ТҮЛЕКТЕР АУЫЗАШАР БЕРДІ

Уақыты: 31.03.2024
Оқылды: 335
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мұсылман күнтізбесінде Рамазан имандылық айы болып есептеледі. Бұл айда қайырымдылық іс-шараларының қатары да арта түседі.


Осындай қайырымдылық шаралары Қоянкөз ауылында да ұйымдастырылды. 1963 жылы дүниеге келген мектеп түлектері қасиетті жұма күндері туған ауылында ауызашар берді. Оны ұйымдастыруға қазіргі кезде ауылда тұрып жатқан Қайрат Үсенбеков, Қайрат Шойынбеков,  Қанат Төлегенов, Мұратхан Карбозов, Жұмабек Сәпенов ұйытқы болды.

Сауапты шара алдында бас қосқан түлектер ең алдымен осы күнге дейін өмірден өткен сыныптастарын еске алып, Құран бағыштады. 

Келесі өткізілген ауызашарда 1976 жылы туған түлектер ауылдың ораза ұстаған үлкен-кішісіне ақ дастарқан жайып, аз қамтылған жанұяларға қайырымдылық шараларын өткізді. Түлектердің ішінде дзюдодан Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы, самбодан әлем чемпионатының қола жүлдегері, екі дүркін Азия чемпионы, жастар арасындағы әлем чемпионы Берік Жетпісбаев та болды. Еліміздің Әнұранын әлденеше рет асқақтатып, Қоянкөздің атын төрткүл дүниеге танытқан Беріктің адамгершілік қасиетіне ауылдастары қашанда риза.

Ауызашар кешінде келместің кемесіне мініп кеткен алты бірдей досына Құран бағышталды. Осы кеште ауыл имамы Мұқай Қадірәлі уағыз айтып, былтырғы ораза кезінде де ауызашар берген түлектерге шексіз алғысын білдірді. Түлектердің алғашқы ұстазы Зейнекүл апай мен мектеп бітіргендегі сынып жетекшісі Кенжетай апайлары, түлектердің атынан сөз алған Гүлзира Ескелдинова алыс қалған қымбат шақтарды еске алып, ақ тілектерін атқарды. Осы іс-шараның ұйымдастырушысы болып жүрген Серік Ізбасаровқа Айқан апайларының айтқан алғысының куәсі болдық.

 Иә, ауыл – алтын бесік. Өнегелі қариясы бар ауылда тәрбиелі жас көбейеді дегендей, қоянкөздік түлектердің өнегелі істеріне береке берсін деп тіледік. 

Е. Ескелдинов
Кербұлақ ауданы