"Әлемді шарлап жүрсем де мұндай таңғажайыпты бірінші рет көруім": Шаған шыңының ерекшелігі

Уақыты: 18.06.2023
Оқылды: 737

Бір күні жұмыс бабымен іздеп келген көксулық азамат «Шаған тауындағы қасиетті бұлақтың басында тасқа түскен табан ізі бар екенін айтып қалды. Соны көруге аңсарым ауып жүргенде «Shagan Fest» фестиваліне шақырту келді. Қуана қабыл алыдық. «Ереуіл атқа ер салмай, ерлердің ісі біте ме» деп Махамбет бабамыз айтқандай, көппен бірге осы сапарға аттанып кеттік.

Алматы қаласы, Алматы мен  Жетісу облыстарының жер-жерінен келген тауға жүріп жаттыққан спортшысы, фестивальге қызығушылық танытқан жастар бірлестіктерінің өкілдері, кабинеттен шықпайтын балтыр еті піспеген біз стяқты ақ жағалылар бар 200-ден аса адам бірнеше автобусқа бөлініп мініп, Талдықорған қаласынан таңғы 7-де Шаған тауына қарай жолға шықтық. Алғашқы тоқтаған жеріміз Көксу ауданы, Ақтекше ауылының маңы болды. Ұйымдастырушылар мұнда киізүй тігіп, шатыр құрып, плакаттарын іліп, шараның шырайлы болатынын көрсетіп қойыпты. Осы жерде біраз дамылдап, сапардың мақсаты мен маңызын түсіндірген кездесуден соң көпшілік Шаған тауының шыңына қарай жолға шықтық.

Ұйымдастырушылардың талабы бойынша, көпшілік Шаған тауының шыңына дейінгі 2551 метр биіктікті бағындыру керек және шың басына жаяу көтерілетіндіктен жеке қауіпсіздігіне өздері жауапты болады. Сондай-ақ, сапар басталған жер мен шың басының дәл ортасында сусын ішіп, демалып аттанатын арнайы  дайындалған орын және күтіп алушылар бар екендігі ескертілді. Өрт сөндіру, «Жедел жәрдем» және полиция көлігі оқыс оқиға орын алса немесе 7 жастан 70 жасқа дейінгі фестивальге қатысушылардың денсаулығы сыр берсе, дәл кезінде көмектесуге сақадай-сай тұрды.

Басында топпен бірге топырлап жүре жөнелгенімізбен 1-2 шақырымды артқа тастағанда өкпеміз бен балтырымыз сыр бере бастады. Кәнігі тауға шығушылар көз ұшына ұзап кетті де, біз сияқты жолдан қосылғандар жиі-жиі тоқтап, арт жағымызға жалтақтап қарай бердік. Бірақ «Ерді намыс өлтіреді» деген бар ғой. Көптен бөлініп, артқа қайтып кетуге тағы да жігіттігіміз жібермеді.

«Мың шақырымдық жорыққа, бір шақырымдық сапарға аттансаң да бес қаруың сай болсын» делінсе  де, бұл жолғы сапарға дайындықсыз шыққаным сезіле бастады. Тау басына күре жолмен тартқандықтан бұта-бүргенге көп талана қойған жоқпыз. Қысқа жең жейде, шолақ шалбар, басымызға баскиім де кимегендіктен аптап ыстық ашық денемізді әбден аймалады. «Қап, тұра тұр, осыдан қалаға бара сала тауға шығуға арналған киім-кешек, құрал-жабдықтарды сатып алмасам», – деп өзімді-өзім қайрап қоямын. 

Бірақ жол бойында туризм индустриясын өркендетумен қосымша айналысып жүрген қазақтың қыз-жігіттерімен танысып қалдым. Соның өзі де үлкен олжа болды деп түйдім. Соның бірі Алматы қаласындағы №57 жалпы білім беретін мектептің физика пәнінің мұғалімі, Алатау тауларына барушыларға гид (экскурсия) қызметін көрсететін Жасұлан Жұмахан:

– Туризм индустриясы жекелеген мүдде үшін емес өлкеміздің көрікті жерлерін халық арасында насихаттау, шетелдік туристтердің елімізге деген қызығушылығын арттыру мақсатына қызмет етуі керек. Осыған байланысты туризм саласындағы гидтердің атқаратын қызметі ерекше. Олар еліміздің тарихи және мәдени мұрасын, жергілікті жердің ерекшелігін, ұлттық ғұрып пен дәстүрін түсіндіріп, таныстыру мақсатында қызмет атқарады. Туристердің қауіпсіздіктері мен амандықтары үшін де баса жауапкершілік алады, – дейді.

