ТОКИОДАҒЫ ҚАЗАҚ БОКСШЫЛАРЫ АЛТЫНСЫЗ ҚАЛДЫ: ЕНДІГІ ҮМІТ КІМДЕ?

Уақыты: 05.08.2021
Оқылды: 1624

Токио Олимпиадасынан тағы бір қола! Бокстан жеңіл салмақтағы Сәкен Бибосынов (52 келі) жартылай финалда британиялық Галаль Яфайға 2:3 нәтижесімен жол берді. Сөйтіп, Сәкен Токио Олимпиадасының қола жүлдесін алды. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Сәкенді жеңген Яфайдың финалдағы келесі қарсыласы - Карло Паалам (Филиппин). Ал қазақ боксшылары үшін осымен жарыс тәмам. Айта кетейік, қазақ боксшылары алғаш рет Олимпиададан алтынсыз қайтып отыр.

Сәкен Бибосынов 1997 жылы дүниеге келген. 2019 жылы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған. Ефрейтор Сәкен Бибосынов - ҚР Қорғаныс министрлігі орталық спорт клубының спортшысы. Сәкен бұған дейін Пуэрто-Рикодан келген Янкиель Ривераны, франциялық Биллал Беннамды, испаниялық Габриэль Эскобарды жеңген еді.

Ендігі үміт бокстан өзге спорт түрлерінен қатысып жатқан сайыпқырандарымызда болып тұр.

Серік ҚАНТАЙ