ҚАҢҒЫҒАН ИТ ҚАЗЫНА МА?

Уақыты: 18.03.2023
Оқылды: 1344
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Дана халықымыз: «Ит – жеті қазынаның бірі», – дейді. Бірақ, бұл тәмсіл бүгінгі күнге сай келмейтіндей. Өкінішке қарай соңғы кездері еліміздің әр өңірінде қаңғыбас иттерден таланған балалардың зардап шегуі жиілеп барады. Ал аймағымызда қанша иесіз иттің бары белгісіз. Бір ақиқаты, өңірімізде небәрі 2 айдың өзінде жүзден астам арыз-шағым түскен. Осыған орай біз облысымызда қаңғыбас иттермен қалай күрес жүріп жатқанын, алдағы атқарылатын жұмыстарды жазуды жөн көрдік. 

«Жабайы иттер балаларды талап тастапты» дегенді жаңалықтардан жиі естігеннен жүрегім ауырып, бұрын атып тастаушы еді, осы заңды неге өзгертті екен деп үйдегілерге айтып отыр едім, ағам: «Өзгерткені де дұрыс болды» деді. Ағамның осы сөзіне таңырқап, неге олай айтқанын сұрадым. Ол: «Баяғыда ит ататындар келді дегенде байлаулы тұрған төбет былай тұрсын, кішкентай кәндекке дейін үйшікке тығатынбыз. Өйткені ауыл-ауылды аралап жүргендер қашадан басын қылтитқан ит көрсе болды, иесі бар-жоғына қарамай заң бар деп атып тастайтын. Бала күнімізде мергендердің қаруына ілініп, көлікте басы салбыраған иттерімізді көріп «Ақтөс», «Мойнақ» деп талай аңырап арттарынан жылап жүгіргенбіз. Тексеруге келгендер жылағаныңа қарай ма, көліктің артына өлген иттерді толтырып тиеп кететін», – деді.

Иә, ауылда көше кезсе де иттердің көбісінің иесі бары, олардың адамға жайшылықта шаппайтыны белгілі. Бірақ, оқушыларды қапқан қаладағы тастанды төбеттерді қайда жібереміз?! Сондықтан, ит асырасақ күшіктерін далаға емес, керек болмаса арнайы мамандарға тапсыруымыз керек. Себебі, көше кезген жабайы ит қашан да қауіпті. Қалай десек те, қазір заман басқа. Әлем бойынша жануарларды қорғау туралы заң бар. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі әзірлеген «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңға итті атуға болмайды деген қол қойылды. Қоқыс жәшігін торуылдаған итті атсаңыз да, аттырсаңыз да, заң алдында жауап беріп, айыппұл арқалайсыз.

Бүгінде жабайы ит көрсеңіз, мамандарға шағым жасайсыз. Олар бұралқы итті арнайы құрылғымен аулап, уақытша ұстау изоляторына алып барады. Төрт күн уақыт өткеннен кейін ветеринариялық мамандар клиникалық тексерістен өткізеді. Еркек итті кастрациялайды. Ауру таратпас үшін зарарсыздандырып, вакцина салады. Содан кейін ғана иесіне қайтарылады. Иесі болмаса еркек иттер 8 күн, ұрғашы иттер 15 күн қаралып, агрессивті болмаса мекендеп жүрген ортасына жіберіледі немесе асырап алуға ниет білдірушілерге және зооқорғаушыларға беріледі.

Өйткені қараусыз ит – құтырма, лептоспироз, токсоплазмоз, дифиллоботриоз сынды түрлі аурудың қоздырушысы. Қауып алса, арты құтырма ауруына әкеліп соғуы бек мүмкін. Бірақ, зарарсыздандыру жануарлардың толық таза болуына кепілдік бермейді.

Сонымен қатар, кемінде үш адамға зиянын тигізген иттерге ҚР заңнамасында тыйым салынбаған препараттарды қолдануға болады екен. Ол үшін екі куәгер немесе бейне дәлел болуы қажет. Бір рет адамды талаған ит, екінші рет те шабуылдайды. Сондықтан, бір итке үш адамды талатпай бұл препаратты адам қауіпті деген кезде қолдануы керек шығар. Ал көше аралап жүрген қаңғыбас иттерді аулап, зарарсыздандыруға жұртшылық та толық келіседі. заңды қолдаушылар да, қарсы болғандар да бар.

, жылдан-жылға иттің адамға шабуылы көбеймесе, азаяр емес. Жалпы, облыс бойынша жыл басынан бері 840 ит, 42 мысық ауланған. Оның ішінде 139 ит пен 6 мысық иелеріне қайтарылған. Тұрғындардан адамдарды қапты деген 115 шағым түскен. Оның жартысы иесіз бұралқы ит болып шыққан. Осы бойынша құқық қорғау саласы 26-сына айыппұл салған. Облыс мамандары бұралқы иттерге қарсы күрес 5 бағдарлама бойынша тұрақты жүріп жатқанын айтады. Оған бөлінген қаржы да жеткілікті.

Мәселен, аулау және ұстау, жансыздандыру үшін 51 млн. теңге, уақытша ұстау орындарында қамтамасыз ету, операциядан кейінгі күтімі мен тамағына 70 млн. теңгеге жуық, ит-мысықтарды бірдейлендіру, чиптау, паспорттауға 12 млн.-нан астам қаржы бөлінген. Иттерді бірдейлендіру заңы қыркүйек айының 1-інен бастап күшіне енеді. Ал вакцинация, стирилизация, кострацияға 35 млн.-нан астам қаражат қарастырылған. 

Алғашында бұл не деген қыруар ақша деп үрке қарағанымыз рас. Бірақ, басқа облыстарда бұдан да көп қаржы бөлінеді. Мұның барлығы адамның қауіпсіздігі үшін істеліп жатқан шаруа. Десе де, көше жағалаған, қоқыс жәшігін паналаған қаңғыбас иттерге байланысты қала тұрғындарынан түсетін шағым жетерлік. Әсіресе, «қалалық өңірден шағым көп түседі»  дейді мамандар.

Көк жәшікті ашып қалсаң иттен зардап шекті, ит талап өлтіріпті деген жаңалықтар көбейіп кетті. Жеңіл-желпі жарақатпен шектелсе бірсәрі. Мүгедек арбасына таңылып, көз жұмып жатқандар да бар. Ең сорақысы бұралқы төбетке таланғандардың  дені балалар. Әрине, жануарларды қорғағанымыз дұрыс. Бірақ, аш жүрген бұралқы иттің адам таламайтынына кім кепіл?!

Бүгінгі бала – елдің ертеңгі тірегі, үкілеген үміті. Сондықтан өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі, денінің саулығы аса маңызды. Жануарларды қорғаймыз деп адам қауіпсіздігін ұмытпайық. Ата-аналар да балаларын көпшілік жүретін көшелермен жүргізсе екен дейміз. 

Азық іздеп, қоқыс жәшігін паналаған, қаңғып көше жағалаған иттерді көргенде «ей, ит өмір-ай» деп талай жаным ашып еді. Сөйтсем, қаңғыған иттің өзі адамнан жақсы өмір сүреді екен ғой.  Ит пен мысықтарды атпағанымыз дұрыс шығар. Бірақ, иесіз иттермен күресті мықтап қолға алу керек. Әйтпесе, ит құрлы қадіріміз қалмай бара жатыр...

Айдар ҚАЛИЕВ