АУЫЛ ЖАЙЫН ҚОЗҒАДЫ

Уақыты: 19.06.2022
Оқылды: 1298
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алматы облыстық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Кеңес төрағасы Ерғазы Қошанбеков Алматы және Жетісу облыстарының жеке-дара құрылуына орай қоғамдық кеңес мүшелерін де бөлу қажеттілігі туып тұрғанын жеткізді. 

Осыған орай кеңес мүшелеріне дауыс беру ұсынылып, нәтижесінде Алматы облыстық қоғамдық кеңесіне 7,  Жетісу облыстық кеңесіне 21 мүше сайланды. Бұдан соң кеңес мүшелері сөз алып, Кұрметбек Сансызбай қоғамдық кеңес халық пен билік арасындағы алтын көпір екенін жеткізсе, Лариса Котельникова ауылды дамыту жайын қозғап, осы мәселені облыс басшылығы алдына қоюды ұсынды. Кеңес отырысына онлайн қатысып отырған Қазбек Дәуталиев Еңбекшіқазақ ауданындағы ауылдық округтармен етене жұмыс істеп жатқанын айтып, аңшылық мақсаттағы жерлерді пайдалануда түйткілді жайттарды ортаға салды. 
– Екі облыс та аграрлы. Ауылшаруашылығы жайын жақсартсақ, халықтың тұрмысы да түзу болады. Облыс тұрғындарының 70-80 пайызы ауылда тұрады. Жерімізді игеріп, малымызды өрістетсек, нәтижелі табысқа да жетеміз. Ауылда шешімі табылмай жатқан қоғамдық, әлеуметтік мәселелер де бар, соларға назар аударайық, – деген ойын жеткізді Тынышбай Досымбеков. 
Баниямин Файзулин қоғамдық кеңестің жұмысын ары қарай жандандыру туралы ойларымен бөлісті. 
Отырысты қорытындылаған Ерғазы Қошанбеков екіге бөлініп жатқан қоғамдық кеңестің жұмысына табыс тілеп, халық игілігі үшін аянбай қызмет етуге шақырды.

Алма ЕСЕНБАЙ