Қызылбастар еліндегі ереуіл

Уақыты: 18.01.2018
Оқылды: 1412

Биылғы Жаңа жылды жұртшылық мерекелік көңіл-күймен қатар әлемдік қауымдастықты елеңдеткен  Ирандағы толқулар туралы жаңалықпен қарсы алды. Дәл мереке қарсаңында бастау алған дүрбелеңнің негізгі себебін халықаралық деңгейде түсіндірушілер құны күрт өскен бағадан көреді. Онда да қызылбастар елінің халқы алғашында электр қуатының, ауызсу мен жұмыртқа  бағасының жедел өсуіне наразылық білдіргені рас. Алайда оңы мен солын енді тани бастаған жастардың наразылығы ендігі жерде басқаша сипат ала бастады. Соның кесірінен бірнеше күнге созылған бүліктен 20-дан астам адам қаза тауып, мыңдаған адам қамауға алынды. Күллі Парсы шығанағын қамтыған бүліктің дүмпуі Иранның алты қаласында жалғасып, саяси ұран жазылған үнпарақтар әр жерден бір желбіреді.

Үйіндегі баласының болашағы мен ертеңінің қалай боларын сол сәтте ойламағандардың басты талабы – қазіргі биліктің ауысуы және Сириядан Иран әскерін шығару еді. Толқу легі Тегеранға жеткенде бүліктің бейбіт сипаты өзгеріп, қатулы қабақтар мен түйілген жұдырықтарға ұласты. Осындай текетірестің кезінде Доруд провинциясында екі адам оққа ұшты. Бейбіт шеруге шыққан тұрғындарға кімнің оқ атқаны әлі белгісіз. Дәл осы қазадан соң дүр сілкінгендей болған бүлікшілер үкіметтік ғимараттарға шабуыл жасап, тәртіп сақшыларын тепкінің астына алды. Қаңтардың екісі күні Неджефабад қаласында бір полиция қызметкері аңшы мылтығынан ажал құшып, тағы үш қызметкер жараланды. Тіпті, көзі қарауытқандар Иран көсемі Али Хаманеидің резиденциясын шабуылдамаққа бекінеді. Осыдан кейін мұздай қаруланған  әскер Мемлекет басшысының өміріне қауіп төндірген қарсылықтың бетін қайтарды.
Шынын айтқанда, қазіргі әлемде біреудің қолымен от көсеп, бақыт пен берекеге бөккен тыныштықтың ойран-ботқасын шығарғысы келетін құпия күштер бар секілді көрінеді. Сондайлар өзі тұтанғалы тұрған шоқты үрлеп, маздатып жібереді. Әсіресе, адамдарды кездесуге шақырып, билік пен бұқараның арасын ушықтырушылар өз істерін әлеуметтік желілер арқылы атқарады. Дәл осындай желілік жүйе арқылы бейбіт елдің тынышын кетіргендерді Иран билігі қазір сұрақтың астына алуда. Қамауға алынған 1 мың 500 адамның қаншасының кәсіби арандатушы екендігі анықталса, қалғанын кепілдікпен босатады. Көп ішінде құр дүрбелеңге  ілесіп, ненің не екенін ажырата алмаған көпшіліктің «Саяси тұтқындарға бостандық!», «Ислам республикасы болғымыз келмейді», «Сирияны асырауды тоқтат!» деген жазуы бар плакат көтергені белгілі болып отыр. Онда да батыстан тәрбие алған жастар ұранға айқай қосқан. Ал, бүліктің басы үлкен қалаларда басталғанын ескерсек, бұған дейін тұрақсыздық белең алған аймақтардың толқуға аса құштарлана қоймағанын байқаймыз. Оған мысал ретінде күрдтер көп орналасқан өңірлерді айтуға болады. Соған қарап, Ислам дінінің шиизм тармағын ұстанатын Иран Ислам Республикасының көнекөз қарттары мен егде жастағылары толқуды қолдамағанын көреміз. Соған байланысты тарихы сонау Парсы патшалығы кезінен бастау алатын Ирандағы бүлік белең алмай, елдегі теңсіздікті жоюды мақсат еткендер тез тыйылды. Мұны ақсақалды қариясының айтқан басуына тоқтаған мұсылмандықтың бір белгісі деген жөн. Өйткені қазіргі қызылбастар еліндегі азық-түліктің бағасы шарықтап тұр. Одан бөлек, шет мемлекеттерге шықпақ болғандарға салынатын салық мөлшері де халықты титықтатып жіберген. Мәселен, Иран Ислам Республикасынан шетелге шықпақ болған бір адам қазынаға шамамен 150 америка долларына тең жан салығын төлейді. Жастардың басым бөлігі жұмыссыздықтан  сенделсе, сыбайлас жемқорлық тіптен өршіп кеткен. Соған орай мұндай толқулар 2009 жылдан бері жүріп келеді. Алайда алдыңғылары дәл соңғысындай ауқымды болмаған. Олардың бәрінде белсенділік танытқандардың желін халықтың өзі шығарып отырған.
