АРАЛҒА СУ КЕЛЕ МЕ?

Уақыты: 23.06.2022
Оқылды: 1546
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бір кездері Аралдың іргесіне кеме тоқтап, жүк артылған, қатынас жанданып, теңізде талай балықшы тер төкті десе кім сенер?! Бүгінде сол көріністердің барлығы тарихқа айналды. Себебі сол кеме тоқтаған жерге барсаңыз алып ойпат көзіңізге оттай басылып, қаңқаға айналған алып крандар алдыңыздан шығар. Теңіз ананың қайта оралуын күтіп, жыры мен күйін арнаған алыптар қаншама?! Сондай аға буын әлі де жүр арамызда. Күні кеше теңіз ананы қайта түлету мақсатында ұйымдастырылған экомарафонына куә болдық.

2-3 мәрте қатарынан өткен бұл шарада теңіз тағдыры толғандырған еліміздің көптеген зиялы қауым өкілдері басқосты. Алдымен елге келген делегация Көкарал бөгетіне барып, Кіші теңізді сақтап торған ғасырлық жобаның қазіргі жай-күйімен танысты. Онда жергілікті мамандар мен Тараз және Қызылордадан қосылған су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бас қосып, пікір талас алаңында «Аралға су келе ме?» деген сұраққа әр тараптан жауап іздеді. Мұнан соң Арал қаласында аудандық Мәдениет үйінде ғылыми-практикалық конференция өтті. Алыс-жақын шет мемлекеттерден де келіп төбе көрсеткен экологтар мен теңіз жанашырлары ой бөлісіп, жаһандық мәселе төңірегінде салиқалы әңгіменің тиегін ағытты. Конференцияда Кіші Аралды сақтап қалу өз алдына, тұтас теңізді қалпына келтіру мәселесі қаузалды. Мұнда негізі мәселе теңізге құяр дария арналарын реттеп, трансшекаралық су ағындары мен халықаралық көлдерді бақылау жайы қозғалды. Трансшекаралық өзен суын пайдалануда ысырапшылдыққа жол беріле берсе аймаққа экологиялық апат тағы да қайталануы мүмкін. Міне конференцияға қатысушы ғалымдарды осы мәселе алаңдатады.

Теңіз тағдырына, Аралдың ертеңіне алаңдаған ниеттес жандар бас қосқан конференцияға «Тұран ойпаты-Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, зейнеткер З. Айтжанова төрағалық етіп, бұл басқосудың маңыздылығына тоқталды. Алдымен сөз тізгінін алған эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатыров тұщымды ұсыныстарын ортаға салды. Мәселен Көкарал бөгетін екінші кезеңін жүзеге асыру барысында 51 метрлік биіктікке көтеру. Ал «Арал - Сырдария бассейнінің экологиясы мен биоресурстары ғылыми зерттеу институты» ЖШС Арал филиалы директоры, ғалым Зауалхан Ермаханов «Арал теңізін қазіргі қалпында сақтау проблемасын шешу жолдары» тақырыбында баяндама жасап, Тұщыбас көлі арқылы бөгет салу, ондай жұмысқа Аралды қорғау қорының қаражатын пайдалану мен ғалымдар арасында ғылыми жобалар конкурстарын жүргізу қажеттігін атап өтті.

Ресейдің зоологиялық институттың профессоры Аладин Николай: «Су болмаса балық та болмайды. Өзеннің бүгінгі жағдайын көріп жанымыз ауырады. Қанша қаражат жұмсалды, күш кетті. Бірақ Аралға су жетпей жатыр. Бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды. Ертерек шешім қабылданбаса болашағын елестету қиын», – деп Лаборатория қызметкерлерінің сонау 1992 жылдан Аралды сақтау күресінің, сол жылдарғы құмнан соққан бөгет пен темір бетонды бөгет салынуының тарихын тереңнен айтып берді.

