ЖЕТІСУЛЫҚТАР ҚОЛА АЛДЫ

Уақыты: 13.01.2024
Оқылды: 723

Талдықорғанда волейболдан 2009-2010 жылы дүниеге келген қыздар арасында еліміздің қысқы чемпионаты аяқталды. Біріншілікке әр облыстан 19 команда қатысты.

Өткен жылы алғаш рет ұйымдастырылған волейболдан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты өткені естеріңізде болар. Енді 17 жасқа дейінгі волейболшылар арасында әлем чемпионаты өтеді. Талдықорғандағы ел біріншілігі сол байрақты бәсекелерде ұлттық құрама сапында өнер көрсететін қыздарды іріктеп алу үшін аса қажет. Сондықтан бүгінгі жарыс арқылы ұлттық құрама команданың іргетасы қаланып жатыр деп айтуға да болады, – дейді жарыстың бас төрешісі Әсел Ғұбашева. 

Осыған дейін өткен күзгі чемпионатта Шығыс Қазақстан облысының құрамасы 1-орынды, Батыс Қазақстан облысы екінші, Солтүстік Қазақстан облысының ойыншылары 3-орынға ие болған еді. Талдықорғанға Батыс Қазақстан облысының өкілдері келе алмады. Ал қысқы чемпионаттағы нәтиже бойынша І орынды Солтүстік Қазақстан облысының қыздары, ІІ орынды Шығыс Қазақстан облысының ойыншылары алса, ІІІ орынға жергілікті Жетісудың волейболшылары ие болды. 

– Жарыс жоғары деңгейде өтті. Жүлде үзілмеген Жетісу волейболына біздің де қосқан үлесіміз болсын. Алдағы уақытта нәтижені жақсартамыз. Қыздарымыз жақсы ойын көрсетті, әлі де еңбектену керек. Болашақтарынан мол үміт күтеміз, – дейді команда жаттықтырушысы Болат Сәбит. 

Серік Қантай