АЛТЫН КӨМБЕНІҢ ҮСТІНДЕ АЛТЫНСЫЗ ОТЫРАМЫЗ БА?

Уақыты: 11.04.2024
Оқылды: 325
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

– Алтын қазып жатыр.
– Кімдер?
– Ойбай, белгісіз біреулер. Басшысы өзін Удот деп таныстырды. Қазба жұмысын жүргізуге ауыл тұрғындарынан көмек сұрайды.
– Шахтаға кіруге рұқсаты бар ма екен? Қандай көмек сонда?
– Тұратын үй, техника жағынан жәрдемдессеңіздер дейді. Ақсу ауданына қарасты Баласаз ауылындағы осы әңгіме үш-төрт жыл бұрын шағын елді мекенді елең еткізді. Жер байлығын еншілеуге келгендер баласаздықтардан тұратын үй, техника сұрапты. Ауыл халқы қалталыларға баспана жағынан көмектескен. Олар тау баурайындағы ауылда жата-жастана жатып, алтынды белшеден қазған. Бір қызығы, ауданның бірде-бір атқамінері иегінің астындағы жағдайды көрмеген. Әлде көрмеуге тырысқан ба?

Мәселені анықтау барысында ауылдың биліктегілерге жақын жүретін бір белсенді азаматы: «Бұлар жоғары жақтың звондауымен келеді ғой. Әкімдер қарсы тұра алмайды» деген сөзді айтып қалды. Айтып қалды да көзі атыздай болды. «Ауызға келген түкірік, қайта жұтсаң мәкүрік» деген. Айтпаса сөздің атасы өледі. Ел мен жерді қорғай алмайтын әкімқаралардан не қайыр? Жерді жөнсіз қопарып, жер байлығын тасығандарға налыған елдің азаматтары Суықсай ауылында аудан әкімінің қатысуымен өткен жиында биліктегілерге өз реніштерін жеткізген. «Атамекеннің тау баурайларын бәзбіреулердің қопарып, байлығын қазып алып кетіп жатқанына тоқтау болса» деп наразылықтарын білдірген. Бірақ, бұрынғы аудан әкімі, аудан прокуроры сөзге құлақ аспапты. Жиынға қатысқан басшылар олардың алтын қазуға рұқсаты бар екендігін айтқан. Тоқтау сала алмайтындарын жеткізіп, ауыл халқының бетін қайтарып тастапты.

Баласаз ауылындағы «Көксай» шаруа қожалығының иесі Талғат Жанғазинов осыдан екі жыл бұрын алтын қазушылардың шаруа қожалығына қатысты жерді әй-шәй жоқ қопара бастағанын айтады. «Маған қарасты жерде сай бар еді. Бұл қашан, қалай пайда болған шұңқыр деп ойлайтынмын. Содан әлгі жерді малдың өлексесін тастайтын орынға айналдырып алдым. Сөйтсем бұл жерде бұрын да алтын қазылған сияқты. Арнайы аппараттары бар бағалы темір іздеушілер сол жерге барғанда алтынның барын білді. Бір топ адам сол маңда қазба жұмысын бастап кетті. Бізді ол жерге жақындатпай қойды. Экскаватормен қазып, бағалы тасты бірден жуып-шайып, керектерін алып жатты. Шілде айынан бастап жерді күз түскенше әбден қопарды. Ойран-топыры шыққан жер сол күйі жабылмай қалды»,– дейді. «Ескі мәлі», «Қосбаз» деген жерді түгел тінтіп шыққан алтын іздеушілер үш ай күндіз-түні тынымсыз жұмыс жасаған соң күз түсіп, жер қатқанда бір түнде табандарын жалтыратқан. Алтын іздеушілер Қапал, Суықсай ауылдарының маңын да қазып жүрген көрінеді.

Ауыл азаматтарының айтуынша, тағы бір алтын іздеуші топ «Тұрсын төре» шахтасын қазған. Кеңес одағы кезінде «Тұрсын төре алтын шахтасы» атанған бұл жерде қазба жұмысы жүргізілген. Қызығын Ресей көрген сияқты. Ескі көздердің айтуынша, қазба жұмысымен «Алтай золото» мекемесі айналысқан. Өз басым сол «Тұрсын төре» алтын шахтасын бірнеше рет барып көрдім. Ішінен тастай су ағып шығып жатады. Шахтаның аузына жақындап, ішіне қарай аяқ бассаң бойыңды үрей билейді. Жүрекжұтқан адам болмаса, ары қарай аттай алмайсың. Бұл – алтынның иесі барын немесе құнды тасты иемденудің соңы қайғыға апарып соғатынынан хабар беретіндей. Әлде алтынның қуаты санаңды сансырата ма екен?! Қазақта: «Алтын жатқан жерде қар тұрмайды» деген тәмсіл бар. Бұл да алтынның қуат-күшін байқататындай. Алтынның буы адамның өзін «еліртіп-есіртіп» жібереді емес пе?! «Тұрсын төре» жайлауының артықшылығын айтатындар бұл тауда қар тұрмайтынын, мал қыстан жайылыммен шығатынын жеткізді. Ауыл азаматтарының айтуынша, шахтаның ішімен жүре берсең Шыбынтай деген жайлаудан бір-ақ шығатын көрінеді.