«Байтақ болашақ» экоальянсының төрағасы Азаматхан Әміртай Аралдың мүшкіл жағдайы сонау Кеңес одағы заманында күрделенгенін баяндап, шығу жолдарына ұсынысын жеткізді. Шығармашылық жолында Аралына арнаған күйлері мен өлеңдер жинағын ұсынып, әкелік батасын беріп, сөз кезегін алған Мұрат Сыдықов ағамыз конференцияны жалғастырды. Тақырыптық нақты ұсыныстарымен ерекшеленген баяндама авторы Болат Нұрқожаев сөзден нақты жұмысқа көшу қажеттігін тағы қайталады. Аралды қорғау жобасының инвесторы, Иран азаматы Мехди конференция жұмысына онлайын форматта қатысып, слайдтар презентациясымен дәлелдеп, тыңдаушылардың назарына өз жобасын ұсынды.

Баяндамашылардың ең жасы – алматылық ғалым Виталий Морозов отандық зоологтарлың теңіз толысқанша жан-жануарларды, мақлұқтарды сақтау, өсіру тәсілдерін шөлейіт жағыдайда «Барсакелмес» қорғы арқылы жүзеге асыру мүмкін екендігін ортаға салды. Айта кетейік, Барсакелмес резерваты дүниежүзілік мәртебелі тізімге енуіне тікелей еңбек еткен ҚР ғылым академиясы зоология институтының директоры Роман Ященконың еңбегі ерен. Жастар қатарынан Құрмет Талапқазы күріш егуге мораторий жариялау ұсынысын қайталап, аңқасы кепкен Аралға Ертіс өзені суларын тартуға құбыр алатын қаражат жинауға бастамашыл болуына тілегін білдірді. «Тұран ойпаты-Арал теңізі» қоғамдық бірлестігі атынан Нұртуған Тұржанов Аралды қорғаудағы мақсат-мүдделеріміз бен жеңіске жету жолдарын көрсетіп, рухтандырды.

Артынша Виктор Вильковиский «Теңіздің оралуы» атты жаңа деректі фильмін көрсетті. Пікір таласта Қуанышбай Ердықалықов, Сайлаубай Жұбатыров, Аладин Николай, Хамза Қуатов сынды бірқатар қонақтар деректі фильм төңірегінде ортақ ой бөлісті. Режиссёр В. Вильковиский тыңдаудан соң жаңа деректердің, кейіпкерлердің пайда болуына байланысты фильмңің толықтырылып, қайта түсірілуі мүмкін екендігін ескертті.

Арал тағдыры басты назарға алынған осынау ауқымды шарада «Байтақ Болашақ» экологиялық альянысы» мен «Тұран ойпаты-Арал теңізі» ҚБ ІV Халықаралық экологиялық «Арал тағдыры – Адамзат тағдыры» конгресінің қарары қабылданғанын айта кету керек. Келесі күні арнайы құрбандыққа мал шалынып, құран бағышталды. Сол баяғы теңіз портының іргесіне ертесімен жиналған жанда есеп жоқ. Барлығы да Арал теңізінің толғанын тілейді. Бұл «Аралға су келе ме?» деп аталатын халықаралық экологиялық акция аясында бастау алған «Экомарафон – Арал 2022» қорытынды жиынының нақ көрінісі болатын.

Иә, Бұл марафон аты айтып тұрғандай, жалпы қазақ жұртшылығына ортақ бастама екенін айтып өткен жөн. Әрине теңіз тамшыдан құралады. Бастысы ниет болса теңіз де оралар. Осылай деп ниеттенген жұртшылық бастаманы жақсы ырымға балап, қолдарына ұстай келген құтыдағы суларын аңқасы кепкен үлкен ойпатқа қарай төгіп жатты.

 Расында «Ниетке найза бойламас» деген елдің ұрпағы қай бастаманы қолға алмас бұрын алдымен ниет қылған. Бұл жолы да үлкен-кішінің келешектен үміт етіп қолға алған бұл бастамасы көпке ой салары анық.

 

Ұлмекен ҰЗАҚБАЙҚЫЗЫ