ЖАЛҒАН АҚПАРАТ. ТЕҢІЗГЕ МҰНАЙ ТӨГІЛГЕН ЖОҚ

Уақыты: 03.04.2024
Оқылды: 326
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қашаған кен орнын барлайтын North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясы "Каспий теңізінде мұнай төгілген" деген ақпаратты жоққа шығарды деп хабарлайды,- 7su.kz желілік баслымы Azattyq радиосына сілтеме жасап. 


Компания теңіздегі нысандары әдеттегі режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

NCOC консорциумының мәліметінше, 2024 жылғы 30 наурызда SENTINEL-1A және 2024 жылғы 2 сәуірде TerraSAR-X спутнигінен түсірілген суреттерде Каспийдің солтүстік аумағында, оның ішінде Қашаған кен орнындағы D аралынан солтүстікке қарай орналасқан шағын аймақта табиғи құбылыс байқалған. Келесі күндері түсірілген суреттерде мұндай құбылыс көрінбегенін айтты.

Компания D аралы маңындағы алаң тексерілді, мұнай төгілгенін не ағып кеткенін растайтын белгілер анықталмады деді.

Бұған дейін "Глобус" экологиялық-құқықтық бастама орталығы ғарыш мониторингі мәліметтеріне сүйеніп, Қашаған кен орнында мұнай төгілген деп мәлімдеген. Орталық директоры Галина Чернова Facebook-тегі парақшасында шамамен 7 шаршы шақырымға жайылған мұнай Каспий теңізінің солтүстігіне қарай жылжып бара жатыр деп жазды.