Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖЕРГЕ ҚАТЫСТЫ 65 МЫҢҒА ЖУЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Уақыты: 14.03.2021
Оқылды: 1012
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қазақстанда Жерге орналастырушы, геодезия және картография мамандарының кәсіби мерекесі наурыздың екінші сенбісінде аталып өтеді. Осыған орай «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Әбдірасыл Құлдашовпен арнайы әңгімелесіп, көңілде жүрген сауалдарға жауап алдық.

- Жер - мемлекеттің ерекше қорғауындағы негізгі ұлттық байлық. Сондықтан, бұл салада еңбек ететін мамандарға жүктелетін жауапкершілік жоғары. Мемлекеттік корпорацияда осы кәсіптің қыр-сырын меңгерген мамандардың атқаратын қызметі қандай?

- Көпшілік мемлекеттік корпорацияның жұмысы тек түрлі анықтама мен құжаттарды рәсімдеу және дайын құжатты беру, яғни, халыққа қызмет көрсету орталықтарында азаматтарға қызмет көрсетуден ғана тұрады деп ойлайды. Алайда бұл - қате пікір. Азаматтарға арналған үкімет қызметінің төрт негізгі бағыты бар: азаматтарға фронт-офисте қызмет көрсету, әлеуметтік, жылжымайтын мүлікті тіркеу және жер кадастр блоктары.

Жер қадастры блогының мамандары жер кадастрлық жұмыстарымен айналысып, топырақ құрамын зерттеп, бонитетін анықтайды, сондай-ақ, геоботаникалық сараптама жүргізіп, топырақ картасын жасайды.

Облыс бойынша бұл бағыттағы 20 аудандық және қалалық бөлімде 520-ға жуық адам жұмыс істейді. Жалпы, мемлекеттік корпорация жер кадастры бойынша монополиялық қызметтердің 13-ін және жерге орналастыру жұмыстарының 11 түрін көрсетеді.

Қазіргі уақытта екі немесе одан да көп қызметті бір өтінішпен алуға болатын композиттік қызметтерді қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында бизнес-процестерді мүмкіндігінше цифрландыруды тапсырған болатын. Бүгінде корпорация жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіруде. Осы жайтқа тоқталсаңыз.

- Жер қатынастарына қатысты қызметтерді алу қашанда қиындықтарымен ерекшеленіп келген. Бұл салада көрсетілетін қызметтердің көп бөлігі тек қағаз түрінде ұсынылғандықтан, қызмет алушылар мемлекеттік корпорацияның фронт-офисіне тікелей баруы тиіс еді.

Бүгінгі таңда жер қатынастарына байланысты «Мемлекеттік жер кадастрынан ақпарат беру», «Жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын анықтау», «МЖК ААЖ графикалық дерегімен жобаланып отырған жер учаскесін келісу», «Жер учаскесіне актілер дайындау және беру», «Жер учаскесінің сапалық жағдайы туралы ақпарат беру» сияқты мемлекеттік қызметтерін egov.kz электронды үкімет порталы арқылы онлайн алуға болады. Басты талап – электрондық цифрлық қолтаңбаның болуы.

- Жер қатынастары саласындағы қызметтердің көрсетілу мерзімі қаншалықты қысқарды?

- Цифрлық технологиялар дәуірінде тұрғылықты жерге байланып, қызметтің нәтижесін бірнеше күн, тіпті бірнеше апта күту, әрине, орынсыз. Сондықтан  жер қатынастары саласында ең көп сұранысқа ие қызметтердің көрсетілу мерзімін қайта қарастырып, барынша азайтылды.

Мәселен, егер бұрын "Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің графикалық мәліметтерімен жобаланатын жер учаскесін келісу» мерзімі 15 күнтізбелік күн болса, қазір ол 7 жұмыс күніне дейін, ал жеке сәйкестендіру құжатын дайындау уақыты 6 жұмыс күнінен 4 күнге дейін қысқарды. Мемлекеттік жер кадастрынан ақпарат беру мерзімі 3 жұмыс күнінен 15 минутқа дейін қысқарды.

