Қыздардың қарқыны жоғары

Уақыты: 02.09.2023
Оқылды: 694

Тайландтың Накхонратчасима қаласында волейболдан қыздар арасында Азия чемпионаты өтіп жатыр. Қазақстан құрамасы топтан шығып, келесі кезеңге жолдама алды. Ұпайдан шашау шығармай келе жатқан қыздарымыздың ендігі белесі  үлкен болмақ.

Ұлттық құрамаға бірінші рет шақырту алған 20 жастағы талдықорғандық Юлия Якимова Гонконгқа қарсы ойында дебют жасады. Алғашқы ойыны сәтті тәмамдалды. Қазақстан қарсыласын 3:0 (25:16, 25:23, 25:17) есебімен жеңді. Ал Қазақстан бірінші кездесуінде Филиппиндерді 3:2 (25:21, 17:25, 24:26, 27:25, 15:6) нәтижесімен ұтқан. Ол сәтте командада жалпы үздік нәтиже көрсеткен жетісулық Татьяна Никитина болды. Ол жеке өзі 27 ұпай жинады. Талдықорғанда дүниеге келіп, «Жетісу» волейбол мектебінен шыңдалып шыққан қос қызымыздың нәтижесі көз қуантады. «Д» тобында ойнап жатқан Қазақстан құрамасы келесі ойынын азулы Қытайға қарсы өткізеді.

– Ұлттық құрамаға алғаш шақырту алғандағы сезімімді айтып жеткізе алмаймын. Халықаралық аренадағы үлкен тәжірибе. Бұл жердегі атмосфера басқа. Ойын да әлдеқайда жылдам. Чемпионаттың деңгейі жоғары. Ел намысын абыроймен қорғаймыз, – дейді Юлия Якимова.  

Жалпы Азия чемпионаты әлемдік індетке байланысты араға үш жыл салып оралып отыр. Осыған дейін 2019 жылы болған Азия чемпионатында Жапония волейболшылары топ жарған болатын. Биыл үздік көрсеткішке ие болған үш құрама 2025 жылы болатын Әлем чемпионатына тікелей жолдама алады.

Серік Қантай