Таңертең терезенің түбіндегі өсіп тұрған бір түп алма ағашына қонып алып дамылсыз сайрап отырған бұлбұлдың үнінен ояндым. Жұдырықтай ғана құстың таңғы тыныштықты тербетіп, мың құбылта сайрағанын тыңдап жатып сан түрлі ойға шомдым. Шіркін, құс біткеннің бәрінің бір-біріне ұқсамайтын өзіндік дауысы, әуені, әні бар, бірақ барлығының үні осы бір кішкентай ғана құстың құйқылжыта сайрауына жетпейді-ау деп ойладым. Түрлі әуенге салып сайрағанын естіп жатып, адамдардың ішінде де осы құс сияқты алуан әнге салып, тыңдаушысының жан дүниесін елітіп жіберетін ерекше дауыс иесі, жаратылысы басқа, тумысы бөлек жандар бар-ау деп жатып көз алдыма әйгілі әнші, ұстазым Дәнеш ағаның бейнесі келді.
…1976 жылы 9-сынып оқып жүрген кезімде Басқұншы ауылына концерт қойып келген Дәнеш ағаны тұңғыш рет көрдім. Арада 10 жыл өтіп, 1986 жылдың күзінде мен тұрып жатқан Кішішыған ауылына концерт қойып келген әйгілі әншіге досы Тоқбай Исабековтің ақыл-кеңесі мен жөн сілтеуі бойынша барып амандасып, таныстым. Ағаның: «Е-е, әлгі Абылай деп жүрген жігіт сен екенсің ғой. Бүгін осы ауданға қойған соңғы концертіміз, Талдықорғанға жолға шығып бара жатырмыз. Сен облыстық филармонияға кел, әніңді тыңдап көрейін», – деді. Сол ән айту мүмкіндігі 1987 жылдың 5 қаңтарында түсіп, ән салғанда Дәнеш аға мен филармонияның басшылары бірден ұнатып, мені қабылдады. Филармонияның директоры Таңатар аға Алшабеков: «Міне, мынау Дәнеш аға жетекшілік ететін «Тамаша» әзіл-сықақ кеші атты гастрольдік сапарларға шығуға ыңғайластырылған концерттік шағын тобы. Әншінің қасында бірге шәкірті бола жүріп әнін үйрен», – деп ағаның қасына қосып жіберді.
Бәрі-бәрі киноның таспасын айналдырып көрсеткендей көз алдымнан өтіп жатты. Ағаның домбырасын көтеріп, әнін үйреніп, басқа ештеңені ойламай, тек әннің тұңғиығына бойлап, еркін жүзіп, шөлім қанғанша сімірген тау бұлағындай ең бір бақытты жастық жағым көз алдыма келді.
Қазіргі күні ән үйреніп жүрген шәкірттерімнің және былайғы жұрттың, журналистердің білгісі келіп сұрайтыны Дәнеш ағаның ешкімге ұқсамайтын дауысының ерекшелігі мен әншілік қасиеті, қандай адам болғаны, қалай шәкірт болғаным. Әйгілі әнші, композитордың қазақ өнері мен мәдениеті тарихында алатын орны, сіңірген еңбегі жөнінде көп айтылып, жазылды. Мен ұстазым жайлы бұрын айтылмаған кейбір жайттар мен шығармашылық қырлары, өзіндік ерекше қасиеттері жайында жазуды жөн деп таптым.
