ЭКОЛОГИЯ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

Уақыты: 04.06.2022
Оқылды: 550
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Қазақстан Республикасы халқының экологиялық ақпаратқа қолжетімділігі: заңнаманы сот және өзге де қызметте қолдану практикасының проблемалары мен перспективалары»  тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияның пленарлық отырысында  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ләззат Сүлейменова мен І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ректоры Қуат Баймырзаев баяндама оқыды. Шараны заң ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Ләззат Еркінбаева жүргізіп отырды.

 

Конференция жұмысына ҚР Парламенті Сенаты мен  Мәжілісінің депутаттары, Жоғарғы Соттың судьялары, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің экологиялық ақпаратты жинауды, сақтауды, өңдеуді және таратуды ұйымдастыру басқармасының, қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығының басшылары мен мамандары, облыстық мәслихат депутаттары мен облыстық соттың  судьялары, әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласының мамандары, Алматы қаласы мен Батыс және Шығыс Қазақстан облыстары бойынша экологиялық департаментінің басшылары қатысты. 
Конференция аясында Белоруссия, Ресей, Эстония, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Испаниядан онлайн қатысқан заңгер-экологтар, ҮЕҰ өкілдері, ғалымдар, жоғары оқу орындарының тәжірибелі заңгерлері, отандық және шетелдік экологтар мен құқық саласы бойынша сарапшылар мен практикалық қызметкерлер баяндама жасады. 
Соңында экологиялық ақпараттың цифрлық платформасы ретінде қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесіндегі мәселелер, қоршаған орта және азаматтардың экологиялық құқықтарын қорғауды реттеу мәселелерін шешудің жаңа бағыттары ұсынылды. Осы ұсыныстар ҚР Экологиялық кодексіне және ҚР азаматтық істер жөніндегі экологиялық заңнамасын қолданудың кейбір мәселелері туралы заңнамаларға толықтырулар мен өзгертулер енгізуге жолданды.

Қ. ОМАРАҚЫН