Әңгіме арасында атқарған жұмысымызды инстаграмдағы pohody_kz парақшам арқылы біле аласыз дегенді қосты.

– Осыған дейін Жасұлан Мұратханұлының бастауымен Алатау тауларындағы Мәншүк Мәметова өзені, Мыңжылқы бөгеті, «Терра» жазығы, Үлкен Алматы шыңы, Үлкен Алматы көлі (Жосалы көлі), «Қайрақ», «Бұтақты сарқырамасы, Қара сарқырамасы, Богданович мұздығы, Титов шыңы, Фурманов шыңы, Букреев шыңы, Көкжайлау, Кұмбел шыңы, Көне жЖапон жолы және тағы да басқа көрікті жерлерді көріп қайттық, – дейді тағы бір жолсерігіміз, Алматы қаласындағы №38 М. Ломоносов атындағы Қазақ-Ресей мектеп-гимназиясының физика пәнінің мұғалімі Нұрила Үсенқызы.

Қазақ жастарының осындай жалынды істерін естіген сайын жігерім таси түсті. Десе де аузым кеберсіп шөлдеп, сүйенетін таяқ таппай, екі тіземді кезек ұстап, жиі-жиі демалып, ілбіп жүріп шың басына жеттік әйтеуір. Бізден бұрын межелі жерге жеткендердің қарасы көп. Олардың қатарынан Жасұлан мен Нұриланы да көріп қалдым.  Дегенмен, менен кейін де біраз адам шаршап-шалдығып шыңға жетті.  Шың басында күтіп алған ұйымдастырушылар мойнымызға фестивальдің медалін тақты. Талай марапатқа ие болып жүрсек те бұл медальдің құны қымбатқа түсті. Өйткені ол тап-таза маңдай тер, күйген тері, сыздаған бұлшық еттің бодауымен келді.

Шыңға шығып, біраз демалған соң шаршағанымыз басылып, жан-жағымызға қарай бастадық. Енді көп естіп жүрген Әулие бастау мен оның маңындағы таңғажайып құбылыстарды да көріп кетуге аңсарым ауа қалды. Әулие бастау өткен ғасырдың 70 жылдары облыс тұрғындары телевизиялық сигнал тарату үшін орнатылған қодырғының сәл төмен жағында екен. Тауға шыққанша қиналғанымен төмен түсу қиындық тудырмады. Тез жеттім.

«Әулие бастаудың» үш көзі бар екен. Таудың қалың қыртысты жақпарынан шығып жатқан бұлақ суы тым аз болғанымен айналасындағы табиғат таңғалдырды. Бір қызығы, бұл жердегі аршалар жерге жайылып өспей, тік өседі екен. Әлемнің қанша жерін шарлап жүрсем де мұндай таңғажайыпты бірінші рет көруім. Бұлақтан сәл төменіректегі бір шаршы метрдей жалпақ тастың үстінде расында адамның сол аяғының тасқа батып түскен суретін көрдік. Оның анықтығы соншалық, аяқтың бес саусағының табы анық көрінеді. Іздің жанында үш таяқпен шұқығандай ойық бар.

Сол маңды ақтарып жүріп, көптің көзіне түспеген жартас суреттері мен белгілерді кездестіріп қалдым. Жартасқа басылған бұл сурет 1970 жылғы телевизиялық сигнал тарату қондырғысымен тікелей қатысты екені байқалады. Өйткені, бұл суретті сол кездегілер салған. Себебі, суретте көрсетілген белгілер сигнал қондырғысы мен оның айналасындағы жота-жондардың белгісі екендігі анық. Бұлақ суының құрамын тексерту үшін жарты литр сынама құйып алдым. Реті келсе, алдағы уақытта оның қорытындысын қосымша  айтармын.

Таудан төмен түсу аса қиындық тудырған жоқ. Жеңіл болды дей де алмаймын. Қазақтың туризм индустриясын өркендетемін деп еңбектеніп жүрген Жасұлан және қазақтың қаршадай қайсар қызы Нұриламен мәдениет, өнер, туризм саласындағы түрлі тақырыпта әңгімелесе жүріп, межелі жерге қалай жеткенімізді білмей қалдық.

Қоштасарда Жасұлан:

– Аға, енді күнделікті жүгіріп, реті келсе тауға шығып тұруды әдетке айналдырыңыз, – деген інілік тілегін айтты.

 Бұл тілекті орындай аламын ба? Оны алдағы уақыт көрсетеді. Бірақ, балаларды осындай әдетке тәрбиелеу керегігін түсіндім.

Қажет Андас
Ақтекше ауылы
Көксу ауданы