Дәнеш Рақышев 1926 жылы Жаркент өңірінің Талды ауылында дүниеге келген. Әке-шешесі сол замандағы дүрбелеңде Қытай жеріне ауып, Дәнеш ағаның жастық шағы сол жақта өтеді. Қаратас, Жарсу деген мектептерден бастауыш білім алады. Дәнеш аға дүниеге келген жылдарда Қытайдағы қазақтарды асқақтата салған әндерімен сусындатқан әйгілі ақын, әнші-композитор Әсет Найманбайұлы дүниеден өткен еді. Жаратушы иеміз ерекше дарын иесі, әндерін өзінен басқа анау-мынау әншілер орындай алмайтын, туған жері мен елінен жырақта жүріп арманда кеткен Әсеттей асқақ әнші, ақын, композитордың шығармалары ұмытылып, жоғалып кетпесін, Әсет әндерін шашау шығармай жоғарғы кәсіптік деңгейде орындап, кейінгі ұрпаққа жеткізсін дегендей, Дәнештей қайталанбас бұлбұл әншіні өмірге әкелгендей. Дәнеш өскен ортасында әуелі өз әке-шешесінен, басқа да өнерлі үлкендерден тәлім алып, ән үйреніп, 13 жасқа дейін-ақ «әнші бала» атанады. Әкесі Рақыш өскен ортасының әндерін түгел меңгерген дарынды ұлының енді қанатын қатайтып, құлашын кең жайып алысқа сермесе, сол кезде аты аңызға айналған әйгілі Әсеттің әндерін алып қалған шәкірттерінің бірінен ән үйренсе деп армандайды.
Қазақ деген халықтың қай жерде болмасын той-томалағы, ойын-сауығы әнші, күйші, ақын, жыраусыз өтпеген. Ел ішінде болғалы жатқан бір тойға шақыртылып, Рақыш атамыз баласы Дәнешті қасына ерте барады. Той иесі әйгілі Әсет ақынның шәкірті, сол аймақтағы ел-жұртты шырқап салған әнімен, қисса-дастандары, жырымен сусындатып ризашылығына бөленіп жүрген Мәмет ақынды әдейі алыстан ат жіберіп алдыртқан екен. Әдеттегідей ас ішілгеннен кейін ел-жұрт жан-жағына қарақтап, жан азығын іздей бастайды. Әуелі «ауылдың алты ауызы», деп сол ауылдың өнерпаздары ән бастайды. Ақыры келген меймандардан «қонақ кәде» сұрап, қонақтар шамалары келгенше өз өнерін көрсете бастайды. Өз кезегі келгенде Рақыш атамыз да өнерден қаражаяу емес екенін көрсетеді. Елдің бәрі болды-ау деген кезде той иесі арнайы ат жіберіп алдыртқан құрметті қонағы Мәмет ақынға кезек береді. Бағанадан бері осындағылардың салған әнін естіп, ерекше шабыттанып, ширығып отырған әнші домбырасының құлақ күйін келтіріп алып, бірден Әсеттің асқақ әндерінен бастайды. Жаңа ғана ана әншіге анандай, мына әншіге мынадай мақтау айтып рахаттанып отырған жұрт нағыз әнші ән айтқан кезде естерінен танып қалғандай, нендей мақтау айтарын білмей, ауызына сөз түспей есеңгіреп барып есін жинап шуылдаса жөнеледі. Нағыз әншіні бұрын да тыңдап сағынып қалғандары бар, мұндай құдіретті әншіні алғаш көріп, алғаш рет тыңдағандары бар «тағы айта түс», «ой бәрекелді, өркенің өссін!», «мың жаса!» дегендей таң қалу мен көкейлерінде бұл әндер кімдікі, не қылған бұрын-соңды естімеген ән деген сұрақ жаудырып шуласады. Бұрын естігендер, «ай мынау әйгілі Әсет ақынның әні ғой, өзі де айтып отыр емес пе?», – деп неше түрлі болжам айтып, сан сұрақтың астына алып әншіге төне түседі. Асқақтата салған бірнеше әннен кейін, әнші бұрқырай шыққан терін орамалымен асықпай сүртіп, жайымен әңгіме бастап, өзінің кім екенін, ұстазы Әсет ақынның кім екенін, оның қасында шәкірті бола жүріп, асқақ әндерін қалай үйренгенін әңгімелеп, арасында өз жанынан суырып салып шығарып отырған өлең шумақтарымен көмкеріп, Әсеттің «Сәлиха – Сәмен» сияқты бірнеше қиссасын, жыр-дастандарын, оның шығу тарихын баяндайды.
