ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫ: "БАЙЫҒАН ЖОҚ, БАЙЫТҚАН КӨП"

Уақыты: 15.07.2023
Оқылды: 813

«Аузы күйген үрлеп ішер», – деген мақалды қаржы пирамидасынан алданып қалғандар жақсы түсінеді. Әлемді жаулаған қаржы пирамидасы ешбір жанды байлыққа жетелеген емес. Қаншама адамның көз жасы төгілді, тіпті арты қайғылы оқиғалармен аяқталған жайттар да жеткілікті. Өзімізді көк бөріге теңеген елміз. Бірақ неге бөрінің аңқау жемтігі сияқты ұрынып қала береміз?

«100 мың теңге салсаңыз 3 айда 300 мың теңгемен еселеп қайтарып аласыз», «Көлігіңізді нарықтағы бағадан да қымбат өткізіп, 3 айға бөліп үстінен пайда табасыз», – деген адам еліктірер жарнамаларды естіген шығарсыз. Қаржы пирамидалары өзін ұсыну үшін қоғамдық жерлерге, биік ғимараттарға үлкен плакаттар іліп еріксіз адам назары түсетін жерлерді пайдаланады.

Алғаш қаржы пирамидасын сонау XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында Италия мемлекетінің Чарльз Понци есімді азаматы ойлап шығарған. Бүгінде Понцидің ізбасарлары әлемді жаулау үстінде. Бірін жапса, екіншісі ашылады. Қаржы пирамидасына соңғы тиынына дейін беріп ақыры аяғында опық жеп қалғандар көп.

Қаржы пирамидасынның сценарийі бойынша қымбат мейрамханада шетелден келген директорлар шоу жасап, халықты үгіттеп, лоторея ойнатып, арасында 3-4 адамға қаржылай сыйлық беріп сенімге әбден кіреді. Бүгінде қаржы пирамидасын әлеуметтік желіде оқырманы көп блогерлер, отандық шоу-бизнес жұлдыздары, спортшылар жарнамалап береді. «Ол қаржы пирамидасы алаяқ екенін білмедік» деп, халықтан кешірім сұрап әсерлі видео жазбамен бөлісіп ауыр жазадан құтыла салады. Компанияны құрған басшылары қызметкерлерін сатып, ақшасын басып алғаннан кейін шетел асамын деп ұсталып жатыр. Қарапайым халықтың қаржысын қалтасына басып, шетелдік пайызы жоғары банктерге есеп шот ашып, пайдаға кенеліп отырғандар баршылық.

Ақша жетегінде жүріп туған-туыстарына, дос-жарандарына көргісіз болған қаншама азаматтар қайғы-қасірет кешуде. Ақшаны алуын алып, кейін дүйім жұрттың көзінше өзін-өзі өртеп, қол салғандар да кездеседі. Баласының еміне деп тірнектеп жинаған қаражатын өткізіп, ақыры аяғы ем алуға үлгермей қалғандар да бар. Халық құрыққа түскенімізді білмей қаламыз деп күйінеді. Арыз жазып сотқа жеткен күндердің өзінде кейбіреуінің салған қаражатын қайтарып алу мүмкіндігі аз.

Қаржы пирамидасында қаржылай сауаттылығы бар, бұрын банкте қызмет атқарғандарды, жарнамалау мақсатында СММ мамандарын, заң жолдарын шешіу үшін қорғаушы адвокаттарды жалдатады.

Алғаш қаржы пирамидасына тіркелгендерге айлықтан бөлек қосымша үстеме ақы беріп, өзгелердің назарына іліндіру үшін апта сайын сый-сияпат үлестіріліп отырады. Әмияндағы артық ақшадан кім бастартсын? Әншейінде құжаттың берілгенін оқымай қол қоя беретін халық компанияда қызметкерлері мөр басылған бір бума қағазды бергенде ішіндегі құрылымын ауызша айтып, ақыры аяғы төл құжатыңызды қалай беріп қойғаныңызды түсінбей қаласыз. Тізбекпен жиналған халықтың ақшасын алып, сотқа арыз түскенін естіген компания жабылып, ішіндегі қызметкерлерімен бірге жоқ болып кетеді.

 «Алтын көрсе, періште де жолдан таяды», – деген мақал бар. Жеңіл ақша табудан ешкім бас тартқан емес. Дегенмен айналаңыздағы адамдарды алдап, оңай олжаға кенеліп, бір күндік байлықтың жетегіне ермеуден сақтаңыздар. Тегін ірімшік тек қақпанда ғана болады. Таза маңдай термен еңбектеніп тапқан пұлыңыздан артық байлықтың болмайтынын һақ.

Айнұр РАХЫМБЕКҚЫЗЫ
ЖУ білімгері
Фото: көрнекілік үшін