Ұлттық ізгі ниет елшісі

Уақыты: 27.11.2017
Оқылды: 1156

Орталық коммуникациялар қызметінде БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) баспасөз конференциясында қазақстандық шахматшы, төрт дүркін әлем чемпионы, халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасова ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Ұлттық ізгі ниет елшісі болып жарияланды.

ЮНИСЕФ осы атақты 1954 жылдан бері тағайындап келеді Осылайша танымал адамдардың, мәдениет, спорт, әдебиет қайраткерлерінің өз елінде және бүкіл әлемде балалардың құқықтарын ілгерілетуге және қорғауға қосқан үлесіне құрмет білдіреді. Ұлттық ізгі ниет елшісі етіп тағайындау балалардың мәселелеріне бейжай қарамайтын жергілікті атақты тұлғаларға мұқтаж балалардың және олардың отбасыларының қажеттілігіне көңіл аудартуға мүмкіндік береді. 
Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі Юрий Оксамитный атап өткендей, бұл атақты жеңіп алу үшін танымал болу жеткіліксіз. ЮНИСЕФ-тің ізгі ниет елшілері балалардың құқықтарын ілгерілетуге, ұйымның басты құндылықтарына және миссиясына риясыз адалдығын көрсетеді. Динара – дәл осындай адам. Оның осы атаққа ие болуы тағы бір тарихи сәтпен тұспа-тұс келді. Аз ғана уақыт бұрын, қараша айында, Динара әлемнің ең мықты шахматшыларының тізімінде 23-ші орынға көтеріліп, Қазақстан және Орталық Азия шахматшылары арасында ең жоғары рейтинг иесі атанды.
Брифингте Динара Ұлттық ізгі ниет елшісі болып тағайындалудың бар жауапкершілігін түсінетінін ерекше атап өтті. 
– ЮНИСЕФ-ке маған сенім артқаны үшін ризамын және осы сенім үдесінен шығу үшін қолымнан келгеннің барлығын жасайтыныма сенідіргім келеді. Балалар қамқорлық пен мейірімге бөленуі үшін, өз пікірін ересектерге жеткізе алуы үшін және өз өміріне қатысты шешімге ықпал ете алуы үшін барлығымыз бірігіп, нәтиже шығаруды қалаймын, –  деді ол.
Биыл ЮНИСЕФ пен Динара бірнеше бірлескен шара өткізді, соның ішінде, Маңғыстау облысына жасаған сапарында балаларға арналған бірқатар мекемелерге, кәмелетке толмағанадарды бейімдеу орталығына, девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мектеп-интернатқа, отбасылық типті балалар ауылына барып, балалармен және жастармен әңгімелесті.
– ЮНИСЕФ-тің арқасында мен мүлдем қорғалмаған балалардың құқықтары туралы көп тың мәлімет аламын, олардың арасында ерекше қажеттіліктері бар балалар, қылмыс құрбанына немесе куәгеріне айналған, құқық бұзушылық жасаған, тіпті өз отбасында қатыгездікке душар болатын балалар бар. Мен сол балалардың құқықтарын ілгерілетуге және қорғауға өз үлесімді қосамын деп үміттенемін, – деді Динара.
Жоғарыда аталған марапат жыл сайын 20 қарашада атап өтілетін Дүниежүзілік балалар күні қарсаңында тағайындалады. 1989 жылы тұңғыш рет балалардың құқықтарын бекіткен халықаралық құжат болып табылатын Бала құқықтары туралы конвенция қабылданды. Конвенция тәуелсіз Қазақстан қабылдаған алғашқы халықаралық құжаттардың бірі атанды.

Қажет АНДАС