Мәмет ақын бір аралықта үзіліс жасап, тысқа шығып қайта кірген кезде әйгілі әншінің көзіне түсіп, ақыл-кеңесін тыңдап қалғысы келгендер өнерін көрсетіп жатқан. Рақыш ақсақалға қайта кезек келгенде: «Бағана мені тыңдадыңдар ғой, мен өз кезегімді артымнан ерген тұяғым мынау Дәнеш деген жалғызым еді, осы балама ән салғызып, ел ардақтысы Мәмет ағасының батасын алса деп едім, сіздерден рұқсат болса», – деп домбыраны баласына береді де: «Ал балам, тартынба сал әніңе», – дейді. Өзі құралыптас жастардың көбі ұйықтап жатқан кезде, осы бір арықша келген аққұба бозбаланың ән айтылған сайын көзі оттай жанып, ешқайда кетпей әнді ерекше ынтаменен зейін салып тыңдағанын қырағы көз әккі әнші әу бастан-ақ байқаған еді. Дәнештің қолына домбыра тиісімен бірден ән бастап кетпей, бір жағы мықты әншінің мысы басып, ұялыңқырап қай әннен бастарын білмей кібіртіктеп отырғанын көріп Мәмет ақын: «Ал інішек, қысылма, әу деп жібер», – дегенде тез есін жиып, өзі ылғида ә дегенде бастайтын әнін домбырамен сұңқылдата бір қайырып, тап-таза мөлдіреген бала дауысымен сызылтып бір әуендетіп жібергенде отырғандардың бәрі бір серпіліп: «Ойбай-ау, нағыз өнер мында жатыр екен ғой», «Ой, айналайын өркенің өссін, тіл көзден сақта», «Рақыш-ау, мына балаң Мәмет ақын ағасы сияқты әнші болайын деп тұр екен», – деген мақтаулар мен жақсы тілектерін жаудырады. Осы бір елдің өзіне деген ілтипаты мен ықыласына оның үстіне Мәмет ақынның өзіне ерекше мейірлене ризашылықпен қарағанына арқаланып, екінші кезекте бір көтеріңкі дауыспен айтылатын әнді шырқайды. Таң ата бере ел жан-жаққа тарқасып кете бастағанда, Мәмет ақын Рақыш атаға келіп жолығуын сұрайды. Рақыш музыкаға ынтық баласының болашағынан зор үміт күткен. Қалайда нағыз әншіден тәлім алуы керегін армандап Боратола аймағындағы Сайрамкөл жағалауына көшіп келгендегі мақсатының орындалайын деп тұрғанын көз алдына елестетіп, қуаныштан қанша шаршаса да ұйықтай алмай, Мәмет ақынға баратын уақытты тағатсыздана тосады. Түс ауа Рақыш баласын оятып, атына мініп, көптен бері дайындап жүрген күміс басты ертоқымды ерттеп қойған құнанға мінгізіп, домбырасын орап, тері қабына салып қоржынның бір басына, екінші жағына бір құры киетін киімін салып, қанжығаға мықтап байлап, құрметті қонаққа тігілген үйге келеді. Қонағымыз қасындағылармен әңгімелесіп, қымыз ішіп отыр екен. Рақыш ата мен баласы үйге амандасып кірген кезде қырғыз өңдес, қызыл шырайлы дөңгелек жүзді, қою қара мұрты әдемі жарасқан орта бойлыдан сәл биіктеу, балуан денелі Мәмет ақын орнынан тұрып, көптен бері білетін, жақын жамағайыны келгендей қуана құшақтасып амандасады да оларды төрге шақырады. Мәмет амандық-саулық сұрасып, бірер кесе қымыз ішкеннен кейін қазір келесі бір ауыл қонаққа шақырып, адамын жіберіп отырғанын айтады. Содан ары жаз айлары біткенше Сайрам көлін жағалай қонған елді аралап, ән салып, күздің ортасы ауа қыстауға ел қонғанда ауылына бір-ақ қайтатынын айтады. «Әңгімені көп созбай бірден түннен бергі ойланып-толғанған шешімімді айтайын, қария. Қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрі бойынша атадан балаға, ұстаздан шәкіртке дарып, жалғастығын тауып келе жатқан бұл киелі өнер сіздің де ұлыңызға қонған екен, әлі өте жас, буыны қатпаған әншілігі де бір ізге түсе қоймаған, қанатын енді қомдап алысқа ұшайын деп тұрған сары үрпек балапаныңызды мен баулып көрейін, маған ілестірсеңіз. Өзімнің туған інімдей көріп, қасыма алып жүріп барымды үйретсем, ұстазым Әсет ағамыздан алғанымды осы баланың бойына шама-шарқым келгенше дарытсам деген оймен сізге қолқа салып тұрмын», – дейді Мәмет.
