116 МЕДАЛЬ ЖЕҢІП АЛДЫ

Уақыты: 03.09.2023
Оқылды: 600

Алматыда қол күресінен ересектер, кадеттер, жасөспірімдер мен жастар арасында әлем чемпионаты өтіп жатыр. Осымен 44-ші рет ұйымдастырылған жарыс ел спортшылары үшін айтарлықтай табысты болуда. Турнирге 52 мемлекеттен 1000-нан астам спортшы қатысып, ел намысын 256 атлет қорғап жатыр.

Чемпионаттың алғашқы күндері кадеттер, жасөспірімдер, жастар арасында бақ сынаған отандастарымыз 58 алтын, 38 күміс, 20 қола медаль алды. Атап айтсақ, кадеттер арасында еліміз 16 алтын, 14 күміс, 7 қола жүлдені жеңді. Ал жасөспірімдер арасында 26 алтын, 9 күміс, 8 қола, сондай-ақ жастар арасында 16 алтын, 15 күміс, 5 қола медаль иеленді.

Бүгінгі бәсеке ойдағыдай өтті. Бұл мен үшін жауапты жарыс болды және онда кәсібилігім мен төзімділігімді дәлелдеуім керек болды. Намысқа тырыстым. Барлық спортшының дайындығы өте мықты екен және жақсы нәтиже көрсетті. Мені дайындаған және қолдаған жаттықтырушыларым мен мұғалімдеріме алғысым шексіз, – дейді жастар арасында 60 келіде әлем чемпионы атанған қазақстандық Бекжан Қожантай.

 Айта кетейік, әлем чемпионатына қатысқан жетісулық Арина Уткина күміс жүлдеге ие болды.

Серік Қантай