БЮДЖЕТ ҚАРАЖАТЫ ҚАЙТА БӨЛІНДІ

Уақыты: 29.03.2024
Оқылды: 331
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыстық әкімдікте аймақ басшысының орынбасары Марлен Көлбаевтың қатысуымен мәслихаттың кезекті XV сессиясы өтті. 


Келелі жиында облыстық мәслихаттың 2023 жылғы 15 желтоқсандағы № 11-64 «Жетісу облысының 2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу,  «Дені сау ұлт» ұлттық жобасының қорытындысы, облыстық мәслихатының 2023 жылғы 17 қаңтардағы № 15-46 «Жетісу облыстық мәслихатының депутаттарын сайлау жөніндегі округтік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы» шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі талқыланды.   
Алғашқы мәселе бойынша облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Рауан Дауталинов 2023 жылдың қорытындысы бойынша жыл соңына қалыптасқан бюджет қаражатының бос қалдықтарының 9,8 млрд. теңгесі бөлуге жататынын айтты. 

– Талдықорған қаласы автожолдарының қауіпті жерлеріне бағдаршам нысандарын орнатуға 61,6 млн. теңге бөлу жоспарлануда. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Алакөл ауданы Достық ауылында және Панфилов ауданы Жаркент қаласында 2 мектептің инженерлік-коммуникациялық желілерінің құрылысын бастауға жергілікті бюджеттен 700 млн. теңге бағытталады, – деген Рауан Аманұлы 12 функционалдық топ бойынша бөлінеді деп жоспарланған қаржы сомасын баяндады.

Екінші мәселе бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансеңгіров ұлттық жоба бойынша атқарылған жұмыстар мен нәтижелерін баяндады.

– Ұлттық жобаны әзірлеудің мақсаты – әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз ету. Ұлттық жоба шеңберінде құрған жоспар бойынша көптеген шаруа атқарылды. Атап айтсақ, «Балаларды 1 жасқа дейін проактивті бақылаумен және скринингтермен қамтуды ұлғайту» бойынша 76 пайызға жеткізу жоспарланған еді.  Бүгінде жоспар 90,1% жетіп, артығымен орындалды. «Мүмкіндігі шектеулі балаларды медициналық оңалтумен қамтуды ұлғайту»,  «Саламатты өмір салтын ұстанатын Қазақстан азаматтарының үлесін арттыру» сынды мақсат толығымен қамтылды, – деді ол. 
Бірақ,  басқарма басшысы ана мен бала өлімі азаймай тұрғанын айтып, бұл мәселенің алдын алу басты назарда тұрғанын жеткізді.

Үшінші мәселе бойынша «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңына және облыстық аумақтық сайлау комиссиясының қаулылары негізінде Талдықорған қаласында орналасқан № 12, Панфилов ауданында орналасқан № 8, 9, 10 облыстық мәслихатының депутаттарын сайлау жөніндегі округтік сайлау комиссияларының мүшелері өздерінің жеке өтініштеріне байланысты ауысып отырғаны айтылды.

Жиын соңында Марлен Қапашұлы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла жұмыс істеп жүрген халық қалаулыларына алғыс білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.

Фото: newizv.ru