Жібек Құлымбетова джиу-джитсудан Азия чемпионы атанды

Уақыты: 11.09.2023
Оқылды: 666

16 жастағы Жібек Құлымбетова Дубайда өткен AJP Tour Asia Continental Jiu-jitsu Championship 2023 - Professional жарысында бірден екі алтын медаль жеңіп алды.

«Күлгін» белбеудің иегері Жібек Құлымбетова аталған жарыста бірінші алтын медальді өз жасында, яғни, 16-17 жас аралығында, екінші алтын медальді 18 жастан жоғары спортшылар арасында жеңіп алды. 18 жастан жоғары спортшылар арасында үш кездесу өткізді. Финалда қарсыласы өзінен 9 жас үлкен, 25 жастағы арабтың спортшысы Майта Шэраймды жеңді.

«Дубайда өткен осы жарысқа аттанар кезде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, спорттағы жетістігімді айтып, алдағы жоспарларыммен бөліскен едім. Қасым-Жомарт Кемелұлы жарыстарыма сәттілік тілеп, маған қанат бітірді. Президентпен кездесу мен үшін үлкен мотивация болды және керемет әсер алдым. Осы кездесуден кейін жігерленіп, Дубайда өтетін Джиу-джитсудан халықаралық жарысқа аттандым», - деп жазды Жібек Instagram парақшасында.

Еске салайық, Жібек Құлымбетова – Алматы облысынан Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Сағадат батыр – QTT» спорт клубының тәрбиеленушісі. Джиу-джитсудан жеті дүркін, грэпплингтен әлем чемпионы, самбодан әлем чемпионатының қола жүлдегері, көптеген халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпазы.

Ол бұған дейін 2018, 2019, 2021, 2022, 2023 жылдары әлем чемпионы атанған еді.

Сонымен бірге Жібек Құлымбетова биыл тамыз айында Астанада өткен Ju-Jitsu Youth World Championship Astana 2023 әлем чемпионатында алтын медальға ие болған еді.

Жібек сондай-ақ ҚазАқпарат тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген болатын. Оны осы жерден оқи аласыздар.

 ҚазАқпарат

Фото: ашық дереккөзден