Елге үміт сыйлады

Уақыты: 14.08.2023
Оқылды: 241

Биыл елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларына қайырымдылық жасауды басты мақсат еткен қоғамдық-әлеуметтік «Қазақстан халқына» қоры құрылған болатын. Сол арқылы ел ішінде қайырымдылық мәдениетін қалыптастырып, мұқтаж жандарға көмек қолын созу көзделіп отыр.

Ресми мәліметтерге қарағанда, бір жылдың ішінде қорға ірі компаниялардан, жекелеген қайырымдылық қорлары мен ұйымдардан, демеушілер мен жекелеген тұлғалардан 131 миллиард теңгеден астам қаржы түскен. Бұл қаржы қайырымдылық бағдарламалар мен қордың жобаларын жүзеге асыруға жұмсалды. Қор, сонымен қатар, төтенше жағдайдан және төтенше жағдай кезінде қабылданған шаралардан зардап шеккен жұртшылыққа, құқық қорғау және арнайы органдар қызметкерлерінің, әскерилердің, Қазақстан Республикасының аумақтық бүтіндігі мен қауіпсіздігін қорғау кезінде Респуауыр жарақаттанғандардың және қаза тапқандардың отбасыларына қолдау көрсетуді, көмек беруді назардан тыс қалдырмайды. Соның арқасында Қаңтар оқиғасы кезінде Жетісу облысында қаза тапқан 17 адамның туған-туыстары «Қазақстан халқына» қорынан өтемақы алды. Сондай-ақ, түрлі жарақат алған қарапайым тұрғындарға да өтемақы төленіп, күштік құрылымдардың зардап шеккен қызметкерлеріне материалдық көмек көрсетілді. Оған қоса қаралы оқиғадан қаза тапқандардың кәмелетке толмаған әрбір баласына қайырымдылық қолдау берілді.

Осылайша «Қазақстан халқына» қоры қысқа уақыттың ішінде көмекке шынымен мұқтаж жандарға тиімді қолдау көрсетудің айқын үлгісін көрсетті.

Өз тілшіміз