Әуесқой бокста қаламын

Уақыты: 17.10.2016
Оқылды: 1598

Бүгінгі күні ер жігіттермен қатар, аруларымыз да қолына былғары қолғап киіп, шаршы алаңда ел намысын қорғап жүр. Жетістігі де жаман емес. Қарыштап дамып келе жатқан қыз­дар боксы облысымызда да жоғары көрсеткішпен қуантып жүр. Риода қола алған қыздармен тең дәрежеде өнер көрсететін бұрымды боксшыларымыздың қатарында әлем чемпионатының күміс, қола жүлдегері Баян Ақбаева бар. Алтын алуды мақсат тұтқан жас боксшымен орайы келген әңгімені назарларыңызға ұсынамыз.

БАЯН АҚБАЕВА: 
1997 жылы 2 сәуірде Алакөл ауданы, Көктұма ауылында дүниеге келген. Мұсағали Ақбаев пен Ғаля Жанахметқызының отбасындағы тұңғыш бала. Өзінен кейін Нұркен есімді інісі мен Бану есімді сіңілісі бар. Әкесі орманшы, анасы үй шаруасында. Баян бокстан Әлем чемпионатында кадеттер арасында қола (2013),  жасөспірімдер арасында күміс (2015) алды. Бүгінде Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің дене шынықтыру және мәдениет, өнер факультетінің екінші курс студенті. 

