыңыз.  Менің атымнан облыстық ау­рухананың неврология бөлімінің мең­ге­ру­шісі Салтанат Жексенбекқызына барып, кө­рініңіз.

 

Менің жасым сексенде.  Қан­қы­сымым жиі көтерілетіндіктен дис­пан­серлік есепте тұрамын. Дәрі-дәр­мекті тегін алуым керек. Бірақ, маған керек дәріні ала алмаймын.  Оның орнына басқа дәрі береді.  Маған «Предуктал», «Кардимакс» жазып берсе, аурухана орнына басқаны ұсынады.  Осы дұрыс па? Сондай-ақ, немерелерімді жазғы лагерьге жіберу үшін  «Яйцаглист» сараптамасына 1700 теңгеден төлеймін.  Балаларға тегін бол­мау­шы ма еді?

 Айғайша апа.

Көксу ауданы.

– Апа,  қойып отырған сұрағыңыз орын­ды. Сізге  «Предукталдың» орнына басқа дә­рі берсе онда тұрған ештеңе жоқ.  Олар­дың құрамы бірдей. Тек атауы ғана әртүрлі болуы мүмкін. Шығаратын фирма әртүрлі болғандықтан дәрінің аты да сан алуан болады. Қай фирма дәріні арзанырақ ұсын­са, содан  алуға тырысамыз. Сон­дықтан, дәрігер сіздің сырқатыңызға сай дәрі береді. Одан сескенбеңіз. Ал неме­ре­леріңізді  тексеруден ақылы түрде  өткізсе, ол аудандық аурухананың еркі. Себебі, ау­ру­ханалар шаруашылық жүргізу құқы бойынша, ақылы қызмет көрсетіп, қаржы та­буы  тиіс. Бірақ, мен қазір ауданның бас дә­рігері  Ғани Бартайұлына хабарласып, сіз­дің дәрілеріңізді тездетіп бер деп ай­тамын. Сол кісіге барыңыз. Мәселеңізді ше­шеді.

Тікелей байланысты жазып алған Гүлжан Тұрсын.