Рақыш қария осы бір ойды, осы ұсынысты өзі айтам ба деп келген еді.
– Түнде балам ән салғанда ештеңе айтпастан үнсіз кеткенде, ойпырмай мына кісі балам туралы үндемей кетті, ұнатпай қалды ма, әлде әлі жас бала екен деп қомсынып, елемей кетті ме деп сан түрлі ойға шомып едім. Дегенмен, келіп жолығыңыз деген бірауыз сөзіңіз осында жетелеп келген еді. Аллаға шүкір, айналайын көктен сұрағаным жерден табылып, өзіңе жолықтырған құдайға мың тәубе, жалғызым саған аманат, өзі де жүрегім осы жақсылықтың болатынына сеніп, ұлымды жолға әдейі дайындап алып келіп едім. Ендеше, ақ батамды берейін. Жорытқанда жолдарың болсын, жолдастарың Қызыр әлейкісалам болсын. Әсет ақынның асыл мұрасы өлмесін. Әумин! – дейді Рақыш ата.
Осылайша Дәнеш әкесінің ақ батасын алып, Мәмет ақынмен бірге аттанады. Осы бір бозбала кездегі ұстаздан тәлім-тәрбие алып әншілік жолының қалыптасуына кеткен сапарда қаншама ел көрді жер көрді, қаншама адаммен дидарласты, қаншама жанның ризашылығына бөленіп, батасын алды?! Бойы да, ойы да өсті, өнері де шыңдалды. Мәмет ақынмен бірге туғандай болып, қасынан бір елі қалмай өмірдің неше алуан қызығын, қуанышын, қиындығын да көрді. Ежелден келе жатқан дала дәстүрі бойынша Мәмет ақынның қасында ілесе жүріп, қыс-қыстау, жаз жайлауда отырған ел-жұртты аралап, ән салып ер жеткенге дейін 5-6 жыл шәкірт атанып, Әсеттің әншілік мектебінен тәрбие алып, шыңдалып, үлкен өнер иесі болып қалыптасады. Осы бір әншілік өнер жолы қалыптасу кезеңінде Әсеттің шәкірттерінің бірі Кәдрихан әншіні де бір мәрте халықтың алдында ән салған жерінде көргенін, оның асқақ дауысты әнші екеніне тәнті болғанын өз естелігінде айтады. Мәмет ақынға шәкірт болып, ел аралап, ән салып жүрген кезеңінде Әсеттің тағы бір шәкірті Рақымжанның ауылына да барып, әншіліктің қыр-сырын үйренеді. Рақымжан 2 көзі көрмейтін болғаннан ел аралап жүрмеген екен. Оның әнін ел ауылына барып тыңдаған. Той-жиынға шақырылса бір адам қасында жетектеп жүрген.
Дәнеш ағаның айтуынша, Рақымжанның дауысы Кәдрихан, Мәметтердің дауысынан да жоғары, құлаққа өте жағымды, әннің иірімін өте жұмсақ айтатын, жүректі баурап алатын, керемет дауыс еді деп отыратын. Рақымжан сол өңірдің ең сыйлы адамы Мешпет бидің немересі. Өзі бай, елге сыйлы қажы әрі бидің жайлаудағы ауылына сапырылып келіп кетіп жатқан қонақта есеп жоқ. Біреуі қажыға амандасамыз, біреуі биге жүгінуге келсе, біреуі жай әңгіме дүкен құруға, қызық көруге келіп осындай іргелі елден, қонақтан босамайтын, қымызы бұлақ болып ағылып, күнделікті үсті-үстіне сойылып, асылып жатқан малдың етінен ішіп жеп, бір жағы келіп кетіп жатқан қонақтарға ән салып, өнерін шыңдап, сол ауылда айлап жатып, Рақымжаннан да Әсеттің біраз әнін үйренеді.
