Қаһарманды құрметтеді

Уақыты: 23.06.2022
Оқылды: 1405
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорған қаласында ауған соғысының ардагері, «Халық қаһарманы», генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевтың жүлдесіне арналған 2006-2007 жылы туған жасөспірімдер арасында бокстан республикалық турнир өз мәресіне жетті.

Аталмыш додаға 13 команда, 100-ге жуық былғары қолғап шеберлері қатысты. Жарысқа келгендердің барлығы нағыз шебер боксшылар екенін көрсетті. Жарыстың ашылу салтанатында ауған соғысының ардагері, батыр ағамыз Бақытжан Ертаев пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев сөз сөйлеп, жас боксшыларға сәттілік тіледі.

Сонымен бес күнге созылған байрақты бәсеке нағыз шайқасқа толы болды. Жеңіске жеткен боксшы спорт шеберлігіне үміткер деген атаққа қол жеткізеді. Ермахан мен Бекзаттың жолын жалғаған боксшылар шаршы алаңның шаңын қақты.

Бірінші болып 42 келідегі боксшылар жарыстың алғашқы жүлдесіне қол жеткізді. 1-орынды Ахметжан Ахметжанов жеңіп алса, 2-орынды Аян Абылғабыл місе тұтты. Жартылай финалда ұтылып қалған Бақжан Тұрданғазы мен Асқақ Жомарт қола медалға қол жеткізді. 44 келіде бақ сынаған Айдын Айтмұқан нағыз чемпионға лайық өнер көрсетті. Ол финалда Еркебұлан Нұрғалықты ұтты. 46 келі салмақтағы боксшылардың шайқасы нағыз драмаға толы болды. Екі мықты бұған дейін де бір бірімен кездескен сыралғы қарсыластар. Дияс Берікбай мен Әділбек Қожақан үш раунд бойы шабуылдаумен болды. Бір-бірінің ашық жерін аңдып жүріп, соққы бағыттаудың нағыз шеберлері екен. Екі қарсылас үш раунд бойы бір-біріне толассыз жұдырықтасты. Нәтижесінде Диястың жолы болып, чемпион атанды. Қола медальді Азамат Рамазан мен Ерсұлтан Мұхаметжан өзара бөлісті. 48 келінің алтын жүлдесі Нұралы Балтабайдың қанжығасында кетсе, күміс Ануар Тұяқбайға бұйырды. Қолаға Асыл Абитов пен Ернар Ибрагимов қол созды. 50 келіде өнер көрсеткен Сайлаубай Әсембек пен Әділмырза Максимов алтынды сарапқа салды. Шеберлігі жағынан озық болған Сайлаубек алтынды уысына түсірді. Қолаға қол созғандар Дархан Жаяқов пен Азамат Атеев. 54 келіде жұдырықтасқан Дәулеткерей Қуаныш алтынды қарсыласына ұстатпады. Соңғы раундтта сыр берген Еркебұлан Қырғызбай күмісті мойына тақты. Қола Нұрдаулет Шиырбай мен Санжар Қамбарбековтың қоржынына түсті. 57 келіде Ерасыл Білімбекке ешкім төтеп бере алмады. Ол финалда Владимир Гердті тас-талқан етіп ұтты. Құрманғазы Серікбаев пен Арман Оңғарбай қола тұғырдан қол бұлғады. 60 келіде қолғап түйістірген Аймұрат Ерғазыұлы қарсыласы Дулат Қасымды бет қаратпай жеңді. Азамат Дұрыскелді мен Азат Сарқұловқа бұйырғаны қола медаль. 63 келінің алтынын Ким Роман еншіледі. Шешуші сәтте Жантемір Жақсылықты жеңді. Мұхамедәлі Айдығали мен Бейбарыс Даниярұлы қоланы қанағат тұтты. 66 келіде Бекжан Тілепалдының бағы жанды. Ол Елкелді Жұмағалиды жолынан ығыстырды. Балғынбек Қуанышұлы мен Асхат Талапбеков те құралақан қайтпады. Алтынға бір табан қалғанда сүрінген екі боксшы қола жүлдені уысына қысты. 70 келіде өнер көрсеткендердің ішінен ең үздік шыққан Жәнібек Тұрсын болды. Финалда Рауан Раульді жеңіп жарыстың жеңімпазы атанды.Темірлан Сағынай мен Талғар Смағұл қолаға қол созды. 75 келіде Арман Қата қарсылас шақ келтірмеді. Али Талғат қанша тырысқанымен Арманға шамасы жетпеді. Дәулет Орынбасар мен Жігер Мұндаев үшінші орынға жайғасты. 80 келінің алтыны Жігер Нұрмұхаметовтың мойына тағылса, күмісті Иван Кананенкоға табыстады. Бернар Мұратбек қоланы қомсынбады. 80+келіде Дәулет Даниярды ешкім ұта алмады. Салмағы жағынан да, шеберлігі жағынан да мықтылығын көрсеткен Дәулет, турнирдің чемпионы атанды. Абырой Нұрлыбекұлы күміс тұғырға табан тіресе, Джапил Шарпудиев пен Мирас Тасболат қола жүлдеден ары аса алмады. Жеңімпаздар медаль, диплом және қаржылай сыйлықпен марапатталды.

Мерей ЖҰМАТАЕВА,
Жетісу облысы