Мұндағы «Солдат сай» деген жер де тарихи орын. Ол маңда қазір де шегарашылардың бекеті бар. Бұл 1930 жылы жан сауғалаған қазақтардың Қытай жеріне асқан асуы. Баласаздан тау бөктері арқылы «Демікпенің асуына» жеткен адам Қытайға өткен. Сол «Демікпенің асуында» шегара отрядының басшысы Курносов жат елге барып, аман қалуға әрекет еткен қандастарымызды қырып тастап отырған. Баласаз дәулетті адамдардың мекені болған. Мұны айтып отырғаным, тарихы тереңде жатқан, қойнауы құт мекенді қадірлей алмай отырғанымыз қынжылтады. Өркениетті елдер мұндай жерін мемлекет қорғауына алып, ұрпақтан ұрпаққа аманаттап отыратын еді.

Алтын қазушылардың жердің астан-кестеңін шығарып кеткендігі жайлы ақпарат тарағалы да біраз уақыт болды. Содан бері ел байлығын қорғау барысында қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны жайлы аудан әкімінің орынбасары Амандос Сабырбаевтан сұрап білген едік. «Бөгде біреулердің алтын іздегендігі жайлы кеш білдік. Шаруа қожалық иелері уақытында шағым түсірген жоқ. Олардың шағымынсыз біз ештеңе істей алмаймыз. Жер жекеменшіктің иелігінде. Бүгінде қазба жұмысын жүргізгендерге байланысты тергеутексеру жүріп жатыр. Тағы бір алтын іздеуге лицензиясы бар серіктестік қазба жұмысымен шұғылдануға рұқсат сұрауда. Жер иелері рұқсат берсе ғана зерттеуді бастамақшы», – деп жауап берді.

Соңғы жылдары Баласаздағы шағын мектеп те жабылды. Оның себебін биліктегілер бала санының аздығымен түсіндіреді. Егер жол салынса тұрғындар саны өсетін еді. Қоңырсалқын, малға жайлы жайлауда кім тұрғысы келмейді?! Құтты мекенде мал жақсы өседі. Баласаз ауылының жайылымдық жері 22000 гектарды құрайды. Мұнда бүгінде 10-нан аса шаруа қожалығы бар. Ауыл маңынан емдік шөптердің барлық түрін табуға болады. Қасиетті «Тамшыбұлақ» қысы-жазы тоқтаусыз сарқырап ағып тұр. Көркі көрген жанды тамсандырып, таңдай қақтырады. Шөбі шүйгін. «Тамшыбұлақтың» қасиетін естіген жұрт жан-жақтан барып, салқын суынан дәм татып, қасындағы жалғыз ағашқа ақтық байлайды. Тауларында жартас суреттері бар. Сақ, ғұн, түркі дәуіріне тиесілі қорымдар, тас ғасыры және қола дәуіріне тиесілі тарихи жәдігерлер сақталған. Жерінің асты-үсті байлыққа тұнып тұрған өңірде болашақ жоқ дегенге кім сенеді?! Басқалар қасиетті мекенде жарты жыл жүріп, «алтынға көміліп», табандарын жалтыратып кетіп жатыр. Ал біз сондай жақұт жердің тұрғындарының атамекенінде тұрақтап қалуына жағдай жасай алмай отырмыз.

Мектеп болмаған жерге жас отбасылардың да тұрақтамасы белгілі. «Мектепті жабудың, инфрақұрылым жасамаудың сыры елді көшіріп, жер байлығын басқаға біржолата беруде емес пе екен?!» деген ой келеді. Баласаз тауында обалар бар. Әскери бекіністерінің орны көп. Жау келе жатқанда от жағып белгі беретін қазан тастарды көрдік. Мұндағы ата-бабамыздан қалған мұраның бірі – Тоғызқұмалақ тасы. Үлкен үстелдей тасқа ойылып жасалған тоғызқұмалақ сол кездегі бай-манаптардың салқын самалда қымыз іше отырып, тоғызқұмалақ ойнап, уақытын тиімді өткізгенінің дәлелі. Тоғызқұмалақ тасының қасында тастан қашалған екі орындық бар еді. Соңғы жылдары орындықтар қолды болды.

Баласазда үйдің үлкендігіндей қойтас бар. Оның жан-жағына ұсақ тастар қойылып, компас жасалған. Компас арқылы бағытыңды түзеп, уақытты анықтауға болады. Компастың көлемі 10-15 метрді құрайды. Осының барлығы данышпан халықтың аспанасты байлығын пайдалана білгендігінің дәлелі. Бұл – қазақтың білім, ғылымды бағзы заманнан меңгергенін көрсетеді. Тау баурайы толы алтынды елде алтын шығаратын кәсіпорын жоқ.

Қырғыз, Өзбек, Ресей алтыны дегенді зергерлік дүкендерден талай сатып алып жүрміз. Бірақ, қазақ алтыны дегенді көрмек түгілі естімеппіз. Біздің байлығымыз қай түпсіз тұңғиыққа кетіп жатыр? Сұрақ бар, жауап жоқ. Жаттың «жеміне» айналып жатқанымыз жанды ауыртады. Өзімізде өндірушілер жоқ дейсіз бе?! Бар, бірақ рұқсат берілмейді. «Қызғанғаның қызыл итке» дегенді қазекем осындайда айтқан болар.

Гүлжан ТҰРСЫН
Фото: prodelo.by