Орбұлақ шайқасына 380 жыл

Уақыты: 16.07.2023
Оқылды: 828

Ықылымға бойласа ырысы алып Ер Тоңғадан бері ат үстінде ішілген қаһарман қазақ жұртының тарам-тарам тарихынан ерен рухтың қуатын бойға дарыта аламыз. Күллі әлемге күлік мінгізуді үйретіп, өркениеттің бастауын үзеңгі соғу, уық иіп баспана салу арқылы бастап берген кемеңгер ел екенімізді әртараптан мысалдай аламыз.

Күні кеше алты құрлықтағы ойлы оқырманға «Спартак» романын ұсынған Р.Джованьолидің аталмыш еңбегінде фракиялық көшпелі тайпадан тұтқынға түскен Спартак Рим халқының ермегі үшін Колизейде күнде болып жатқан қантөгістердің кезінде қаша жүріп шабуыл жасау тәсілін қолданғаны жазылмап па еді?

«Спартак» романындағы сол таңғажайып тактика сонау мыңжылдықтар мұғдарындағы мұң мен шерін, барақатты бақытын жерімен, түп жусаны һәм еркіндігімен салмақтаған көшпенді  халық сарбаздарының ұрыс тәсілі болатын. Қашып жүріп алдымен қуып жеткен гладиаторды өлтіріп, ақырында жауының бәрін қырып

дүбірлеткен нақ біздің халықтың ең әйгілі тактикасын қолданған. Біз осынау мысалды тегін тебіренісімізге тиек етіп отырғанымыз жоқ. Сан мың қолға 300 ғана әскермен тойтарыс берген спартандықтардың сол ерлігіндей ерліктің ерен үлгісін әлем тарихында қайталай көрсеткен тек қазақ елі ғана. Сол сұрапыл тарих шежіреміз бен тауанды тарихымызда «Орбұлақ» атауымен айшықтады. Міне, сол тарихи оқиғаның орын алғанына биыл 380 жыл толып отыр.

Мұздай құрсанып тоқым топырағыңды еміп, еліңді тоз-тоз етіп, манатыңа мамырлай қоныс тігемін деп 50 мың қолмен енген жоңғар әскерін сол кезде Салқам Жәңгір бастаған 600 қазақ сарбазы қарсы алған еді. Ұлы тойтарыс берген қолға және 100 қырғыз батырлары селбескен болатын. Жазиралы Жаркент жерінің солтүстік батысында жатқан алып таудың ұлы кеудесіндегі ойпаңды аран етіп, бұлақты бойлата ор қазып, сол 50 мың жауды қойша көгендеген айлалы қазақ сарбаздары рухымыздың білтесіндей тарихта таңбаланды. Самарқаннан екі түмен қол бастап, сары желіп жеткен Жалаңтөспен тізе қосып, қалмақтың құрыштай құрсанған 5 түменін қанға бөктіріп, қазақ жерінен қуып шыққан еді. Міне, осынау ұлы ерліктің, батырлықтың ордалы ошағындай болған киелі жерге күні кеше қазақ зиялылары табан сүйгізіп, бабалардың ұлы ерлігіне тағзым жасап қайтты. Құран бағыштап, құрбан шалды.

Тағылымды шара әуелі аудандық Мәдениет үйіндегі «Қасиетті Орбұлақ» атты республикалық ғылыми конференциямен бастау алды. Танымды, тарихи шараның шымылдығын құттықтау сөзімен ашқан Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек:

–  «Ұлтарақтай болса да атақоныс жер қымбат, ат төбеліндей болса да туып-өскен ел қымбат»  демекші, азамат үшін туған елінен ыстық не бар?! Ал осы ел мен жер тұнып тұрған тарихи құндылыққа толы болса, одан асқан қандай бақыт бар?! Жалпы, кең-байтақ қазақ жерінің кез келген пұшпағы қасиетті. Осы тұрғыдан алғанда Орбұлақ шайқасындағы ұлы жеңіс біз үшін мәңгілік мақтаныш. Кеше ғана Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңарту, тарау-тарау тарихты толықтыру керектігін атап өтті. Бұл шара соның нақты көрінісі деп білемін, – дей келе көпшілікті мерейлі күнмен құттықтап өтті.

Ғылыми конференция барысында қазақ әдебиеті мен тарихына елеулі үлес қосқан тұғырлы тұлғалар сөз алып, хатқа басылған шежірені тағы бір қайталай жаңғыртты. Әуелі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Орбұлақ шайқасын» қазақ тарихына ерен еңбекпен қоса білген классик жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы сөз алып, шымыр-шымыр ой тізбелеп, ұлы шайқастың қазақ танымындағы, тарихындағы орнын айшықтады. Өз кезегінде сөз алған ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті жазушы Әлібек Асқаров ұлы ерлік, тарихи ақиқат ел үшін ортақ құндылық екенін, тарихшы, ақын-жазушы, ғалымдар шежіреге шегендеген дүниеге күмәнмен қарауды қою керектігін айтып, ождан мен ардың асқақ шыңында Орбұлақ сынды шайқастар тұрғанын тілге тиек етті. Өз кезегінде осынау тарихи оқиға жайлы тереңнен тебіренгендер қатарында көрнекті жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Кәдірбек Сегізбайұлы, тарихшы, журналист Молот Солтанаевтар болды.

Ғылыми конференциядан кейін қазақ тарихының кесек тұлғаларына, айбарлы бабаларға арнап ас берілді. Осынау дүбірлі дүрмек Орбұлақ шайқасының тарихи орнында жалғасын тапты.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Панфилов ауданы