Әлем чемпионы Ризабек Айтмұқанға бір үйір жылқы сыйға тартты

Уақыты: 08.01.2024
Оқылды: 601

Еркін күрестен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұқанға Ақтөбе жұртшылығы ерекше қошемет көрсетті, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы Qaz365.kz сайтына сілтеме жасап.

Жылқы-қазақтың рухы екені баршаға мәлім. Ата-баба салтын берік ұстанатын Ақтөбе облысының жылқышылар одағы, Марат, Ринат Жанғозиндар мен осы өңірдің бірнеше бетке ұстар азаматтары «Тақымыңнан тұлпар кетпесін» деп, еркін күрестен еліміздің тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұханға бір үйір жылқы атады. 

Сондай-ақ арнайы тапсырыспен АҚШ-тан, қолдан жасатылған ер-тоқымды тарту етті. Үнемі балуандарға қолдау жасап жүрген Марат Жанғозиннің ұйымдастыруымен өткен іс-шара барысында Ризабек Айтмұхан облыс әкімі Асхат Шахаровпен және де бірқатар лауазымды тұлғалардың қабылдауында болып, ақ-тілек, батасын алды.

Еске салайық, күрес жанашыры Марат Жанғозин бұған дейін де Белград (Сербия) төрінде еркін күрес балуандарына ақ дастарханын жайып, Азамат Дәулетбеков пен Ризабек Айтмұханға қомақты қаржы табыстаған болатын.

Фото: almaty.tv