Жетісу облысына ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту Комитетінің депутаттары жұмыс сапарымен келді.
ҚР Парламенті Сенатының депутаттары алдымен Талдықорған қаласындағы Салтанат сарайында аграрлық-өнеркәсіптік кешені өкілдерімен кездесу өткізді. Оған Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев және аймақтағы ауыл шаруашылығы саласына жауапты лауазымды тұлғалар мен кәсіпкерлер, тағы басқалары қатысты. Отырыста аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев сөз сөйледі.
– Мемлекетіміздің экономикасы мен халқымыздың әлеуметтік жағдайы үшін ауыл шаруашылығы саласының маңызы өте зор. Себебі, ауыл шаруашылығы еліміз үшін экономиканың негізгі басым бағыты, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігінің басты кепілі, əлеуметтiк жағынан да ерекше маңызға ие. Ауыл – қазақ елінің жүрегі, халқымыздың құт мекені, қайнар көзі, алтын бесігі. Сондықтан да мемлекетіміздің алға қойған аса негізгі мәселелерінің бірі – ауылдық аумақтарды дамыту. Сондықтан кездесудің басты мақсаты – аталмыш салалардағы өзекті мәселелерді ашық талқылап, шешу жолдарын қарастыру, – деді Әли Әбдікәрімұлы.
Сондай-ақ, ол республикадағы 6 295 ауылды елді мекендегі 7,5 млн. ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсарту, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бүгінде стратегиялық маңызды міндет екенін, ауылды өркендетпей, мемлекеттің дамымайтынын Жетісу облысында 2027 жылға дейін жалпы құны 46 млрд. теңгенің 55 инвестициялық жобасын іске асыру жоспарланғанын, алдағы 3 жылда қант қызылшасының егістігін 15 мың гектарға дейін жеткізу көзделіп отырғанын сөз етті.
Айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынуда. Мақсат – ауылдық жерлердегі халықтың табысын арттыру, яғни ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында мерзімі 7 жылға дейін жеңілдетілген пайыздық мөлшері 2,5 % аспайтын несие ала алады. Сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Биылға пилоттық жобаны кеңейту үшін 11 мыңнан аса шағын несие беру жоспарымен 52,4 млрд. теңге, оның ішінде Жетісу өңіріне 400-ге жуық шағын несие беру үшін 1,5 млрд. теңге қарастырылған.
Өз кезегінде Бейбіт Өксікбайұлы аймақта ауыл шаруашылығы саласын өркендету, «Ауыл ел бесігі» жобасын іске асыру, қант қызылшасын дамыту, Ақсу, Көксу қант зауыттарының жұмысын жандандыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндірістерді өркендету және субсидиялау бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сонымен бірге аймақта мемлекеттің қолдауын тиімді пайдаланып, 2027 жылға дейін жалпы құны 46 млрд. теңгеге 55 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отырғанын, ауылдықтарды жайылымдық жермен қамтамасыз етуде орын алған проблемалардың бар екенін, бұл мәселені шешу айрықша назарда болатынын және осы бойынша жүріп жатқан жұмыстардың аз еместігін алға тартып, шаруалармен кездесу өткізіп, аймақтағы проблемалар мен олардың жайын білуге келген депутаттарға алғысын жеткізіп, істеріне сәттілік тіледі.
Бұдан соң «ҚФҚ» Жетісу облысы бойынша филиалының төрағасы Асқар Шәріпов, облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев, «Хильниченко и К» сенім серіктестігі, басқа да шаруашылық иелері сөз сөйлеп, ауыл шаруашылығы саласындағы қордаланған мәселелерді тілге тиек етіп, оң шешімін табу жолдарын қарастырды. Көкейдегі ойларымен бөліскен шаруашылық иелері бүгінде жайылымдық жердің жетіспеушілігі мал шаруашылығын өркендетуге айтарлықтай кері әсерін тигізіп отырғаны, су шаруашылығындағы инфрақұрылымды дамыту мен тапшылығын болдырмау кезек күттірмейтін мәселелердің бірі екені, минералды тыңайтқыштар мен ауыл шаруашылығы техникаларының басым бөлігінің тозығы жеткені және оның утилизациялық алымы, ауылды жерлердегі маман тапшылығы мен балық шаруашылығы бойынша кездесетін түйткілді мәселелерді көтерді.
Соңында Әли Әбдікәрімұлы: «Осы айтылғандардың мазмұны өте ауқымды әрі маңызды. Көтерген ой-пікірлеріңізді Үкіметке жолданатын Ұсынымдарға қосамыз. Кездесуге қолдау көрсеткен Бейбіт Өксікбайұлына шын жүректен алғыс айтамыз. Ауылдық аумақтарды дамыту, соның ішінде аграрлық саланы өркендету, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз ету, ауылдың инфрақұрылымын жақсарту жолындағы орасан зор қажырлы еңбектеріңізге толағай табыстар тілейміз», – деді.
Бұдан соң депутаттар Ескелді ауданындағы суару жүйелерінің құрылыс жұмыстарын көріп, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Алматы филиалының мамандарымен кездесті. Аталған филиалдың бас инженері Аслан Жұмағалиұлының айтуынша, өңірде суармалы жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары 2018 жылы басталған. Жалпы, механикалақ тазалу 2054 шақырымға жүргізіліп, темірбетонмен қапталған су арналарының 11,6 шақырымы жасалған. Су шаруашылығы құрылымдарының басым бөлігі жөндеуден өткен. Осындай ілкімді істердің арқасында 4 262 гектар жерге су жеткізу қызметі жақсарған.
Сондай-ақ аталған аудандағы Қаратал өзеніндегі су бөгетін қайта жаңғырту биылдан бастап 2026 жылға дейін жалғасатыны белгілі болды. Құрылыс құны 417 миллион теңгені құрайды. Осындай іргелі істердің нәтижесінде Талдықорған қаласы мен Ескелді ауданындағы 10 348 гектар жер сумен қамтамасыз етілмек. Су шаруашылығы мамандарымен кездескен депутаттар да өздерінің ойларымен бөлісіп, бұл бағыттағы жұмыс назарда болатынын жеткізді.
Айгүл Байбосынова





