Ақсу ауданындағы қазба жұмыстары кезінде 30 ескерткіш табылды

Уақыты: 04.09.2023
Оқылды: 560

Археологтар Жетісу облысының Ақсу ауданында 30 шақты тарихи-мәдени ескерткіштің бар екенін анықтады, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.

Тау шатқалдарындағы петроглифтер кешені, обалар, көне тұрақтар шағын құрамдағы экспедиция кезінде табылды. 

Сергей Ярыгин мен Николай Ильдеряков 2 жылдан бері Ақсу ауданын зерттеп келеді. Археология институтының ғылыми қызметкерлері қазір Қайрақкөл мен Күнгей тауын кезіп жүр. Сол жерден тапқан қос тамғаны олжасына балайды. Себебі таңба меншік иесінің, қауымдастықтың және елдіктің белгісі, - дейді археологтар. 

Белгілер ерте темір дәуірі мен орта ғасырларға жатады. Тамға белгілі бір территориялық аумақты оның иесі бар екенін айғақтайды немесе рәсім өтетін жерге салынады. Мына жерде қатар тұрған 2 белгі одақтың құрылғанын немесе келісім жасалғанын білдіреді, – деді Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Сергей Ярыгин.

Петроглифтер кешені суреттердің көптігімен әрі жақсы сақталғандығымен ерекшеленеді. Көбіне онда жануарлар бейнесі мен аң аулау барысы сипатталған.

Тілші Шыңғыс Қалиденнің айтуынша, Археологтар Ақсу өзенінің аңғарынан 15 мыңнан астам петроглифті анықтаған. Олар қола дәуірінің соңғы кезеңі мен ХХ ғасырға дейінгі аралықты қамтиды. Мамандар тасқа салынған суреттерге қарап бұл жердің қола дәуірінен бері құтты мекен болғанын білуге болады дейді. 

Экспедиция барысында көне тұрақтар мен обалардың да бар екенін белгілі болды. 2 жылдың ішінде археологтар 30 шақты тарихи мәдени ескерткішті тіркеген. Арасында дәуір сабақтастығынан сыр шертетіндері де бар. 

Керуен бейнеленген суреттегі мына түйе қола дәуірінде салынған, екіншісі ерте темір дәуіріне жатады. Ал үшіншісі орта ғасырларда қашалған. Үшеуі де бір бағыттағы көшті көрсетіп тұрғандай, – дейді Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері Николай Ильдеряков.

Ғалымдар петроглифтер мен тамғалардың өлшемін алып, суретке түсіріп жатыр. Алдағы уақытта оны картаға енгізіп, кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізбек.