Футбол: Жолдастық кездесуде Қазақстан құрамасы Люксембургке жол берді

Уақыты: 27.03.2024
Оқылды: 319

Футболдан Қазақстан құрамасы жолдастық кездесуде Люксембургке жол берді. Екі құрама бұған дейін Ұлттар лигасы плей-офф сатысы жартылай финалында қарсыластарына есе жіберіп қойған еді, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы inform.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесу қазақстандық футболшылар үшін сәтті басталды. Ойынның 2-минутында Асхат Тағыбергеннің әуелете берген добын Әділет Сәдібеков баспен соғып, голға айналдырды. Бұл - жас футболшының ұлттық құрама сапында соққан алғашқы голы. Алматылық «Қайрат» сапында ойнайтын қорғаушы осылайша ел құрамасын алға шығарған еді.

Десе де, люксембургтік футболшылар тезірек таразы басын теңестіруге ұмтылды. Қазақстан құрамасының қорғаныс шебіндегі ойыншылары жинақылық танытты. Кейбір сәтте қақпашы Игорь Шацкий әбжіл қимыл көрсетті. Соған қарамастан бірінші кезеңде Люксембург сапынан Жерсон Родригеш 24, Данел Синани 45-минутта екі гол соғып кетті.

Екінші кезеңде қазақстандық футболшылар таразы басын теңестіруге ұмтылды. Дегенмен көздеген нысанадан мүлт кетіп жатты.

Осылайша Қазақстан қарсыласына 1:2 есебімен есе жіберді.

Еске салсақ, Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасы С жолы бойынша плей-офф сатысы жартылай финалында Грекияға есе жіберіп, 2024 жылғы Еуропа чемпионаты финалдық сатысына шығу мүмкіндігінен айырылды.

Ал Грузия құрамасы плей-офф сатысы финалында Грекияны пенальти сериясында жеңіп, өз тарихында тұңғыш мәрте құрлықтық додаға жолдама алды. 

Фото: kff.kz