Мерейі үстем

Уақыты: 09.12.2017
Оқылды: 1048

Ел ертеңі болар жастарға кәсіптік білім берудің маңыздылығы жыл өткен сайын артып келеді. Сол себепті, болашақ кәсіп иелері білім алатын мекемелердің оқу-тәрбие үрдісін дамыту мен жетілдіру, шығармашылығын шыңдаумен қатар озық іс-тәжірибесін тарату мақсатында «Ең үздік кәсіптік білім беру ұйымы» атты облыстық байқауы өтті. Дәстүрлі түрде жалғасын тауып келе жатқан шараға Талғар политехникалық колледжі де белсене қатысып, бақтарын сынға салды. 

Екі кезеңнен тұратын байқау барысында колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары         Е. Бейсембаева техникалық және кәсіптік білім беру мекемесінің жұмыс мазмұндылығы, жаңашылдығы, тәжірибелік құндылығы мен нәтижелілігі туралы баяндаса, директордың ғылыми ісі жөніндегі орынбасары М. Мұхамедьярова Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын және ҚР білім беруді дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында техникалық және кәсіптік білім беру орындарының оқу-тәрбие үрдісінің моделін сәтті қорғап шықты. Облыстық байқаудың қорытындысы бойынша Талғар политехникалық колледжі ІІ орынды иеленіп, облыс әкімінің арнайы дипломымен марапатталуы білім беру мекемесінің мәртебесін арттырып, шығармашылық жұмысты жандандыруға тың серпін бергені ақиқат. Бұл күнде аталған колледжде білім алып жатқан 600-ден астам студент-жастардың 8 түрлі техникалық және кәсіптік білім алумен қатар  өнердегі шығармашылықтарын шыңдауға да мүмкіндік мол. Соның жарқын бір көрінісі, жақында келешек кәсіп иелері «Алтын күзбен» қоштасу кешін өткізді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын тақырыпқа өзек еткен кеште колледж студенттері ұлттық құндылықтарға айрықша ден қойды. Берекелі алтын күзге лайықталып түрлі түсті киіммен көптің назарын аудартқан ханшайым мен ханзадалар құдды ертегілер елінен келгендей әсерге бөледі. Жеті кезеңнен тұратын сайысқа жан-жақтылы дайындықпен келген топ жетекшілері бар өнерлерін ортаға салды. Кештің құрметті меймандары Талғар аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Мөлдір Абатайқызы мен коллдеж директоры Жұмағали Кибекбаев бастаған ұстаздар құрамын студенттердің тапқырлығы мен ұйымшылдықтары тәнті етті. Тартысты сайыста өнерпаз жастар кәсіптен тыс халықтық өнерді дәріптеп, әуелете ән салып, дөңгелене би билеп, күмбірлете күй төгілтті. 
Кеш соңында әділқазылар алқасы байқау жеңімпаздарын атады. Сөйтіп, бақ пен бап сынға түскен сайыста №14 топтың студенттері Айша Хасенова мен Айсұлтан Сыдықов бас жүлдені жеңіп алса, №26 топтың студенттері Іңкәр Бірімқұл мен Әділет Сыдықов 1-орын иегерлері атанды. Алтын күзді арқау еткен кеш соңында жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді. Мұндай сый-сияпаттан іс-шараға белсене атсалысқан топ жетекшілері мен топ шеберлері де шет қалмады.

Ұлбосын ИСАБЕК,

Талғар ауданы.