Өзбекстаннан жүлдемен оралды

Уақыты: 11.01.2024
Оқылды: 685

Текелілік Әлімбек Ынтымақ Самарқан қаласында қолкүрестен өткен Азия кубогінде екі рет күміс жүлдені еншіледі.

Жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы Азия чемпионатында жүлделі орыннан көрінген жерлестерін Текелі халқы айрықша ардақтап қарсы алды. Абыройды асқақтатқан ұланға телегей қошемет көрсетілді.

Әлімбек Ынтымақ 28 жаста. Бұл спорт түріне мектеп қабырғасынан қызығушылық таныта бастапты. Ол Қазақстан құрамасының құрамында өнер көрсетіп, Азия кубогінде ересектер арасында 85 кг. салмақ дәрежесінде бақ сынады. Спортшының айтуынша, жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ондағы қарсы да кіл мықтылар болғанын сөз етеді. Әлімбек осы додада жаттықтырушысы Артем Фоменконың кеңесі көп көмегін тигізгенін, оған деген алғысы орасан екенін айтады.

Өзбекстанда жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында өткен Азия кубогіне 20 мемлекеттен 1300-ге жуық спортшы қатысты. Нәтижесінде 3-орынды Үндістан, 2-орынды Өзбекстан, 1-орынды Қазақстан құрамасы жеңіп алды.

Медет ЖҰМАБАЙ