ОРТАЛЫҚ САЯБАҚ ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

Уақыты: 14.11.2017
Оқылды: 1568

    Талдықорғандағы Орталық саябақ осыдан бірнеше ай бұрын мемлекетке қайтарылып, бюджеттен қомақты  қаржы бөлінген еді. Әткеншектер жаңартылып, талдар отырғызылған 4,249 гектар демалыс аумағына жарық шамдар да орнатылды. Сондай-ақ, мұнда ойын кешендері де ашылды. Айта кетейік, саябақты күрделі жөндеуден өткізуге 345,9 млн. теңге қаржы жұмсалды. 

 
     Күздің шуақты күні Орталық саябақ қайтадан пайдалануға берілді.  Тұрғындардың көңілі шат.  Әсіресе, балалардың жүзі бал-бұл жанады. Әуезді музыка жиналған көпшіліктің қуанышын еселеді.  Саябақтың   ашылу  салтанатында  облыс әкімі Амандық Баталов  сөз сөйлеп, Талдықорған қаласының тұрғындарын құттықтады.  
– Осыдан бірнеше жыл бұрын саябақ жекешеленуге өтіп кеткен еді.  Сондықтан демалыс орнына жөндеу жұмысын жүргізе алмай келдік.  Облысымызға белгілі азамат, меценат Бағдат Манзоров  саябақты қалаға тегін қайтарып беретінін айтқанда қуандық.    Міне, жөндеу жұмысын жүргіздік.  Игілігін балалар көрсе деген ниетіміз бар. Өздеріңіз білесіздер, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қашанда балаларды қуантуға, олардың бақытты өмір сүруіне ерекше көңіл бөледі. Бүгінгі шара да сол қағида негізінде іске асырылып отыр.  Кейбір шетелдерде бүлдіршіндер соғыстан көз ашпай келеді. Оранған оттың арасында жүргендіктен, олар ашық аспанды да көре алмауда.  Жарылыс, атыс-шабыстан  жүректері шайлыққан.  Біздің мемлекетте тыныштық. Бар жақсылықты балалар үшін жасап келеміз. Болашақта да ұл-қыздарымыздың бақыты үшін барымызды саламыз.  «Жастар» саябағы мен Қаратал  өзенінің жағалауындағы демалыс  орындары  да көптің игілігіне бұйырды. Орталық  саябақ  тек қала тұрғындарының ғана емес, барша жетісулықтардың сүйікті демалыс орнына айналады деген сенімдеміз, – деді Амандық Ғаббасұлы.  
     Салтанатты шараға қатысушылар саябақ ішін аралады.  Ойындар, цирктік бағдарламалар, сиқыршылар қуанышқа келгендерді өз өнерлерімен тәнті етті.  Облыс әкімі бастаған топ саябаққа ағаш көшеттерін отырғызды.  Арнайы Польша жерінен әкелінген 50 түп қайың демалыс орнының сәнін келтірді.  Қаланың  қарттары да игілікті іске ризашылықтарын білдіріп жатты. Ал бүлдіршіндер ойын алаңдарын қызықтап, жаңа әткеншектерге отырып, мәз-мейрам болысты.
 
Гүлжан ТҰРСЫН.