Жергілікті саяси ахуалға көз салсақ, әлемдік даму үдерісінен сырт қалғысы келмейтін жас саясаткерлердің көптен бері дәстүрлі діни қауымдастықпен дүрдараз екендігі оңай көрінеді. Осыны тиімді пайдаланып қалуды көздеген сыртқы күштер үшін ирандық жастардың теңдігін көшеден сұрағаны дұрыс. Тіпті, мұхиттың арғы бетіндегі Ақ үйдің Махмуд Ахмадинежадтың тұсында Иранды «атом бомбасын жасайды» деп айыптап, тұқыртпақ  болғаны да күні кеше ғана. Бұл қысым Обаманың кезінде біршама толастап, Ирандағы әскери ядролық бағдарламаны дамытпау жөнінде келісім де жасалған еді. Алайда шоумен Трамптың ұстанған саясатының мүлде бөлекше екендігін көзі қарақты оқырман оңай байқайды. Пайғамбар заманында мұсылмандықты қабылдап, Ислам өркениетінің өркендеуіне үлес қосқан Иран Ислам Республикасының басшылары осыған орай алдын алу шараларын жеделдете жүргізіп, сырттан келуі мүмкін қауіптің бетін қайтаруды көздеуде. Соған байланысты интернет байланысы сүзгіден өткізіліп, толқуға шақырған кейбір әлеуметтік желілер жабылған. Әуежайлар мен вокзалдардағы бақылау күшейтіліп, күдік тудыратын әрекеттер қатаң қадағалауға алынған. Әрине, бұл әрбір мемлекеттің шұғыл жағдайда бірден қабылдайтын басты шаралардың бірі. Солай болуы да керек. Өйткені, мемлекеттегі тұрақтылықты, тыныштықты, қауіпсіздікті ойлаған әрбір елдің осындай қадамға барары анық.
Бүгінде әлемдік ақпарат құралдарында қысқа уақытта келте қайырылған Иран төңкерісінің себеп-салдарын талдау мен талқылау басталып кетті. Оның әрқайсысы әрқилы саяси ұстанымға орай бөлек-бөлек бағытқа тартып, қадау-қадау ой айтады. Еуропалық БАҚ Ирандағы дін өкілдері билігінің жойылуын талап еткен шет мемлекеттердегі ирандықтардың әрекетін сипаттап, астарынан парсылық былықты ашқандай болса, Ресейшіл ақпарат кеңістігі жалпыхалықтық митингінің артында АҚШ-тың саясаты жатқанын ашық айтудан тайсалар емес. Пікірлердің ішіндегі ең қызығы – Сирияға тізе түйістіре әскери қадам басқан Тегеран мен Мәскеуді алаңдатуға бағытталған толқу екендігін алға тартушылар бар. Мәселен, Мәскеудегі Таяу Шығысты және Орта Азияны зерттеу орталығының директоры Семен Багдасаров:
– Соңғы аптаның ішінде шерулер кезегі толастағандай көрінеді. Бірақ ол әлі де жалғасуда. Толқуға барлығы 101 қалада мыңдаған қатысушы үн қатқан. 2009 жылғы «түрлі түсті төңкеріске» қарағанда биылғы толқудың  бүкіл мемлекетті қамтығаны қорқытады, – деп Иран бүлігіне қатысты өз болжамын айтады. – Дүрбелеңге сырттан от тасталуда: Эрбиледе ЦРУ-дың ықпалымен құрылған шерулерді үйлестірудің құпия штабы жұмыс істейді деген сыбыс бар. Сондай-ақ, шеруге қатысушылардың басым бөлігі үкіметке қарсы «Моджахедин-э Халк» ұйымын қолдап отырғаны белгілі. Олардың штаб-пәтері Парижде орналасқан. Ал, Иран элитасы реформаторлар  мен консерваторлар  болып екі тарапқа бөлініп, текетіреске көшкен. Толқу кезінде көзге түскен соңғыларының жақтасы экс-президент Махмуд Ахмадинежад қазір үйқамаққа алынған. Одан бөлек, енді Кум қаласында студенттердің толқуы басталғандай. Қандай жағдай болғанда да Тегеран енді Сирия, Ирак, Ливан және Йемен қақтығыстары секілді сыртқы саясатқа жұмсап отырған шығындарын қысқартуға мәжбүр болады. Бір ғана Сирия режиміне экономикалық және әскери қолдау көрсетуге 7-9 миллиард долларға тең қаржы жұмсаған Иранға америкалық жаңа санкциялар ауыр тиіп отыр. Сондықтан ресми Дамаскінің бар ауыртпалығы Ресейдің иығына түседі.
Бұл ресейлік сарапшының пікірі.
Азияның кіндігін мекен еткен қазақ халқымен ғасырлар бойы әлеуметтік-экономикалық байланыста болған Иран Ислам Республикасын бабаларымыздың «қызылбастар елі» деп атағаны тарихтан белгілі. Қазақ ауыз әдебиетіндегі алтын мұра саналатын «Қобыланды батыр», «Көрұғлы» сынды батырлық жырларда халқымызбен тығыз қарым-қатынаста болғандығы айтылатын парсы жұртының көптеген асыл туындыларын жыраулар мен ақындар домбырамен сүйемелдеп, кейінгіге жеткізді. «Рүстем-Дастан», «Сал сал Зарқұм», «Жүсіп-Зылиха» сынды дастандар соның айғағы. Сондықтан жағрафиялық тұрғыдан көршілес Иран еліндегі тыныштықтың, бейбітшіліктің, тұрақтылықтың берік қалыптасуына біз де мүдделіміз. Әманда амандықта болайық.

 

Мәди АЛЖАНБАЙ.