1946 жылы Құлжа қаласында «Дәулет тобы» деген ұйғыр-қазақ театры ашылып, жан-жақтан ел ішінде жүрген өнерпаздарды шақыра бастайды. Дәнеш аға да сол театрға шақырту алып, алғашқылардың бірі болып қабылданады. Осы театрда бірге істеген Қайыпбек Байтасұлын ұстаз тұтып, әншіліктің қыр-сырын үйренеді. 1954 жылы «Қазақ облыстық театры» болып бөлініп, қайта құрылғанда, сол театрда 1959 жылға дейін әнші-актер әрі басшылық қызметінде жұмыс істейді. Қытайдың Бейжің, Шанхай, Ханжу, Харбин, Пенжим сияқты үлкен қалаларында өнер көрсетті. 1956 жылы Қытайға жазушы Сәбит Мұқанов келгенде қасында жүріп ән салып, ақыл кеңесін тыңдап, батасын алады. Сол жылы Қазақстан мен Орта Азия елдеріне өнер сапарымен келіп кетеді.
Сол сапары туралы көзі көргендердің айтқан естелігінде: «Қытайдан келген өнерпаздардың ішінде жас әнші Дәнеш Рақышев Алматы консерваториясының акт залында оқытушылар мен студенттер мен және халықпен кездесу жасап, ән салды. Естуімізше, ешқандай музыкалық білім алмаған, тек дала дәстүрі бойынша әйгілі Әсеттің шәкірттерінен басқа да әншілердің қасында жүріп ән салудың қыр-сырын өз бетінше үйренген, ән салуы ешкімге ұқсамайтын, дауысы да ерекше жас әнші жалғыз өзі осында орындалмаған, бұл жаққа белгісіз, сарыны бөлек 30-ға жуық әннің кімнің әні екені, әннің шығу тарихын әңгімелей отырып айтты», – деген еді.
Дәнеш аға 1959 жылы өзінің туған жеріне, Отанына түпкілікті оралды. Мұндағы еңбек жолын Панфилов ауданындағы «Октябрдің 40 жылдығы» ұжымшарында ұйғыр-қазақ ән-би ансамблін ұйымдастырудан бастап, Көктал, Үшарал ауылдарында халық театрын құрып, жетекшілік жасайды. Көркемөнерпаздар үйірмесі әртістерінің ортасынан суырылып шығып, ел астанасы Алматының, Мәскеу қалалары сахналарында ән салады. 1972 жылы Талдықорған облыстық филармониясына шақыртылып, осында әншілік пен қоса «Шұғыла», «Арай» ансамбльдерін ұйымдастырып, жетекшілік етеді. Кейіннен «Тамаша әзіл сықақ кеші» атты шағын топ құрып, Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, ән салып, халыққа аянбай қызмет жасайды. 1976 жылы «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі», 1986 жылы «Қазақ ССР-ның Халық әртісі» деген жоғарғы атақтарға ие болды. 1990 жылдары Талдықорғандағы қазақ мектеп-интернатында, қазіргі күні Дәнеш Рақышев атындағы мектеп-интернаты және Жетісу университеті музыка факультетінде өз класын ашып, талапты балалар мен жастарды әншілікке баулыды.
