ТАЛДЫҚОРҒАНДАҒЫ АУЫЛ СПАРТАКИАДАСЫ: АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІМПАЗДАР АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 30.07.2022
Оқылды: 1578

Талдықорғанда өтіп жатқан Ауыл жасөспірімдерінің IV жазғы ойындарының алғашқы жеңімпаздары анықталды.

Дзюдошылар «Жастар–2» спорт сарайында белдесті. Жауырынын жерге тигізгісі келмеген балуандар әр салмақ дәрежесі бойынша түрлі түсті медальдарды сарапқа салды. Татами төріндегі сайыс тартысқа толы болды. Жарыс қорытындысы бойынша білек күші мен әбжіл әдіс арқылы қарсыластарын қоғадай жапырған Жетісу облысының саңлақтары 3 алтын, 3 күміс, 4 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте топ жарды. Түркістан облысының спортшылары 3 алтын, 1 күміс, 5 қола медальмен тұғырдың екінші сатысынан көрінді. 3 күміс, 5 қола жүлдені еншілеген Маңғыстау облысының жастары үздік үштікті түйіндеді.

Грек-рим күресі «Өркен» спорт кешенінде өтті. Бозкілемде бір-бірінен басым түсіп, ойын көрігін қыздырған балуандар 10 салмақ бойынша белдесіп, кіл мықтыны анықтады. Нәтижесінде Алматы облысының балуандары (105 ұпай) жалпыкомандалық есепте алтыннан алқа тақты. Күміс жүлдені Жетісу облысының (105 ұпай), қола жүлдені Қостанай облысының (104 ұпай) өрендері еншіледі.

Өтенай ауылдық округінің Мәдениет үйінде өткен армрестлинг ойындарына сен тұр мен атайын дейтін мықтылар жиналды. Білектілер бәсекесінде Түркістан облысының командасы (117 ұпай) жеңіске жетті. 2-орынды Алматы облысы (96 ұпай) еншілесе, 3-орынды Жетісу облысының командасы (91 ұпай) қанжығалады.

«Жастар» спорт сарайында өткен асық ату және бес тас ойынына 104 спортшы қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша асық атудан Түркістан облысы жеңімпаз атанса, 2-орынды Алматы облысының, 3-орынды Павлодар облысының ұлдары иемденді. Бес тас ойынында Атырау облысының қыздары қарсылас шақ келтірмеді.  2-орынды Қостанай, 3-орынды қызылордалықтар жеңіп алды.

Балалардың жылдам ойлауына, сонымен қатар, есептеудің түрлі тәсілдерін меңгеруге арналған тоғызқұмалақ ойынында 1-орынды Қызылорда облысы, 2-орынды Түркістан облысы, 3-орынды Алматы облысының командалары еншіледі.

І.Жансүгіров атындағы университеттің спорт кешенінде өткен баскетбол 3х3 спортынан қыздар арасында Түркістан облысының командасы (28 ұпай) топ жарды. Жетісу облысының қыздары (26 ұпай) күміспен күптелді. Қола жүлдені қостанайлықтар (24 ұпай) қанжығалады. Ұлдар арасында да Түркістан облысының командасы жеңімпаз атанды. Қостанай облысының командасы екінші, Жетісу облысының спортшылары 3-орынды еншіледі.

Айдар ҚАЛИЕВ

Жетісу облысы