ФУТЗАЛ: ҚҰРАМ ТОЛЫҚТЫ

Уақыты: 13.01.2024
Оқылды: 776

Футзалдан ел чемпионаты желтоқсанның аяғында уақытша тоқтап, қысқы ауыс-түйіс орын алған. Трансферлік кезең жергілікті «Жетісу» футзал клубына да айтарлықтай өзгеріс алып келді. Бірнеше футзалшы басқа командаға кетсе, жетісулықтарға легионерлер келіп, команда құрамы толықты.

Осыған дейін 2017 жылдан бастап «Жетісуда» төрт маусым өткізген қақпашы Далтон қайтып оралды. Сол кезеңде де бразилиялық маман Биро Жаде команданы жаттықтырған еді. Одан кейінгі аралықта ол «Атырау» (2021-2022), «Ордабасы» (2022-ден бүгінге дейін) футзал клубтарында ойнады. Кейінгі ойнаған шымкенттік команда да капитан есебінде 54 кездесу өткізді. Далтон жөнінде тағы бір ақпарат – Қазақстанда дүниеге келмеген, 2017 жылдан бері ел чемпионатында ойнап келе жатқан үшінші азамат. Қалған екеуі Алматының «Қайратында» ойнап жүрген Игита мен Дуглас. Қазақстандағы карьерасын «Жетісудан» бастаған қақпашыға артылар үміт пен сенім мол. 

Одан бөлек «Жетісу» футзал клубын үш бразилиялық ойыншы толықтырды. Шабуылшы Фелипе Сильва, универсал ойыншы Кайке Аледес, шабуылшы Алиссон Кадиньо ұжымға қосылды. Ал «Жетісудан» Арнольд Кнауб, Арман Қаражанов, Руслан Булатов, Нұрәлем Байдулла кетті. 

«Жетісу» футзал клубы жаңа жылдағы алғашқы ойынын 13-14 қаңтарда Талдықорғандағы «Жастар» спорт кешенінде Ақтөбенің «Рахмет» командасына қарсы өткізеді. 

"Жетісу-Ақпарат"