АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ІЛЕ АУДАНЫ ЖҰРТШЫЛЫҒЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Уақыты: 19.06.2022
Оқылды: 1199
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алматы  облысының  әкімі Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ Іле ауданы жұртшылығымен жүздесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен болашақта атқарылар жұмыстар жайында кеңес өткізді. 

Алғашқы болып мінберге көтерілген Марат Елеусізұлы мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етіп, халықтың табысын арттыру мақсатында атқарылып жатқан шараларға тоқталды. 
Алматы облысы экономикасының дамуына Іле ауданы үлкен үлес қосады. Облыстағы өнеркәсіп өнімінің 35 пайызы осы ауданның үлесінде. Аудандағы 309 кәсіпорын, оның ішіндегі 245  өңдеу өнеркәсібінде 5 айда 241,6 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 19,2 пайызды құраған. 
 Өзге өңірлердегі сияқты, мұнда да жайылымдық жердің жетіспеушілігі – басты мәселенің бірі. Мониторинг барысында ауылшаруашылығы мақсатындағы 208,5 мың гектар пайдаланылмай жатқаны  анықталған. 
Білім саласында биыл облыста 32 мектеп салынып, 24 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Үш ауысымда оқытуды жою – басты міндеттердің бірі. Облыстағы осындай 54 мектептің 20-сы – Іле ауданында,  3384 оқушы орны жетіспейді.
Денсаулық сақтау саласында аудан тұрғындарына 34 медициналық мекеме қызмет көрсетеді. Биылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нәресте өлімі 2 есеге, жалпы өлім-жітім 15 пайызға өскен. Сондықтан бұл сала да баса назар аударуды қажет етеді.
Алдағы уақытта аудан экономикасын жедел дамыту үшін барлық салаларда резервтер мен мүмкіндіктерді пайдалану қажет. Осыны айтқан Марат Елеусізұлы бірқатар ұсынысын ортаға салды. Бәсекеге қабілетті өнім шығаруға бағдарланған жаңа кәсіпорындар ашу және  жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту бірінші кезектегі іс екені ескертілді.  Іске асырылып жатқан инвестициялық жобаларды ерекше бақылауға алу және олардың іске қосылуын қамтамасыз ету назарда болуға тиіс. 
Жылыжай шаруашылықтары мен тауарлы-сүт фермаларын іске қосу қажет. Қайта өңдеу өндірістеріне инвесторлар тарту, жаңа технологиялар  енгізу тапсырылды. Пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару және оларды ұтымды пайдалану, жердің нысаналы мақсатын негізсіз өзгертуге жол бермеу жүктелді.
Қолданыстағы заңнамаға сай жеке тұрғын үй құрылысы үшін инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жер телімдерін беру және жер деректерін цифрлау бойынша қажетті шаралар қабылдануға тиіс.
Халықты орталықтандырылған сумен, су бұру жүйесімен және газбен қамтамасыз ету мәселелері ерекше бақылауға алынады. Жолдарды жөндеу сапасын қадағалап, білім, денсаулық салаларындағы құрылыс, күрделі жөндеу көзден таса қалмауы қажет. Ана мен нәресте өлімін болдырмау шараларын қабылдау кезек күттірмейді.
Ілелік тұрғындар облыс басшысына бірқатар сауал қойды.  Атап айтқанда, 150 мыңнан астам адам тұрып жатқан саяжайлардың мәртебесін өзгерту, Алматы қаласы мен аудан орталығына қатынайтын қоғамдық көліктердің жұмысын жандандыру, Өтеген батыр кентіндегі Халыққа қызмет көрсету орталығы мен еңбекпен қамту мекемесінің ғимаратын талапқа сай етіп қайта салу, Жетіген ауылындағы аурухана ғимаратын жаңадан тұрғызу   сынды жылдар бойы шешімін күткен  түйткілдер бар.  Сонымен бірге Іле ауданында сонау кеңестік дәуірден келе жатқан «Комсомол», «КазЦИК», «Междуреченск», «Чапаев», «Покровка» сияқты ауылдардың атын өзгертіп, тарихи атауларын қайтару туралы да айтылды.  Жекеменшік балабақшаларға мемлекеттен көрсетілетін көмекті уақтылы қамтамасыз ету, «Алматы-Су» кәсіпорнынан шығатын қалдық судың салдарынан адам денсаулығына аса зиянды химиялық қоспалардың ауаға таралуы жайында да сөз қозғалды. Сауалдарға облыс басшысы мен Іле ауданының әкімі  және тиісті мекеме басшылары нақтылы жауап  қайтарды.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