ЖЕТІСУДАҒЫ "ҚАЙНАР - АКБ" ЗАУЫТЫ ТӨҢІРЕГІНДЕ ТАҒЫ ДА ДАУ ШЫҚТЫ

Уақыты: 24.02.2023
Оқылды: 1388
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

 Осыған дейін Жетісу облысындағы 1300 жұмысшысы бар ең ірі кәсіпорын төңірегінде дау шыққанын хабарлағанбыз.

Шулы мәселеге байланысты Талдықорғандағы аккумулятор өндіретін "Қайнар - АКБ" зауытында брифинг өтті. 

Жиынға зауыттың жауапты қызметтегі адамдары, заңгерлер мен журналистерді қамтыған бір топ азамат  қатысты.

«Қайнар-АКБ» ЖШС бас директорының орынбасары, экономикалық қауіпсіздік қызметі басшысы Шарханбек Іңкәрбеков зауыттың бұрынғы басшылары тарапынан кәсіпорынға "шабуыл" жасалып отырғанын айтады. Соның салдарынан өндіріс өнімділігі төмендеп бара жатқанын да жеткізді. 

— Соттың заңсыз  шешімі салдарынан кәсіпорын үлкен шығынға ұшырағалы тұр. Себебі, қаламыздағы дайын тауарымызды тасымалдап келе жатқан темір жолға қатысты мекемеміз әділетсіз сот шешімі салдарынан жекенің қолына өтпекші, ал бұндай жағдайда зауыт үлкен шығынға батады. Мұның ақыры жұмысшылардың жалақысының азаюына әкелуі мүмкін, —  дейді  Шарханбек Іңкәрбеков. 

Ал зауыт заңгерлері қазіргі басшылықтың ешқандай заң бұзбағанын, барлық жұмыстың тек заң шеңберінде жүріп жатқанын айтады.

Экономикалық қауіпсіздік қызметі басшысының айтуынша, тауар тасымалдауда маңызды мекемені кәсіпорын кезінде шамамен 400 миллион теңгенің үстіндегі қаражатқа сатып алған. Кейіннен "Қайнар - АКБ"  өндіріс орнының бұрынғы жетекшілері аталған мекемені өзара өз бағасынан 7 есеге төмен қаржыға саудалаған.

Осыдан кейін кәсіпорынның қазіргі басшылары аталған мәселеге байланысты құзырлы органдарға шағымданып, қылмыстық іс те қозғалған. Нәтижесінде мекемені  өз иеліктеріне қайтарып алады. 

Алайда дау мұнымен бітпегенге ұқсайды. Брифингте белгілі болғандай, соңғы уақытта тартысқа түскен "мекеме дауы" қайта көтеріліп, сот шешімдері оның жекеге берілуін негіздеген. 

Еске сала кетейік, тақырыпта "ТАҒЫ ДА ДАУ ШЫҚТЫ" дейтініміз, өткен жылдың 27 сәуірінде «Қайнар-АКБ» ЖШС басы дауға қалған.

Оған себеп, 2022 жылғы сәуірдің 24-індегі Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің серіктестікке қатысты жоспардан тыс салықтық тексеру жүргізуге ұйғарым шығару туралы алдын ала шешімі еді. (№МКД-05-02-11/7659 — ред.)

Сол шешімінде департамент кәсіпорынға: «Алаяқтық жолмен мемлекет қаржысын жымқырды» деген негізде іс қозғаған. Бұл туралы сол кезде БАҚ құралдары да елді хабардар еткен.  

Осылайша, тағы да әділетсіздікке тап болғанын айтқан ұжым өкілдері арнайы журналистер мен заңгерлердің басын қосып брифинг өткізді. Басшылық бұл ретте де соттың әділетсіз шешім шығарып отырғанын жеткізді. Соның салдарынан  іргетасын 1975 жылдары қалаған ірі өндіріс ошағының келешегіне нұқсан келуі мүмкін екенін алға тартты. 

Бір қызығы, жиынға аталған мәселедегі екінші тараптан ешбір адам қатыспады. Тіпті жергілікті әкімдік те бұл мәселеге назар аудармаған ұқсайды. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі өңірге сапарлары барысында арнайы аралайтын, Ақордадан облысқа келген шенділердің көбі соқпай кетпейтін ірі кәсіпорын тағдыры ешкімді алаңдатпағаны ма? 

Бәрінен де маңыздысы, мыңнан асатын қарапайым жұмысшылардың тағдырына кім жауап береді деген сұрақ тұрады. Әр бір Жетісулықтың көкірегінде. 

Редакцядан: "JETISỲ" газеті сайты аталған даулы мәселеге қатысты алдағы уақытта зерттеу материалын ұсынады. Әрі осы аралықта еркін пікір алаңы ретінде екінші тараптың пікірін де беруге дайын. 

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"