– Баян, бокс спортына қалай келіп жүрсің?
– Ермек Абдығалиев есімді жаттықтырушы ауылымызда бокс үйірмесін ашты. Басында кілең ұлдарды ғана қабылдады. Одан кейін қыздарға көңіл бөлінді. Бастапқыда мектептің өзінен жиырмаға жуық қыз қатысты. Мен қатты қызығып, үйдегілерден рұқсат сұрағанымда үзілді-кесілді қарсы болды. «Ол спорт қыз балаға болмайды», – деп бірден тыйып тастады. Амал жоқ өтірік айтуға тура келді. «Үйірмеге кеттім, мектептегі кешті жүргізеді екенмін, соған дайындыққа бара жатырмын», – деген алдау амалдарымен боксқа барып жүрдім. Бір айдан кейін шаршаулар басталды, денем көгере бастады, ата-анам осыны байқап қойды. Рұқсат бермеді, бірақ қоймадым. Жалығып кететін шығар деп соңында келісімдерін берді. Одан кейін 13 жасымда, 2010 жылы жасөспірімдер арасында Таразда өткен Бауыржан Момышұлының турнирінде 44 келіде бокстасып, екінші орын алдым. Бәрі осы жүлдеден басталды. Үйдегілер осыдан кейін керісінше «бар, бүгін жаттығудан қалып қойдың» деп ескертпелер жасап, жігерлендіріп, жетістікке жетуіме септігін тигізіп келеді.
– Талдықорғандағы спорт мектебіне қалай қабылдандың?
– Жақсы жетістіктерден кейін бапкеріміз қызметін Жыландыға ауыс­тырып, ауылдағы төрт баланы Ескелді ауданы, Қарабұлақ кентіндегі Алмас Қорғасбаевтың қолына табыстады. Сол жердегі Шоқан Уәлиханов атындағы гимназияға ауыстық, күнделікті спорттық жаттығулар басталды. Бірақ ол жерде ұзақ болмадым. Өйткені Алмас аға бірден қыздарды дайындамайтынын келмей жатып ескерткен. 2013 жылы сол кезде қазіргі бапкерім Жангелді Әлімжанұлымен танысып, ағайдың ақылымен Талдықорғандағы спорт мектебіне бардым. 10-сыныпта барып тұрғаннан кейін бастапқыда спорт мектебі қабылдамады. Жангелді аға басшылармен сөйлесіп, бір айдан кейін болатын Қазақстан чемпионатында чемпион болып, әлем біріншілігіне жолдама алсам қабылдауға келістіріп берді. Сенесіз бе, Шымкентте өткен Қазақстан чемпионатында 63 келіге жұдырықтасамын деп барып, 70 келіде жеңімпаз болдым (күліп). Қарсыластарды байқадық ол кезде мен үшін 63 келідегілер қиын, 66 келідегілер мықты көрінді, ағай ақыл айтып, сонымен бір күн ішінде салмақ қосумен айналыстым. Мен Талдықорғанға қалайда чемпион болып келуім керек. Жеңімпаз  атандым, бәрі ойлағанымдай болып, әлем чемпионатына жолдама алдым. Тайпейде өткен әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізіп, спорт мектебіне қабылдандым. 24 ұлдың ішінде жалғыз қыз болдым (жымиып). 
– Ересектер қатарында жұдырықтасу бастапқыда қиынға соққан шығар...
– Иә! Ең алғашқы жарысым 2015 жылдың соңында Астанадағы «Үздіктер» турнирі болды, одан үшінші орын алдым. Ал ересектер арасындағы екінші ірі жарысым – Қазақстан чемпионаты. Атырауда болған ел біріншілігінде ұпай айырмасымен бірінші кездесуде Азия чемпионы Саи­да Хасеновадан жеңілдім. Ересектер арасындағы жарыс­тың өту барысы, аурасы бәрі өзгеше. Тәжірибенің де аздығын айтуға болады. Ендігі чемпио­натта Алла бұйырт­са жүлдеге ілінеміз деп үміттенемін және сол үшін еңбек етіп жатырмын. Чемпионаттан бұрын Атырауда Мәншүк Мәметова атындағы халықаралық турнир болады, сол жарыста бағымды сынап көрмекпін. 
– Жаттығу барысы қалай жүргізіліп жатыр?
– Астанаға оқу-жаттығу жиынына барсақ жақсы болар еді. Жалпы Алматы облысында бокстасып жүрген қыздардың саны бесеу. Бәріміз әртүрлі салмақта жұдырықтасамыз. Ал олармен жаттығу барысында кездесу өткізу ойыңдағыдай болмайды. Оның үстіне салмақтары кіші. Күніне екі уақыт жаттығамыз, тек жексенбі күні демаламыз. Жангелді ағаның қарамағында Аделя Дүйсенбай, Меруерт Қонысбай және мен үш қыз жаттығамыз. Бұрыңғыдай емес қазір қыздар боксының даму қарқыны өте жақсы. Бәсекелестік артып келеді. 
–  Боксқа келгеніңе өкінетін сәттер бола ма?
– Ондай сәт өмірімде тек бір рет қана орын алды. Ол Шымкентте таулы аймақта күш жинау үшін тас лақтыру жаттығуларында болды. Өткінші ғана өкініш қой. Сол сәтте-ақ бойымды жинап алдым. «Бастадым ба, аяқтауым керек!», – деп өзімді қайрадым. Ал қазір тек қуанамын. Біз спорт мектебінде оқып жүргенде жалпы бокспен шұғылданатын жасөспірім қыздардың саны 13 болса, қазір 26-30 қызға дейін барады. 
– Кәсіпқой бокстан көруіміз мүмкін бе?.
– Дәл қазір жоқ. Шықпайтында шығармын, өйткені ағайым рұқсат бермейді. Бірінші әуесқойды қатырып алайын.
– Қыз баланың бокспен тұрақты түрде айналысуы қиындау ғой. Болашаққа көз жіберетін сәттер болатын шығар...
– Иә! Қыз баланың өмірдегі негізгі міндеті – ана болу. Ал бірақ мен өз алдыма мақсат қойдым. Сол мақсатымды орындап кетсем деймін. Еңбек сіңірген спортшы атағын алғым келеді. Әлем чемпионатында кадеттер арасында спорт шеберін, жасөспірімдер арасында Халықаралық дәрежедегі спорт шеберін алдым. Әлем чемпионатында бақ сынасам деймін, осыған дейін алған қолам мен күмісімді алтынға алмастырсам деген жоспар, Олимпиадаға бару ойда бар, әзірге бокста мен істейтін шаруа көп. Мен осыны таңдағаннан кейін – нәтиже шығарып кетуім керек. 
– Спорттан кейінгі өміріңді қалай елестетесің?
– Бапкер болғым келеді. Ұнайды маған. 
– Сұхбатыңызға рақмет!

Серік ҚАНТАЕВ.