Әсет Найманбайұлының әндерін кәсіптік жоғары деңгейде орындап, Қазақстанға, елге жеткізуші, таратушы бірден-бір адам Дәнеш Рақышев. Сонымен бірге, сол замандағы осы жақтағы елге белгісіз болып келген көптеген басқа да халық композиторлары мен халық әндерін және қырғыз әндерін асқан шеберлікпен орындап жеткізуші. Сондай-ақ Қазақстанның белгілі композиторлары мен әуесқой композиторлардың әндерін орындап, кеңінен таратып насихаттаушы. Әрі композитор ретінде әр түрлі тақырыптарға шығарған 70-тен аса өзінің әні бар. Сонау Қытайдағы қалың қазақ пен Жетісудағы қазақтардың ішінде, міне, күні бүгінге дейін Дәнеш Рақышевтан басқа дәстүрлі ән орындаушылық мектебін қалыптастырған бірде-бір адам жоқ. Қазақтың ұлы тұлғалары Кенен атамыз, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбанов, Нұрғиса Тілендиевтер қазақта дәстүрлі ән орындауда бір-бір мектеп қалыптастырушы Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиевтар сияқты, осылардың қатарындағы өзіндік ән орындаушылық бөлек стилі бар ерекше әнші ретінде бағалаған. Дәнештің әншілік орындаушылық мектебі ғылыми тұрғыда музыка және өнертану ғылымдарымен айналысушы ғалымдардың әлі күнге дейін қызығушылығын тудырып келе жатыр. Көзінің тірісінде бір-бірін әке мен баладай құрмет тұтып, жақсы көрген, жиі араласып, сыйласқан Жәнібек Кәрменов ағамыз, сондай-ақ, қазіргі күні дәстүрлі әншілік өнердің ақсақалдары Қайрат Байбосынов, марқұм Қажыбек Бекбосынов, Мырзахмет Мұқаманов Дәнеш ағаны ұстаз тұтқан.
Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «Нағыз дарынды адамды мың емес, миллион адамның ішінде біреуі ғана танып біледі», – деген екен. Дәл сол миллионның ішіндегі жалғыз дана да дара тұлға Мұхтар Әуезов Дәнеш Рақышевты 1960 жылы Алматыда өткен Республикалық ақындар айтысында ән салған жерінде көріп, өзіне шақыртып, танысып, әңгімелесіп, әндерін тыңдай отырып, ән айтуда ешкімге ұқсамайтын өзіндік өрнегімен ерекшеленетін дарын иесі екенін танып-біліп, жоғары бағасын берген. Ұлы тұлғаның ақ батасын алған Дәнеш Рақышев домбырамен қосылып, дәстүрлі ән орындауда ешкімге ұқсамайтын өзіндік өрнегімен ерекшеленетін, Жетісудағы дәстүрлі әншілік-орындаушылық мектебін қалыптастырып кеткен дара тұлға.
Әйгілі әнші дүниеден өткеннен кейін Талдықорғандағы бір көшеге, қазақ мектеп-интернатына, Жаркенттегі бір көшеге, Үшарал халық театрына, Талды ауылындағы мектепке, Жаркенттегі балалар өнер мектебіне атын берді. Алматы, Астана, Талдықорған қалалары мен Жаркент өңірінде әр кезеңдегі мерейтойлары мен әндерін орындаушылардың Республикалық байқаулары өз деңгейінде өтіп келеді. 90 жылдық мерейтойы қарсаңында Алматыдағы Ықылас атындағы ұлт аспаптар мұражайына әншінің домбырасы қойылды.
Ағаның Ерғали Наймантаев, Зарықбек Рақыжанов, Санақ Әбеуов, Жақсылық Мырқаев сынды шәкірттері ұстаз аманатын өз деңгейінде орындап кеткен жандар еді. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мырзахмет Мұқаманов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайракері Нұржан Жанпейісов және Серікбол Шыныбаев сияқты шәкірттері әншілік өнерді қал-қадірінше жалғастырып келеді. Кенже шәкірті Нұржан Жанпейісов біраз жылдан бері Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде және Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Дәнеш ағаның ән класын ашып, сабақ беріп келе жатса, мен де 10 жылдай Талдықорған қаласы «Өнер» мектебінде өнерге, әнге бейімі бар балаларды оқытып, тәрбиеледім. Кейінгі 6-7 жылдан бері Қанабек Байсейітов атындағы саз колледжінде арнайы Д. Рақышевтың ән класын ашып, дарынды жастарды тәрбиелеп жатырмыз.
Қазақ елі тұрғанда Жүсекең, Ғарекең, Манарбек пен Дәнеш ағалар алтын қазығын қағып, бір-бір мектеп қылып қалыптастырып кеткен қазақтың әншілік, орындаушылық өнері жасай беретіні ақиқат.
Абылайхан ҚАРМЫСОВ,
ҚР Мәдениет қайраткері