«Омбыдағы қазақтар» ұлт руханияты үшін тегін қызмет етуде

Уақыты: 17.06.2023
Оқылды: 878

Омбыдағы 100 мың қазақтың өз газеті болуы керек деген оймен 10 студент бас қосып, 2009 жылы «Атамекен» деген газет шығара бастадық. Сол кездегі Омбы политехникалық университетін редактор мамандығы бойынша бітірген Дастан Бейсебаевты бас редактор етіп сайладық.  

Редакциялық алқа мүшелерінің арасында кәсіби журналист болған жоқ. Бізді тек қазақ газетін шығару керек деген ой жетеледі. Газет шығарған студенттерге айына 5000 рубль керек болды. Содан стипендиямыздың 500 рублін осы  газетті шығаруға жұмсадық. Бірақ бұл біз үшін көп ақша еді. Сондықтан қаражатымыз 5-ақ нөмірге жетіп, өкінішке қарай, «Атамекен» газеті ұзақ өмір сүрмеді. Қаражаттың жетіспеуінен басылым жабылды. Газетті қайта шығару үшін көп уақыт қажет болды. Қазақ газеттің алғашқы саны 2014 жылдың наурыз айында қайтадан жарық көрді.

Осы уақытқа дейін жаңа ұжым жиналды, ақсақалдардан қолдау болды. Сөйтіп, газет шығаруды жаңаша қарқынмен қолға алып, «Омбы қазақтары» деген жаңа атаумен оқырманға жол тарттық. Газет беттерінде жергілікті авторлардың түрлі тақырыптағы мақалалары, «Менің ауылым», «Ел мақтанышы», «Қара шаңырақ», «Спорттық рух» айдарларын жүргіздік. Газет айына 1 рет шығатын болды. 2014 жылдың қазан айында «Ресей поштасымен» келісімшартқа отырып, жазылу науқанын жүргізе бастадық, жарты жылдан кейін Омбы қаласының әкімшілігінен газетімізге грант ұтып алдық. Бұл бізді шабыттандырды. Осылайша газет 2018 жылға дейін шықты. Газетке жазылатындардың аздығы өз алдына, бизнесмендер тарапынан қолдау көрсетілмей қалды. Қаражаттан қиналған соң редакция қызметін тоқтатуға мәжбүр болып, бұл істі тоқтата тұрайық деп шештік.

Өйткені ұжымдағы  редакция мүшелері тегін жұмыс істеді. «Дұрысы, жауып тастаңдар» дегендер де болды. Бір-ақ жауып тастасақ, кейін газетті қайта ашу қиын болатынын түсініп, уақытша тоқтата тұрдық. Сол кезде Максим Споткай бастаған 1 топ еріктілер осында «Замандас» газетін шығарды. Мен оларға: «2 газет шығару қиын. Жазатынымыз бір нәрсе. Бәріміз бірігіп, 1 газет шығарайық» деп ұсыныс айттым. Бірақ олар бұған аса мән бермеді. 1 жылдан соң біздің газет қайта ашылып, керісінше «Замандас» жабылып қалды да, онда істегендер біздің редакциялық кеңеске кіріп, жұмысымыз жандана түсті. Сөйтіп, ерекше қарқынмен, жаңа дизайнмен басында 4 бет болып шыққан газетіміз айына 1 рет 16 беттен шығатын болды. Алғашқы 1 жылда бас редактордың жұмысын Нәзия Исакова атқарды. 2021 жылдан бастап өзім бас редакторы болып еңбек етіп келемін. Бүгінгі күні редакция алқасында 11 адам тегін жұмыс жасап жүр.

Әрине, цифрлық дәуірде кез келген елдің газет саласы үлкен қиындықты бастан кешуде. Қоғам  әлеуметтік желіге тәуелді болып бара жатыр. Бірақ біз оқырман тартуда аянбай еңбек етіп жатырмыз. Біздің оқырман негізінен ауылды жердің қазақтары, егде жастағы адамдар, қазақ тілінде оқу білетін, бізге хат жаза алатын жандар. Газетіміздің таралымы 2000 дана. Әрине, біз өз еркімен жазылатындарға таратумен шектеліп қалмай, көп жұмыс істеуіміз керек. Ауқымды іс-шаралар мен концерттерде біз газетімізді сатып, «Омбы қазақтары» туралы айтып, жаңа оқырман тартамыз. Мемлекет тарапынан берілетін гранттарға жобалар ұсынамыз.

Технология қарқынды дамыған заманда «Газет не үшін керек?» деген сауал туындауы мүмкін. Біз өз басылымымызда қазіргі Омбы қазақтарының тарихын жазамыз. Қандай азаматтар қай жерлерде қызмет етіп жүр? Ауылымыздың мақтаныштары, жастарымыз туралы, ата-әжелердің тағылымдары мен өлеңдерін басамыз. Оқыманымызды барлық жаңалықпен таныстыруға тырысамыз. Газет – ақпарат көзі. Бүгін қиындығын біз көргенімізбен ол – 100-200 жылдан кейін ұрпақ үшін қатталған тарихқа, сақталған жәдігерге айналары сөзсіз. Ең оңай нәрсе – газетті жабу. Бүгін жазып үлгермесек, ертеңгі ұрпаққа не қалдырамыз? Олар біз туралы не біледі?

Омбыда 120 ұлт тұрғанымен ұлттық газет көп емес, бірі татарша, бірі немісше, бірі қазақша. Әр ұлт өз тарихын, мәдениеті мен өнерін, әдебиеті мен рухани құндылықтарын дәріптеуді, келешекке аманаттап жеткізуді көздейді. «Омбы қазақтары» газетінде тегін еңбек етіп жүрген әрқайсымыздың мақсатымыз – ұлттық мұрамызды осындағы ұрпақтың санасында жаңғырту.

Сөзімнің соңында сіздерге ақжарма тілегімді арнағым келеді. Қазақ баспасөзінің атасы «Jetіsý» газетіне 105 жыл толыпты. Бұл өте әсерлі кезең, тұтас бір ғасырлық тарих, тұтас бір дәуір. Газет Кеңес өкіметінің құрылуынан бергі бірнеше қоғамды бастан өткеріпті. Тәуелсіздік алғалы бергі жылдар жылнамасы жарқын жолдарға толы болғанына сенімім мол. Алар асуларыңыз биіік, ата басылымның ғұмыры ұзақ болсын. Сіздерге ақ тілегін жолдаған «Омбы қазақтары» газетінің ұжымы!

Торғын Мұхамедиярқызы,
заң ғылымдарының кандидаты,
Ресей Журналистер одағының мүшесі ,
«Омбы қазақтары» газетінің бас редакторы