Жуырда Шымкент қаласында қазақстандық кәсіпкерлердің қызметін бағалайтын «Сауда үздігі – 2016» байқауы мәресіне жетті. Оған жер жаннаты Жетісудың сегіз ауданынан 10 кәсіпорын қатысып, бақтарын сынады. Байқау қорытындысына сәйкес сегіз номинацияның екеуі бойынша қарасайлықтар жеңімпаз атанды. Олар арнайы дипломдар, бағалы сыйлықтармен қатар байқаудың символикасы бейнеленген әсем кубоктармен марапатталды.
Атап айтқанда, «Жылдың үздік жетекшісі» номинациясы бойынша «Бамбарбия Кергуду» тойхана кешенінің директоры Шолпан Әбішева бас бәйгені иемденсе, «Үздік бөлшек сауда кәсіпорны» саласында Әсел Баялинова басшылық ететін «АС – МАР Вкусный дом» ЖШС жеңімпаз деп танылды. «Бамбарбия Кергуду» тойханасын жұртшылық жақсы біледі. Мұнда еңбек ететін 70-тен аса адам соңғы қонағы кеткенше қызмет көрсетуді әдетке айналдырған. Бұл кешенде тойханамен бірге тәулік бойы жұмыс істейтін кулинарлық дүкен мен бильярд залы келушілерге сапалы қызмет ұсынуда.
Кейбір дәмханалардағыдай бизнес-ланч беру дәстүрі енгізілмегенімен түскі ас кезінде 20 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Кешен әкімшілігі ауданның елді мекендерімен тығыз байланыс орната отырып, түрлі салтанатқа, әсіресе белгілі тұлғалардың мерейтойларына белгіленген жерге барып қызмет көрсетуді дамытуда. «Біздің тойхана түрлі байқауға белсене қатысады, – дейді Шолпан Қалмұхаммедқызы. – Ұжымға басшылық еткеніме үш жыл болды. Сол аралықта осындай жоғары нәтижеге қол жеткізгеніміз, әрине, қуантады. Бұл болашақта да жақсы қызмет көрсетуімізге мұрындық болады деп ойлаймын».
Ал «АС – МАР Вкусный дом» ЖШС туралы айтар болсақ, бұл Әсел Баялинованың жеке ұмтылысымен дүниеге келген қазақстандық жаңа кондитерлік бренд болып табылады. Кәсіпорын өткен жылдың 20 наурызында ашылды. Онда 30-ға жуық адам еңбек етеді. Олар бүгінде 70-ке тарта кондитерлік өнімдер мен 15 түрлі тәтті тоқаштар, 10-ға тарта мұздатылған шикі фабрикаттар шығаруда. Ал кәсіпорын өнімдерінің табиғи таза шикізаттардан ең озық француз технологиясы бойынша жасалынуы сұраныстың артуына ықпал етуде. Бүгіндері «АС – МАР» компаниясы Қаскелеңде ғана емес, Алматы қаласының «Атакент» және «Тастақ» сауда кешендерінде де дүкендер ашып, өнімдерін ұсынуда.
Біздің жеңімпаздарымызды аталған байқауға бастап барған Қарасай аудандық кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі Ақшолпан Мараттың айтуынша, мұндай бәсекелер инновациялық технологияларды пайдаланып, тәжірибе алмастыруға, қызмет көрсету сапасын жақсартып, сала қызметкерлерінің шеберлігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қарасай ауданы.
Қуат Қайранбаев