ҚАРА ӨЛЕҢМЕН ЗЕР САЛҒАН

Уақыты: 16.04.2024
Оқылды: 236
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Тағдырының таңғажайып тұстарын ғана жыр еткен кез келген ақын өз талантының өтеуін толық бере алмайды. Жан ішіндегі жалғыздығының алдында майдандасқан, қайшыласқан махаббаты мен ғадауатын толық игеріп, сосын барып поэзия қаламын салалы саусаққа қапсырған кешегі буын мөлдір өлең бедерледі. Өмірдің сынағына сынбай, жарық ғаламға жаны құштар болды. Сондай тағдырлы ақынның бірі Қанипа Бұғыбаева еді.


Қара өлеңнің қасиетін қаймықпай арқалаған аяулы ақынның әрбір жыры таңғы шықтай тұп-тұнық. Жаныңды манатқа малады, рухыңды көтеріп, мұңыңды сейілтеді. 

Шын таланттың шырындай жырына құныға бас қойған ойлы оқырман «Жыр-жауһары» поэзиялық сағатына келіп ақынмен дидарласқандай, сырласқандай күйге бөленді. Шайырдың сезім қылын шертетін өлеңдері оқылып, өмірі, азаматтық ұстанымы мен болмысы жайлы естеліктер айтылды. Сөзіне жазылған ән әуеледі.

Ақсу жерінде от жүрегін тулата өмірге келіп, тірлік атты сүрлеу-сүрдекте өзінің ізін айшықты ете білген Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Қанипа Бұғыбаеваға арналған «Құс жолы» атты поэзиялық сағатты Жангелді Немеребай ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы болып ақынның көзін көрген, рухани тұрғыда араласқан белгілі қаламгер Әли Ысқабай сөз алып, қара өлеңнің құдіреті жайлы ой толғады. Ол қазақтың ақын қыздарының ішінде жырымен жауын тұрғызған, теңіз тебіренткен талант хақында естеліктер айтты.

Өз кезегінде белгілі ақын, журналист Нүсіпбай Әбдірахым Қанипа Бұғыбаевамен етене араласқанын, жеңгесінің адами болмысын, өмірге деген іңкәрлігін, отбасына, ошақ-қасына деген аналық мейірін тегіс тебіренісіне тақырып етті. 10-сыныпты төсекте жатып бітіріп, Алланың қалауымен орнынан тұрып, сылтып басса да салмақты ізін айшықтай білген талайлы тағдыр иесінің таланты берген жемісті жырларын күркірей оқыды. Қаламы жүйрік Қанағат Қарашевтың өмірлік жары болған жеңгесі Қанипаның ақындық биігінен өрелі естелік тарқатты.

– Кез келген мамандықты меңгеруге болады. Жылдар бойы жинақтаған тәжірибе арқасында сан салада білгір атанып, майталманы болуға мүмкіндік бар. Десе де бұл заңдылық ақындық жолда жарамсыз. Өйткені жылдар бойы еңбектену арқасында жырыңды түзей алуың мүмкін, алайда нағыз ақын тумысынан талант арқалап келеді. 10-сыныпты бітіріп жоғары оқуға түскен кезіндегі Светқали Нұржан, Бауыржан Үсенов, Бауыржан Жақып, Әбубәкір Қайран сынды үзеңгілес достарым ақын болып арқырап келді. Сол жастың өзінде ойлы, талантты, тағдырлы жырлар жазды. Бұл ретте Қанипа жеңгеміз де тумысынан ақын еді деп анық айта аламын, – деді Нүсіпбай Додабайұлы. 

Шындығында, жетісулық аяулы ақын Қанипа Бұғыбаева талантының өлшемін өлеңі арқылы аңдауға болады. Мөлдір де тұнық, терең сырлы, телегей ойлы жырлары  оқыған адамның мейірін қандырып, шөлін басады. Жетісулық ақындарға арналған «Жыр-жауһар» жобасында сондай өрелі өлеңдер оқылып, әсем ән әуеледі. Поэзия сағаты оқырман көңілін асқақтатқандай елес берді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