- «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына сәйкес елімізде 2021 жылы «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» жаңа ақпараттық  жүйесі пайда болуы тиіс, осы жүйе туралы толығырақ айтып берсеңіз.

- Қазіргі уақытта Қазақстанда жер және жылжымайтын мүлік саласында екі база бар. Олар «Мемлекеттік жер кадастры» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі мен «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік деректер қоры. Екі бөлек база болғанымен, ондағы ақпараттар бір бірін жиі қайталайды. Сондықтан, жер, құқықтық және табиғи ресурстарды қоса алғанда, барлық салалық деректер базалары мен кадастрларды қамтитын «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік  кадастры» жүйесін  құру, бірінші кезекте, ақпараттардың қайталануын және оның қарама-қайшылығын  болдырмауға мүмкіндік береді.

Екіншіден, жаңа ақпараттық жүйе қолданыстағы үдерістердің ашықтығын қамтамасыз етеді.

Үшіншіден, ЖМБМК жылжымайтын мүлікті және жер учаскелерін рәсімдеумен байланысты бизнес-үдерісті оңтайландырады. Жалпы, жобаның көптеген артықшылықтары бар. Оны іске қосқан соң жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу және есепке алу саласындағы мәліметтерді автоматты түрде іріктеуден, өндеуден, өзектілендіруден, сақтаудан және талдаудан, базалық және өңірлік деңгейдегі жер кадастрынан жылжымайтын мүлік объектілеріне құқықтарды бірыңғай автоматтандырылған есепке алуды жүргізгенге дейін жұмыстары жеңілдемек.

- «Азаматтарға арналған үкімет» өзін мемлекеттік қызметтерді оңтайландыруда жаңашылдықтың жаршысы ретінде танытты. Алдағы уақытта қандай жаңалықтармен қуантпақшысыздар?

- Өткен жылдың қараша айынан бастап жылжымайтын мүліктің техникалық паспортын ХҚО-ға бармай-ақ, онлайн алуға мүмкіндік жасалды. Құжатты дайындау мерзімі жылжымайтын мүлік түріне байланысты, яғни, техникалық тексеру қорытындысы бойынша пәтердің, жатақханалардағы бөлменің техпаспорты үш жұмыс күні, жеке гараждар мен саяжай құрылыстарына бес жұмыс күні өткен соң беріледі.

Пәтер, жатақхана бөлмесі, жеке гараждар мен саяжай құрылыстарына рәсімделетін электронды техпаспорт ХҚО-да қолтаңбамен расталып, мөр басылып берілетін құжаттағыдай бірдей деректерді қамтиды. Техпаспорттың электронды баламасы мемлекеттік қызметтерді көрсетуге тартылған қызметкерлердің электрондық-цифрлық қолтаңбасымен расталатын болды. Сонымен қатар, елімізде алғаш рет  мемлекет меншігіндегі жер учаскесін беру және оны сауда-саттық аукционы бойынша саудалау немесе жалға беру құқығы қызметтері аясында жер учаскесі онлайн сатылды.

Сынақ ретінде іске қосылған жоба аясында электронды үкімет порталы мен бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры, жергілікті атқарушы органның геопорталы және электронды сауда алаңының ақпараттық базалары өзара ықпалдастырылған болатын.

Жер қатынастары және сәулет саласындағы жүргізілетін жұмыстарды цифрландыру аясында аталған пилоттық жоба әзірге Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау қалаларында да жүргізілуде.

Осы ретте айта кету керек, кәсіби мереке қарсаңында филиал бойынша 35 қызметкер «Құрметті жерге орналастырушы» төсбелгілерімен, «Кәсіподақ қызметінің дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен, Кәсіподақтың құрмет грамотасымен, сондай-ақ, мемлекеттік корпорация төрағасының алғыс хаттарымен марапатталды.

- Сұхбатыңызға рахмет!

ӨЗ ТІЛШІМІЗ