2001 ЖЫЛҒЫ ТҮЛЕКТЕР ОЙЫН АЛАҢЫН СЫЙЛАДЫ

Уақыты: 09.06.2021
Оқылды: 1645
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Райымбек ауданындағы Сарыжаз ауылының орталығында Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай балаларға арналған ойын алаңы сәтімен ашылды. Осынау тамаша базарлықты «Қаракет» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Сарыжаз орта мектебінің 2001 жылғы түлектері сыйға тартты.


Өткен жылы ауылдағы 140 орынды балабақшасының ескі ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілген. Енді, міне, балалар бір уақыт ойнап, демалатын ойын алаңы игілікке айналды. 

Тұрғындар қуанышы, балалар жақсылығына Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Сәлімұлы қатысып, жиналған көпшілікті құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Алдағы уақытта осы ойын алаңының бас жағындағы бос орынға спорт кешені салынып, саябақ жасалатынын, оның жоба-жоспарының жасалғанын айтып, көпшілікті қуантып тастады. Ауылдың қазыналы қарты, ауданның Құрметті азаматы Қонысбай Рамазанов ақ батасын берді. Ауылдан құрылған «Қаракет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еркебұлан Нүсіпбайұлы сөз алып, балалар ойын алаңы үшін алғашқы болып жап-жақсы қаражат беріп, қолдау көрсеткен Сарыжаз орта мектебін бітіргендеріне 20 жыл болған түлектерінің атына жылы лебізін білдірді. Сарыжаз ауылдық округінің әкімі Медет Азанбаев осынау балалар үшін жасалған игілікке негіз қалаған «Қаракет» қоғамдық бірлестігіне, мектептің 2001 жылғы түлектеріне ауыл тұрғындарының атынан жүрекжарды алғысын айтып, бір топ азаматты Алғыс хатпен марапаттады. 2001 жылғы түлектер атынан Ғалымжан Мырқасымов сөз алып, туған жері үшін қолдан келгенше шарапаттарын тигізе беретіндерін алға тартты. 

Осы күні ойын алаңы балаларға толып, шашу шашылып, ел-жұрт өзгеше қуанышты күйге бөленді. Балапандар қуанышы ұзағынан сүйіндіре берсін!

Қанат БІРЖАНСАЛ